Жуырда Үкіметтің кезекті отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мазғұм Мырзағалиев 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау бағдарламасының тұжырымдамасын таныстырған еді. Министрлік бұл мақсат үшін жұмсалатын қаржы көлемін 1 трлн теңгеге бағалаған. Ал қоғамда «мұншама соманы геологияға бөлмек пе?» дегендер де табылды. Шамасы біз жалпы сомаға ғана назар аударып, саланың қыр-сырына үңілмегенге ұқсаймыз. Дегенмен әзірленіп жатқан бағдарламаның ерекшеліктері мен елге берері қандай боларын білу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешовке жолығып, сұхбаттасқан едік.– Санжар Серікбайұлы, 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын білеміз. Бұл бағдарлама салаға қандай өзгеріс әкеледі?
– Негізі бағдарламаның басты мақсаты еліміздің минералдық-шикізаттық базасын толықтыру, жаңадан кен орындарын ашу. Қазіргі уақытта минералдық-шикізат базасы еліміздің экономикасының алдыңғы қатарлы салаларының бірі деп ойлаймыз. Жаңадан құрылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қазір Мемлекет басшысынан да, Үкіметтен де үлкен қолдау көріп отыр. Ал мемлекеттік бағдарлама осы саланы жаңғырту үшін жасалып жатқан іс-әрекет. Сондықтан мен мұны позитивті, жақсы жаңалық деп санаймын. Сіз айтып отырған мемлекеттік бағдарламаның алдына нақты жеті мақсат қойылған. Бірінші мақсат Қазақстан аумағының геологиялық зерттеу дәрежесін арттыру. Өйткені еліміздің барлық аумағы толықтай зерттеліп бітпеген. Қазіргі заманда геологиялық барлау жұмыстарының жаңа әдістерін пайдаланып, жер қойнауының терең қабаттарын зерттеу қажеттігі туындап отыр. Сондықтан Қазақстан аумағын толықтай жаңадан зерттеуіміз қажет.
Екінші мақсат – минералдық-шикізат базасын толықтыру. Бұл жаңа кен орындарын ашуды және жеке инвесторларға жұмыс істеуге жағдай жасауды көздейді. Мемлекет түрлі жеңілдіктер жасап, жаңа заң қабылдап, преференциялар берсе, геологиялық зерттеулер нәтижесінде инвесторлар жаңа кен орындарды ашады деген ойдамыз. Яғни, мемлекет пен жеке компаниялардың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Үшіншіден, саланы ғылыми зерттеумен қамтамасыз етуді көздейміз. Геологиялық барлау ең алдымен ғылым болғандықтан, бұл ғылымды жаңғыртуымыз қажет, себебі ғылымның көмегінсіз ешқандай нәтиже шықпайды. Қазір ғылымға жаңа серпіліс қажет.
– Салаға жеке компанияларды тартса ше?
– Жеке компаниялар ғылымды қарқынды дамыта алмайды, сондықтан ғылымға мемлекеттің қаржысы құйылуы керек. Елімізде Қазақ геологиясының қара шаңырағы Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институты бар. Сол институтта геологиялық зерттеу жұмыстары жасалады. Ал оқу орындарына тоқтала кетсек, Семей геологиялық барлау колледжі, Nazarbayev University, Атырау мұнай-газ институты, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті геолог мамандарын даярлайды. Олар даярлайтын мамандарды ғылымға тарту үшін мемлекет тарапынан геология ғылымын қаржыландырып, ғылымды коммерциялизацияға бағыттап, геологияның мәртебесін арттырған жөн. Төртіншіден, саланы ақпараттандыру және цифрландыру қажет. Бесіншіден – саланың инфрақұрылымын дамыту. Геология саласының инфрақұрылымы дегенде ғылым мен өндіріске тікелей қатысы бар зертханалар мен жынысөзек қоймаларын айтқанымыз. Алтыншысы – кадр мәселесін шешу. Геология саласында қаржыландыру жетіспегендіктен бе, соңғы 20-30 жылда жаңадан кен орындары ашылмағандықтан ба, кадрлар азайып кетті. Мамандардың бірқатары өндіріске, мұнай-газ саласына кетіп қалды. Зертханаларда, геология ғылымында кадрлар азайды. Сондықтан біз университеттермен, ғылыми зерттеу институттарымен тізе қоса отырып жаңа кадрлар дайындауды мақсат етеміз. «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген геологтарға, Nazarbayev University-дегі геология факультеті даярлаған мамандарға кәсіби бағдар беріп, қарқынды жұмыс істеуге тура келіп тұр. Жетіншіден – жаңа бағдарламаның мультипликативті әсері нәтижесінде азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпал етуді көздейміз. Бағдарламаның ұзақ мерзімге бағытталғанын, бір күндік шаруа емес екенін ескерсек, мультипликативті әсері өте зор.
– Бағдарлама тұжырымдамасында салаға тартылатын 1 трлн теңгенің 800 миллиардын инвесторлардан тарту көзделіпті. Бұл мүмкін бе? Ақшасын әзірлеп отырған инвестор көп пе сонда?
– Үкімет отырысында бұл мәселе айтылған еді. Бірақ қоғамда түсініспеушілік туындаған сияқты. Министрдің өзі айтқандай, 1 трлн деген жалпы сома. Оның 200 миллиардын мемлекет шығарса, 800 млрд теңгесі инвестиция ретінде жеке компаниялар құятын қаржыдан құралады. Ол мемлекеттің ақшасы емес. Егер инвестициялық терминмен айтсақ, «1 теңге 4 теңгеге дейін жеке инвестиция тартады» деген сөз. Біз бұл деректерді ауадан алған жоқпыз. Статистиканы қарадық, зерттеп-зерделедік. Соңғы он-он бес жылдың статистикасын қарасақ, кей жылдары бір теңгенің салаға 6-7 теңгеге дейін қаржы әкелгені байқалады. Мемлекет көбірек қаржы құйғанда, инвестиция да мол келген. Аз қаржы бөлгенде, инвестиция да төмен болған. Сондықтан орта тұсын алдық. Ал 800 млрд қайдан шықты дейтін болсақ, лицензия алған компаниялардың Геология комитетіне тапсырған жобалық құжаттардан мәлім болды. Сол кезде компаниялар лицензия бойынша алғашқы жылы, келесі жылы, одан кейінгі жылдарда қанша қаражат құюды жоспарлағаны жайлы комитетке есеп тапсырады. Ал Геология комитеті мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттағы міндеттерді орындауын бақылап отырады. Осы бақылау мен жобалық құжаттарды сараптай келе және де мемлекеттік бағдарлама нәтижесінде берілер жаңа лицензияларды санасақ, салаға кемінен 800 млрд теңге құйылады деген болжам шықты. Мәселен, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы аз зерттелген және ішінара игерілген мұнай бассейндеріне барлау жүргізу үшін қаражат құюға дайын екенін білдірді. Қарағанды облысында жұмыс істеп жатқан Rio Tinto трансұлттық компаниясы геологиялық барлауға арналған қаржысын биыл көбейтпек. «Қазақмыс», «Қазцинк» тағы басқа компаниялар да даяр отыр. Неміс және австралиялық компаниялар да жаңа лицензия алып, қаржы құюға дайындалып жатыр.
– Әдетте геологиялық зерттеу мен пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге жеке-жеке лицензия берілетінін білеміз. Айырмашылық неде?
– Негізі бұл өте көп кездесетін сұрақ. Біздің салада болып жатқан өзгерістерге байланысты пайда болған сыңайлы. 2018 жылдан бастап күшіне енген «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс бар. Сол құжатта түрлі ұғымдар кездеседі. Солардың қатарына геологиялық зерттеу және барлау ұғымдары кіреді. Ал 2019 жылдың жазында біздің Министрлік құрылысымен, бірқатар министрліктердің арасында функцияларды бөлісу процесі жүрді. Сөйтіп Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құзырына геологиялық зерттеу лицензиясын беру функциясы тиесілі болды. Ал геологиялық барлау бойынша лицензияны қатты пайдалы қазбалар жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі берсе, мұнай-газ жөнінде Энергетика министрлігі береді. Енді геологиялық зерттеу мен барлаудың айырмашылығына келсек, зерттеу үлкен аумаққа бағытталған ауқымды шаруа. Геологиялық зерттеу дегеніңіздің өзі төрт сатыдан құралады. Біріншісі – аумақтық жұмыс. Екіншісі – іздеу жұмыстары. Үшіншісі – іздеу және бағалау жұмыстары. Төртіншісі – геологиялық барлаудың өзі. Бұл дегеніңіз – нақты жұмыс, яғни бұрғылау, қазу жұмыстары. Жалпы алғанда, зерттеу мен барлауды ажырату оңай. Ал геологиялық зерттеу лицензиясы әлгі айтқан алғашқы үш саты үшін беріледі. Мұнда жерді қашықтықтан зондтау, геофизикалық жұмыстар, архив деректерін талдау немесе аумақтық жұмыстарды, бір сөзбен айтқанда жердің үстіңгі, астыңғы қабаттарына тиіспей жасалатын шаруаларды мемлекеттік геологиялық зерттеу деп атайды. Ал геологиялық барлау деген төртінші сатысына жер қыртыстарынан алынған үлгілерді таңдау, кен орындарын табу үшін нақты қазу-бұрғылау жұмыстарын жүргізу кіреді.
Негізі геологиялық зерттеудің тәуекелі көп болады. Өйткені онда кен табу мүмкіндігі шамамен 10-15 пайыз (мұнай-газ саласында) құрса, ал қатты пайдалы қазбалар саласында 1 пайыздай ғана. Сондықтан «оған бүгін ақша салдық, енді нәтиже қайда?» деп сұрау қисынсыз. Геологтарға «сендерге бөлген ақша босқа кетті» деу де орынсыз. Біз мұндай әңгімелер туындамас үшін бұқараға мәселені түсіндіргіміз келеді. Саламыздағы ең қымбаты – операциялар, барлау жұмыстары. Сол инвестицияның тәуекелін азайту үшін алғашқы үш саты жақсылап жасалуы керек. Ол қымбат емес. Бұл іс мемлекет тарапынан істелмесе, инвесторлардың келуі екіталай. Мемлекеттік бағдарлама жобасында айтылған 200 млрд теңге қаржы салудың басым бөлігі негізінен осы үш сатыға бағытталған. Ол геологиялық зерттеу жұмыстары. Ал барлау жұмыстарын жер қойнауын пайдаланушылар, яғни жеке компаниялар істейді. Кез келген инвестор келгенде «Мен геологиялық барлауға ақша құйғым келеді, бірақ онда тәуекел бар. Осы тәуекелді азайту үшін мемлекет не істейді?» деген сауал туындайды. Сол кезде мемлекет «біз сіздер үшін алғашқы үш сатыны жасап қойдық. Сіздің мына жерге емес, мына тұсқа барып барлау жасағаныңыз дұрыс» дей алады. Мұның өзі инвесторға үлкен көмек. Өйткені олардың көздеген жерлерінің болашағы бар ма, жоқ па соны алдын ала анықтап береді. Сөйтіп олардың кен табу мүмкіндігін едәуір арттырады. Әдетте геологиялық зерттеуді жеке компаниялар өте сирек жасайды. Өйткені олар зерттеу жасап, тәуір кен орнын тапқанының өзінде геологиялық барлау құқы оларға бірден берілмейді. Сондықтан біздің министрлік беретін лицензияны жеке компаниялар алмайды. Зерттеуді өзіміз жасаймыз. Барлауды жеке компаниялар жасайды. Ал ол лицензияны беру басқа министрліктің құзырында.
– Қазір салада қанша маман жұмыс істеп жүр? Бірқатар ақпарат көздері тәуелсіздік жылдарында геологтар саны он мыңнан бір мыңға дейін қысқарып кеткенін жазып еді...
– Негізі мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстарында шамамен мың маман жұмыс істеп жүр. Ал геологиялық барлау саласында шамамен 190 мың адам жұмыс істеуде. Олар барлаумен айналысатын жеке компаниялардың қызметкерлері. Біздің министрлік «Жас геолог» корпоративтік қорымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Аталған қор жастарға геология саласы бойынша кәсіби бағдар беруді көздейді. Өңірлерде 60-тан астам «Жас геолог» үйірмелері ашылған. Біз осы жобаға қаржы құйғымыз келеді. Өйткені бүгін жас буынды салаға қызықтыра білсек, ертең олар ел игілігіне қызмет ететін білікті маман болып шығады. Жалпы, бағдарлама арқылы біз оқу орындарымен байланысты арттыруды көздейміз.
Былтыр Түркістан қаласынан 200 шақырым жерде, Қаратаудың бөктерінен бокситке барлау жасап жүргенде күтпеген жерден мұнай белгілері табылды. Шымкент, Түркістан төңірегінде бұрын-соңды мұнай кездеспеген еді. Бірақ «бір жоқты бір жоқ табады» демекші, қатты пайдалы қазбаларға барлау жасап жүріп мұнай таптық.
– Әдетте геологиялық барлау жұмыстары көбіне көмірсутегі қорларын іздеуге бағытталғандай көрінеді. Мұнай мен газ саласы. Қателескен жоқпын ба?
– Қателесесіз. Әрине, мұнай-газ саласы көбіне елдің аузында жүреді ғой. Оның үстіне геологиялық барлауда мұнай саласындағы қаржы өзге кендерге қарағанда 10-20 есе көп. Ол – қалыпты дүние. Шетелде де сондай. Өзге елдерде жұмыс істеп көрген маман ретінде айтайын, мұнайдың бір ұңғымасын бұрғылау үшін 100 млн доллар кетуі де мүмкін, ондай ұңғыны өз басым Ресейдің Сахалин аралында бұрғыладым. Ал біздің қатты пайдалы қазбаларды алу үшін бір ұңғыны бұрғылауға 100 мың доллар немесе одан да аз кетуі ықтимал. Яғни, екі саланың шығындану деңгейі әртүрлі. Ал қаржы көп жер, сөз жоқ, елдің аузында жүреді. Алайда, бұл Қазақстанда мұнай саласы қатты дамып, қатты пайдалы қазбалардың геологиялық барлауы кенже қалды дегенді білдірмейді. Қатты пайдалы қазбаларды барлау өзінше дамып жатыр, бірақ біз оны одан әрі күшейтіп, жандандыра түскіміз келеді. Елімізде алтын, мыс, полиметалл және өзге де пайдалы қазбаларды анықтау үшін көптеген зерттеу, барлау жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек геологиялық барлау бағдарламасында халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де қарастырылған. Өйткені жерасты суларының көзін табу геологтардың міндеті. Демек, біз айтып отырған бағдарлама кешенді құжат. Онда мұнай-газ, қатты пайдалы қазбалар, жерасты суларын барлау мәселесі қарастырылған. Бұлардың барлығы стратегиялық бағыттар. Атқарылып жатқан жұмыстарда жағымды жаңалықтар да аз емес. Былтыр Түркістан қаласынан 200 шақырым жерде, Қаратаудың бөктерінен бокситке барлау жасап жүргенде күтпеген жерден мұнай белгілері табылды. Шымкент, Түркістан төңірегінде бұрын-соңды мұнай кездеспеген еді. Бірақ «бір жоқты бір жоқ табады» демекші, қатты пайдалы қазбаларға барлау жасап жүріп мұнай таптық.
– 2017 жылы қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске «кен іздеушілер» деген ұғым енгізілген. Кен іздеушілер геология саласы үшін пайда әкеле ме? Бұл іспен айналысып жүргендер бар ма?
– Негізі заңнамаға енгізілген бұл ұғым өте жақсы дүние. Бұрын бізде болмаған. Алайда бұқара «черный старатель» деп атап кеткен заңсыз кен іздеушілер бұрын да болған, қазір де бар, бәлкім ешқашан жойылмайтын шығар. Әлемде солай. Дегенмен кен іздеушілердің тұтас елдің дамуына ықпал еткен кездері аз емес. АҚШ, Австралия сияқты елдердің тарихына қарасаңыз, кен іздеушілердің арқасында талай өңірдің бет-бейнесі өзгерген. Сондықтан кен іздеушілерге ресми рұқсат беру жақсы дүние. Біріншіден, заңға бұл норманың енгізілуі халыққа жұмыс тауып береді. Екіншіден, әлгі айтқан «черный старательдерді» заңды кәсіпке бейімдейді, үшіншіден мемлекет халықтың күшімен геологиялық барлауды жандандыруды көздейді. Өйткені қарапайым азаматтар келіп айналыса бастаса, мемлекетке де, салаға да көмек. Кен іздеушілер 3 метрге дейін тереңдікте алтын және өзге де бағалы металдарды, асыл тастарды өндіруге құқылы. Біз қазірге дейін кен іздеушілерге 20-ға жуық лицензия бердік. Бірақ ол өте аз. Лицензия беру міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Меніңше, бұл қызметті жандандырып, ашықтықты көбейту керек. Сөйтіп берілетін лицензия санын молайтқан дұрыс. Кен іздеудің шағын және орта бизнес екенін ескеру керек. Біздің елдің аумағы өте үлкен. Ал оның қойнауы қазынаға толы. Әсіресе, алтынға баймыз. Шығыс Қазақстан облысындағы моно-қалалардың төңірегінде орасан зор потенциал бар. Кен іздеушілер сол жерде қазба жұмыстарымен айналысса өңірдің дамуына да оң әсерін тигізеді. Себебі әдетте қойнауындағы қоры ірі компанияларды қызықтыра қоймайтын жерлерде кен іздеушілер жұмыс істейді.
– Жаһандық технология нарығында литий тәрізді металдардың дәурені жүріп тұр. Отандық геологтар бұл метал кен орындарын барлауға назар аудара ма?
– Қазақстан заңнамасы бойынша литий стратегиялық пайдалы қазба болып саналады. Көптеген елде бұл құпия сақталатын пайдалы қазба. Біздің ел бұл металдың қанша қоры бар екенін жарияламайды, ол мемлекеттік құпиялардың қатарына кіреді. Бізге келетін инвесторлардың арасында бұл металға қызығатындар көп. Өйткені қазір бұл металл заманауи технологияда өте көп қолданылатын, сұранысы жоғары зат. Біз мемлекеттік бағдарлама аясында және Геология комитетінің жылдық жоспарына сәйкес литий кен орындарын зерттеуге назар аударып келеміз. Алайда ол оңай емес. Өйткені литий көбіне гранитпен бірге болады. Әрі литийді іздеп жүріп басқа пайдалы қазба тауып алуыңыз мүмкін. Сондықтан литий инвесторларға рентабельді, қызықты болуы үшін оның қоры көп болуы керек. Бірақ біз оның қоры керемет көп деп қазір айта алмаймыз. Сондықтан көбірек зерттеу жасау керек болып тұр. Жалпы, Шығыс Қазақстанда мүмкіндік көп. Риддер, Алтай қалалары төңірегінде. Сонымен қатар еліміздің батыс аймақтарында да перспектива бар. Айталық Индер ауданында литий судың ішінде кездеседі. Сирек металдарды іздестіру-бағалау жұмыстарының нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысында Жаңа Ахмер кен орны анықталды. Ол – үлкен әрі рентабельді кен орны. Инвесторға кенді ашық карьерлік тәсілмен игеру ұсынылады. Жалпы, мемлекеттік бағдарламада литийді іздеу қарастырылған.
– Кен орындарының төңірегінде мамандар «техногендік минералдық түзілімдер» деп атайтын қалдықтар бар. Әдетте мұндай төбешіктер мен үйінділерді шетелдіктер алғысы келеді дейді бұқара. Бұл қаншалықты рас?
– Негізі құрамында пайдалы компоненттері, қазбалары бар тау-кен өндіру, өңдеу және энергетикалық өндіріс қалдықтарының жиналуы «техногендік минералдық түзілім» деп танылады. Ал қарапайым жұрт олардың иесі жоқ деп ойлайды. Алайда олардың иелері бар. Қалдықтар жайдан-жай пайда болмайды. Олар өндірістен, геологиялық барлау жұмыстарынан қалған. Оның құрамында түрлі руда болады. Қалдықтар кен орнында жұмыс істеп жатқан компанияның меншігі. Демек, оларды иесіз деп жүргендердің ойы қате. Дегенмен осы қалдықтардың перспективасы да мол. Неге? Себебі бұрын технология басқа еді, қазір бөлек. Күн өткен сайын технология дамып келеді. Бұрын құрамында 1-2 пайыздан төмен рудасы бар техногендік минералдық түзілім рентабелді емес деп саналса, қазір 0,1-0,3 пайыз қазынасы бар қалдық рентабелді болып есептеледі. Өйткені қалдықтың ішінен руданы алып, одан пайда көрудің тың тәсілдері шықты. Сондықтан тау-тау болып үйіліп жататын қалдықтар инвесторлар үшін қызықты. Бізге де өтініш айтып келген инвесторлар болған. Бірақ олардың «тағдыры» біздің қолымызда емес.
Жалпы, кен өндіру ісінде түрлі нюанстар болатыны мәлім. Кезінде көптеген моно-қалалардың бір ғана кен орнына байланып, кен азайғанда талай азаматтың жұмыссыз қалғанын білеміз. Алайда заманауи технологиялар кен барлау мен өндіруге қатысты көзқарасты өзгертіп келеді. Өйткені елдегі барланған кен орындары, өндірілген қазба байлықтар айсбергтің су бетіндегі бөлігіндей ғана. Енді біз жаңа бағдарлама арқылы геологиялық барлауды тереңдікке бағыттаймыз әрі масштаб үлкейеді. Бұл өз кезегінде жаңа мүмкіншіліктер тудырады.
Әңгімелескен Амангелді ҚҰРМЕТ