Былтырғы елдің қоғамдық-саяси өміріндегі алуан түрлі оқиғалар мемлекет дамуының жаңа бағыт, жаңа арнаға қарай бет түзуіне себеп болды. Қаңтардағы қатерлі күндер енді бәрін бұрынғыдай қалдыруға болмайтынын айғақтады. Әсіресе, саяси жүйеде түбегейлі бетбұрыс жасау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Президент дәл бір жыл бұрын «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында саяси жүйе мен елдің әкімшілік-аумақтық құрылымына ауқымды өзгеріс енгізудің кезекті пакетін ұсынды. Арада өткен бір жыл ішінде бұл өзгерістерді әрбір қазақстандық сезіне алды.Жаңаның басы
Мемлекет басшысының былтыр наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында саяси жүйе мен мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылысындағы ауқымды өзгерістер енгізудің алгоритмін және олар мән-маңызын тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп берді. Бұл өзгерістердің алғышарты ретінде еліміздің басты құқықтық құжаты Конституцияға түзетулер енгізуді атауға болады. Ата Заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар жалпыхалықтық референдумда қазақстандықтардың талқысына салынды. 5 маусымда 8 миллионға жуық отандасымыз мемлекет үшін тағдыршешті таңдауын жасады. Олардың 77 пайыздан астамы Конституцияға енгізілген түзетулерді қолдаған. Осылайша, Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілді. 2022 жылдың соңына дейін Парламентте 20-дан астам заң қабылданды.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдумнан кейін қабылданған бірқатар маңызды заңға Президент 2022 жылдың 5 қарашасында жария түрде қол қойды.Ықпалды Парламент – дамудың алғышарты
Өз кезегінде Президент қолға алған саяси реформаларды кезең-кезеңімен табысты жүзеге асыруды «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты аясында қолға алуды ұсынды. Бұл қағидат заң шығарушы орган ретіндегі Парламенттің рөлін одан әрі нығайта түсері анық. Заң шығарушы органның ықпалын арттыруды Мемлекет басшысы Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып қолға алуды дұрыс деп тапты. Сондықтан жоғары палатаның барынша дербестігіне ден қойып, Президенттің Сенаттағы квотасын 15 депутаттан 10 депутатқа дейін азайтты. Мұндағы 5 сенатордың кандидатурасын Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Бұған дейін Ассамблеяның Мәжіліс депутаттарын ұсынуда арнайы квотасы болған. Ендігі кезекте ол квота Сенатқа ауысты. Әрі Ассамблеяның депутаттарды бұрынғыдай сайлау құқығы шектеліп, тек ұсынатын болды. Сенаттың өкілеттігі Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы лауазымына ұсынылатын кандидаттарға келісім беру құқығымен толықтырылды. Бұл өзгерістер жалпыхалықтық референдумнан кейінгі Конституцияның жаңа мәтінінде көрініс тапты.
Бұрынғы сайлаудан өзгерек
Мәжілістегі пікір әралуандығын қалыптастыруды Президент сайлау жүйесін жетілдіруден бастады. Сәйкесінше, азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыруға мән беріледі. Санаулы күндерден кейін өз міндетіне қайта кірісетін Мәжілістің жаңа құрамы аралас сайлау жүйесі арқылы жасақталады. Яғни, депутаттық корпустың 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсіл арқылы мандатқа ие болады.
Сайлаушылар осы жолғы сайлаудың бұрынғы сайлаулардан өзгерек екенін естіп, біліп отыр. Байқағанымыздай, бәс бұрынғыдай санаулы партияның арасында ғана жүріп жатқан жоқ. Бұл жолы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан депутаттық мандатты көбірек иелену үшін 7 партия бақ сынауда. Оның ішінде 2 партия сайлаудан аз ғана уақыт бұрын тіркелді. Президент былтырғы наурыз айындағы Жолдауында Жаңа Қазақстанды құру ісі әділетті әрі еркін саяси бәсекеден басталатындығына назар аударып, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейтуге ден қойғаны мәлім. Президент тапсырмасымен жаңа партияларды тіркеу ресімі жеңілдеп, тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға дейін азайды. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетілді. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны да 1000-нан 700 адамға дейін кеміді.
Президент осыдан дәл 1 жыл бұрынғы Жолдауында сайлау процесін жетілдіруде де бірқатар батыл бастамалардың қолға алынатынын атап өтті. Біріншіден, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын онлайн платформада жүргізуге рұқсат берілді. Cондай-ақ сайлау заңнамасына да өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Заңнамадағы жаңа өзгерістер сайлау процесін жетілдіруде сайлаушылардың бірыңғай электрондық базасын құрудың қадамдарын анықтауды көздейді. Бұл ресім сайлаушылардың екі рет дауыс беру ықтималдығының алдын алып, азаматтардың кез келген учаскеде дауыс беру мүмкіндігі қарастырады.
Парламент Мәжілісі мен бірге жергілікті мәслихаттардың ықпалын арттыру – басты назарда. Мәслихаттар облыс әкімдерін тағайындауда соңғы шешімді шығаратын ықпалды институтқа айналды. Бұған дейін мәслихат депутаттары облыс немесе республикалық маңызға ие қала әкімдерін тағайындауда Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандидатураны дауысқа салып келді. Президент пәрменімен тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілген соң әкім лауазымына кемінде екі кандидатура ұсынылды. Олардың арасынан лайықты кандидатты таңдау міндеті мәслихат депутаттарына жүктеледі.
Құқықтық тетік күшінде
Елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін құқық нормаларының Ата Заңға сай келуін Конституциялық Кеңес түсіндіріп келді. Ал 2023 жылдың 1 қаңтардан бастап Конституциялық Кеңесті Конституциялық Сот алмастырды. Жаңа құқықтық институт қызметіне қарапайым азаматтар, Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкіл заң талаптарының Конституцияға сай келетінін нақтылау үшін жүгіне алады. Жыл басынан бергі 2 айдың өзінде Конституциялық Сотқа 1,5 мыңға жуық өтініш түскен. Өтініштерге сараптама жасау барысын 1 мыңнан аса өтінішке түсіндірме берілді. Қалған 400-дей өтініш қарастырылып жатқаны анықталды.
Құқықтық мемлекет құру жолындағы келесі маңызды қадам ретінде алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдерінің қатыса бастауын айтуға болады. Және де алқабилердің қарауына берілетін істердің санатын кеңейіп, сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға мүмкіндік берілді.
Биліктің негізгі тармақтарын қамтыған өзгерістерді іске асыру үшін азаматтық қоғамның да белсенділігі маңызды. Бұл орайда 2019 жылы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2022 жылдың наурыз айына дейін өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқара білді. Президент тапсырмасымен бұл кеңестің орнына құрамы жағынан әлдеқайда ауқымды Ұлттық құрылтай құрылды. Ұлттық құрылтайға елдің барлық аймағынан өкілдер кірді.
Жаңа облыстар – жаңа тыныс
Президенттің 2022 жылдың наурызындағы Жолдауының басты жаңалығы – мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымына ауқымды өзгерістер енгізу болғанын жоғарыда атап өттік. Әлеуметтік-экономикалық факторлар мен демографиялық ахуалды жан-жақты ескере отырып жасалған бұл ұсыныстың өміршеңдігі күмән келтірмейді. Әрі Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарын екіге бөлу арқылы Жетісу, Абай, Ұлытау облыстарын құру жергілікті тұрғындардың қордаланған мәселелерін шешудің құралы ретінде де өзін-өзі сөзсіз ақтады. Әрі жаңа облыстарға исі қазақ үшін қасиетті саналатын атаулардың берілуі де тегін емес. Алматы қаласының жаңа орталығы Қапшағай қаласына Қонаевтың атын беру туралы Президенттің ұсынысын да көпшілік қуана қабылдап, келісімін берді.
Дәл қазіргі сәтте ауқымды өзгерістердің мемлекеттен бұрын қарапайым азаматтарға керек екені анық. Президент атап өткендей, реформалардың ауқымын ескерсек, олардан бір ғана жылдың ішінде толайым нәтиже күту бекершілік. Десе де, осы уақыт аралығында бұл реформалардың заңдық негізі қалыптасып, іске асырыла бастағанын ескерсек, олардың нәтижесі халықтың бақуатты өмірі мен тұрмыс сапасын арттырудың алғышартына айналды.