Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл бар ма?
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл бар ма?
1,131
оқылды
Жасыратыны жоқ, ақпарат айдынында зорлық-зомбылық тақырыбы қозғала қалса міндетті түрде оңтүстік өңірі қоса айтылады. Түркістан облысының ауылдары мен Шымкент қаласына қатысты деректерді де мысал ететіндер көп. Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің азаймай тұрғанын БҰҰ халықтар саны қорының ұлттық сарапшысы С.Сәбитова да растайды. Тойып секіретіндер де бар
«Телебағдарламаларда көбіне Түркістан облысындағы оқиғалар сөз болады. Бас прокуратураның статистикасына қарайтын болсақ, ең көп зорлық-зомбылық оқиға­лары тұрақты түрде осы өңірде тіркеледі. 2017 жылы Сарыағашта ашылған әлеуметтік-психоло­гиялық қолдау қызметіне жарты жылда небәрі 47 адам жүгініпті. Одан кейін ауылдарға барып, тренингтер, лекциялар, өткізіледі. 2020 жылдың өзінде 800-ден ас­там адам қолдау қызметіне жү­гінген. Қолдау орталығына зардап шегушілердің өздері келіп жа­тады. Кейде оларды медицина­лық мекемелер, полиция қызмет­керлері жібереді», – дейді ұлттық сарапшы.
Сарапшы «Тұрмыстық зор­лық-зомбылық әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасыларда көбірек тіркеледі» деген пікірмен келіс­пейді. Арнайы жүргізілген тәжі­рибе қолдың қысқалығы отбасын біріктіре түсетін көрінеді. Ке­рісінше, қалталылардың кейбірі өзімшілдік пен менмендікке бой алдырып, айналасындағылардың бәрін өзіне бағындырып, бас­қа­руға құмар келеді екен. Бұл орайда олар әйелі мен балаларының құ­қығы дегенге бас қатырмайтындай. Айта кетейік, Түркістан облы­сындағы әйелдерге қатысты зор­лық-зомбылықпен күрес жұмыс­тары БҰҰ халықтар саны қорымен бірге жүргізіліп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тә­жібаев әкімдік тарапынан ве­домствоаралық тетіктерді бе­йім­деу бойынша жұмыс атқары­лып жатқанын жеткізді. 2021 жылы Орталық Азияның бірнеше мем­лекеті өкілдерінің басқосуында Түркістан облысының осынау тәжірибесі көрсетіліп, ол көрші мемлекеттердің қызығушылығын тудырған. Бүгінде өңірдің 17 аймағында зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. БҰҰ халықтар саны қорының Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша атқарушы се­ріктесі, Түркістан облысының іс­кер әйелдер қауымдастығының кеңесшісі Қ.Бекенова облыста Бас прокуратура мен Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комиссия­ның бастамасымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын жүзеге асыру аясында басталғанын атап өтті. Ең алды­мен Сарыағаш пен Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге әлеуметтік-психологиялық қолдау қызметі құрылып, оған барлық құзырлы орган жұмылдырылған. Пилоттық жоба толыққанды әлеуметтік институтқа айналған. Алайда соған қарамастан, облыстың Сайрам ауданында әлі де болса мұндай мәселелер жиі кездесіп тұрады. Қоғамдық көзқарас түзілмей.... Ескі салт-дәстүрді көбірек ұстанатын сайрамдықтар мұны демографиялық ахуалмен және халықтың сенім-нанымының ерекшеліктерімен байланыс­ты­рады. 220 мыңнан астам тұрғыны бар Сайрам ауданында халық тығыз қоныстанған. Сайрам ау­даны әкімдігінің әлеуметтік-психологиялық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ғ.Медеуов отбасылық қарым-қатынасқа ұлттық менталитет пен салт-дәс­түр қатты әсер ететінін айтады. Ол қыздардың ерте тұрмысқа шы­ғатынына, олардың жоғары білім алуына мүмкіндігі жоқ екеніне, салдарынан өз құқықтарын қор­ғауға қабілетсіз болатынына назар аударды.
Бөлім басшысының айтуын­ша, тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтың алдын алуда әр ауылдың беткеұстар ақсақалдарымен жұ­мыс жүргізіледі екен. Алайда алуан түрлі көзқарасқа байла­нысты әйелдердің тең құқылы екенін түсіндіру қиынға соғатын көрінеді. «Негізінен, тұрмыстық зорлық-зомбылықты ер-азамат­тар жасайды. Олардың көбі әйелді «екінші» сортты деп қабылдап, «әйел еркексіз ешнәрсе істей ал­майды» деген пікірмен өмір сү­реді. Некесін бұзуға ниеттен­ген­дермен сөйлескенде байқаға­нымыз, жылдар бойы жиналған ұсақ-түйек тұрмыстық кикілжің­дердің соңы ажырасуға алып ба­рады. Көп жағдайда ерлі-зайып­тылар отбасы құндылығын, бала тәрбиесін ұмыт қалдырады. Біз отбасын сақтап қалудың үлгісін көрсетеміз. Тіпті, болмай бара жат­қанда екі жақтың ата-анала­рымен сөйлесуге тура келеді. Осы тұста байқағанымыз, ененің де орны айрықша екен. «Кезінде мен де осындай қиындықтарды көргенмін, ол да сезінсін» дейтін пікір де отбасындағы дау-да­май­дың басты себебіне айналған», – дейді бөлім басшысы. Сену-сенбеу өз еркіңізде, бірақ шынайы жағдай осы.
Бұдан бөлек, діни наным-сеніммен қыздарын мектеп бітіре сала тұрмысқа беретіндер көп. Осыдан барып олар білімі таяз, құқықтық тұрғыдан өзін-өзі қор­ғай алмайтын халге түседі. Со­нымен қатар ауданда өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері де жиі тіркеледі екен. Сайрам ауданына қарасты бір ғана Қарабұлақ ауылында жыл сайын 30-ға жуық өз-өзіне қол жұмсау, 200-300-ге тарта тұрмыс­тық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркеледі. Бұл ресми тіркелгендері ғана. Әкеге арқа сүйейтіндер аз Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық мәселесімен жақсы таныс психолог Эльмира Абиева отба­сында қорлық көргендер кәсіби психологиялық көмекке жүгіне қоймайтынын айтады. Олардың көбі дағдарыс орталықтарынан, мемлекеттік мекемелерден көмек сұрайды.
«Мемлекеттік мекемелерде, дағдарыс орталықтарында жұмыс істеп жүрген психологтердің жа­лақысы төмен болады. Сондықтан онда кәсіби мамандар бара бер­мейді. Ал ондағы психологтердің кәсіби білімі күмән тудырады. Психологтер үнемі білімін жетіл­діріп отыруы тиіс. Оларға қолдау керек. Жалақысы аз мамандар қо­сымша қалай білім алмақ?! Сол себепті кейбір тығырыққа тірел­ген, шешуі қиын зорлық-зом­бы­лыққа ұшыраған жандармен жұ­мыс істеу бізге тапсырылады», – дейді Эльмира Такенқызы.
Маманның айтуынша, бәрін бір ғана тұрмыстық зорлық-зом­былық деп сипаттағанымен, ­таяқ­тап тәрбиелеуді құп көре­тіндер түрлі қадамға барады екен. Отағасы ретінде материалдық жауапкершілікті сезінбей, әйеліне қол жұмсайтындар да табылады. «Ұят болады» деумен жыныстық зорлық-зомбылық көргенін жа­сырып бағатындар да бар. Ашу­мен артық кетіп, көк ала қойдай етіп сабаған күйеуіне кешірім бере салатындар да табылады. Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі, балалардың құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Жаннета Жазықбаева тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болудың бір қадамы отбасын құруды жос­парлау екенін айтады. Сонымен бірге балалардың қажеттіліктерін анықтау мақсатында жүргізілген сауалнамаға қатысқан 31 мыңға жуық оқушы «Қиын жағдайда кімнен көмек сұрайсың?» деген сауалға 2 пайызы психологке, 12 пайызы әкесіне, 75 пайызы ана­сына жүгінетінін айтқан. Демек, әкесіне арқа сүйейтіндер аз. Анасына көп сенім білдіру жақсы шығар. Алайда бұл да отбасындағы әке рөлінің төмендегенін көр­сетеді. Өкінішке қарай, көзін аш­қаннан тұрмыстық зорлық-зомбылықты көрген балалардың 80 пайызы сол әрекетті қайталауға бейім келетін көрінеді. Демек, қиын жағдайға тап болған балаға, анаға, отбасына көмектесетін психологтердің ­са­уатын арттырып, білімін же­тілдіруді де жүйелі жүзеге асыру ке­рек.

Түркістан облысы