Қызылорда облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілгенімен, баспананың сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Әсіресе, жауапты жұмысына жүрдім-бардым қарайтын мердігерлердің әрекетіне шағым көп. Жыл басталар тұста Қызылорда қаласының сол жағалауынан салынған 40 пәтерлік тұрғын үйден пайдалануға берілмей тұрып шу шықты. Жаңа үйге қоныстанғандар үйлерінің сапасы сын көтермейтінін, есік, терезелері талапқа сай келмейтінін айтып дабыл қақты. Жергілікті әкімдік мұндай кемшіліктерді жедел қалыпқа келтіру шараларын қолға алып жатады. Сонда да болса мердігерлердің бассыздығы тыйылар емес. Ал апатты үйлердің ахуалы өз алдына бір мәселе. Облыстағы апатты үйлерде үрейді үмітке жеңдіріп тұрып жатқандардың жанайқайына жауаптылар құлақ түрер емес. Қала іргесіндегі Тасбөгет кенті Тасарық шағынауданының тұрғындары талап-тілегінің ескерусіз қалғанына өкпелі. Негізінен, Тасарық шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің көбінің тозығы жеткен.
«Үйіміздің апатты жағдайда тұрғанынан кент, қала әкімдігі де хабардар. Бірақ әлі де жарамсыз күйде екенін дәлелдей алмай отырмыз. Үйіміздің уақыт өткен сайын артқа қарай шалқалап, құлап бара жатқанын байқап жүрміз. Жертөле суға толып, ала жаздай масаға таланып шықтық. Әкімдік тарапынан үйіміздің апатты деп танылғанын қалаймыз», – дейді Тасарық көшесі №9 үйдің тұрғыны Гүлдәрі Қабылбаева.Әупірімдеп жүріп үй алғандар ойын және спорттық алаңдардың жоғына наразы.
«Арал қаласындағы Жаңауыл шағынауданда тұрамын. Осы аймақтағы Жаңауыл мен Шанхай шағынаудандары қиылысатын тұстағы Мұхтар Әуезов көшесіне бір ойын алаңын салса деген тілегіміз бар. Халық тығыз қоныстанған бұл аймақта балалардың кешкілік мезгілде ойнайтын ойын немесе спорт алаңы жоқ. Шет аймақта орналасқандықтан, бұл жердің халқының тұрмысы назардан тыс қалып келеді. Ойын баласы кешқұрым мезгілде көше кезіп жүруге мәжбүр. Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен демеушілер тарапынан тұрғын үйлердің ауласына ойын алаңдары салынатынын естіп, қуанып қалған едік. Бірақ біздің аймақ тағы да ескерусіз қалып қойды», – дейді шағынаудан тұрғыны Күлбибі Махашова.Қызылорда қаласында да ойын алаңына зәру аймақтар аз емес. Әсіресе, шет аймақ тұрғындары балалар ойнайтын орынға зәру.
«Қала көлемінде ойын алаңдарын орналастыру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында 30 ойын алаңының құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілсе, 2021 жылы бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, 25 ойын алаңының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Ойын алаңдары бірінші кезекте тұрғындардың сұранысына сәйкес қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына орналастырылды. Балалар жылына орай облыс әкімі мен жеке кәсіпкерлердің қолдауымен Қызылорда қаласында бірнеше спорт және балалар ойын алаңын салу жоспарланған. Қазір қала аумағына демеушілер тарапынан межеленген спорт және балалар ойын алаңдары салынып, халық игілігіне пайдалануға берілді», – дейді Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.Қорыта айтқанда, қандай да болмасын құрылыс жұмыстарына мердігерлердің жауапкершілігін күшейту қажеттігі байқалады. Құзырлы орындар тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Дегенмен оның сапасы көңіл көншітпейді.
Қызылорда облысы