«1969 жылы күзде теледидар көріп отырғанмын. Өскемендегі Медаллург сарайында өтіп жатқан көрме туралы репортажды тамашаладым. Үстелдерге коллекцияларды жайып қойыпты. Қараймын фалеристердің жасы бар, жасамысы бар барлығы өзге ұлт өкілдері екен. Ішінде бір қазақ жоғын көріп, намыстандым. Дереу осы іспен айналысу керек деп шештім», – дейді коллекционер.Осылайша, тәуекелге бел буған кейіпкеріміз туралы «Востокмашзавод» кәсіпорнының газетінде мақала жарияланады. Оның қызықты хоббиі жайлы естіген әріптестері Қайырбектің коллекциясын көбейтуге атсалысады. Қарапайым жұмысшыдан, кәсіпорын директорына дейін көмектесіп, үйінде жатқан немесе басқа қалаларға барған сапарында сатып алған дүниелерін коллекционерге табыстауды әдетке айналдырады. Осылайша, коллекцияның көлемі ұлғая береді. Өзі де ел ішінде, сондай-ақ Ресей, Германия, Аустрия, Италия, Чехия, Словения, Түркия, БАӘ секілді елдерге барған сапарында да мол «олжамен» оралатын. Жиылған төсбелгі, медаль, елтаңба, ту үлгілерінің саны көбейген сайын, оларды жіктеп, саласы бойынша жетпейтін түрін толықтыру қолға алынады. Ерекше коллекционер туралы сол жылдары өңірлік телеарна репортаж да түсіріп көрсетеді. Осыдан бастап Өскемендегі үлкенді-кішілі оқу орындары, түрлі кәсіпорындар ғимаратынан орын беріп коллекцияны көрмеге қою жөнінде ұсыныс тастайды. Фалерист те ұсынысты қуана қабылдап, жиған коллекциясын жұрт назарына ұсынуға кіріседі. Зейнетке шыққан Қайырбек Рамазанов Астанадағы балаларының жанына көшіп келеді. Біртіндеп қалада көрме ұйымдастыруды қолға алады. Ұлттық музейге коллекциясын қояды. ЭХРО аумағында өткен халықаралық шахмат біріншілігінде де көрме өткізеді. Тарихтан сыр шертетін төсбелгілерін білім инновация лицейі шәкірттеріне, Назарбаев университеті мен Еуразия университеті студенттеріне, сондай-ақ Қазақстан теміржол компаниясы ғимаратында, «Барыс арена» мұз сарайында, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде келушілер назарына ұсынады. Коллекционер жиған қазынасын жұрт назарына ұсынғаны үшін ақы сұрамайтынын айтады. Төсбелгі шығару да табыс әкеледі Кейіпкеріміз әскери сала, күштік құрылымдардың көп белгісі мен марапатын жинаған. Оның арасында тәуелсіз Қазақстандағы түрлі ведомстволарына тиесілі саналуан марапат, төсбелгі бар. Қазан төңкерісі, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі орден-медаль, әскери құрылымдардың айырма белгісі, әскери киімнің жез түймелері, бас киіміне тағатын белгі, белбеудің айылбасы, төсбелгілер, 30-50 жылдық мерейтойға арнайы шығарылған медальдар жинақталған. Тіпті, патша заманындағы раритет медальдерді де көрдік. Америка шерифтерінің жұлдызша белгісі де осының арасында жүр.
«Маған коллекциямның барлығы қымбат. Қымбат дүниемізді жариялауда сақтық танытамыз. Барлық медаль-ордендердің бағасы қымбат. Біразы асыл металдардан әзірленеді. Сондықтан коллекцияның барлығы жалға алынған арнайы сақтау камерасында сақталады. Өйткені ондай құнды дүниені үйде немесе басқалай күзетілмейтін орында ұстау қауіпті», – дейді ол.Коллекцияда «Орден Отечественной Войны» I, II дәрежелі ордені бар. Олар алтын мен күмістен жасалған. КСРО-ның ең жоғарғы әскери марапаты «Победа» орденінің телнұсқасы да бар екен. Оның әлемде тек 18 түпнұсқасы бар. Совет одағының Нахимов, Суворов, Кутузов, Ушаков секілді қолбасшыларға ғана берілетін ордендері, Совет одағының батырына берілетін «Қызыл жұлдыз» ордені, Социалистік еңбек ері белгісі де осында тұр.
«10 мыңға жуық экспонатты Ұлттық музейге қалдырғым келген. Алайда онда жылына бір-екі апта ғана көрсетуге шығарылады екен. Сол себепті әзірге жүріп тұрған кезімде жинағымды өз күшімен адамдарға көрсете берейін деп шештім. «Коллекцияны маған сат» деген ұсыныстар болды. Тіпті, бір кәсіпкер су жаңа Джипіне айырбастайық деді. Мен бұл қазынаны саудаға сала алмаймын. Оның көп бөлігін халық берді. Олар менде бұл бұйым сақталады деп сенді. Соны ақтауым керек», – дейді Қайырбек Құдабайұлы.Бірақ ол коллекциясын мұражайға аманаттап қалдыру жөнінде шешім қабылдаған. Қайырбек Рамазанов қазір елімізде төсбелгі шығаруға мән берілмей келе жатқанына қынжылыс білдірді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ол Теңге сарайында арнайы төсбелгі шығаратын бөлім ашуды ұсынады.
«Төсбелгі сатудан табыс түседі. Оны спорт шараларына, Қызыл кітапқа енген аңдарға арнап шығаруға болады. Мысалы жақында Qazaqstan телеарнасының 65 жылдығы өтті. Осындай мерейтойларға арналып төсбелгі шығарылса, оны жастар қызығып, мақтан етіп тағып жүрер еді. Сонымен қатар Астанадағы ескерткіштер, әдемі ғимараттар, көпірлердің төсбелгілерін шығаруы қажет. Туристер осындай бұйымды қуана-қуана сатып алады», – дейді коллекционер.Бір қызығы, Қайырбек Рамазановтың жиған дүниелерінің арасында 10 мыңнан астам түрлі елдердің ақшасы мен тиындары да бар екен. Музей мамандарымен пікір алмасқанда, ел тарихына қатысты көптеген жәдігерлер ұрпақтарының қолында, арнайы жағдай жасалмаған пәтер де сақталып, тозып бара жатқанын айтады. Оларды тарих ғылымының айналымына шығару үшін, елден жинауға қолдау жасалмайтыны, жәдігерлерді қою үшін мұражайлардың, арнайы ғимараттардың жетіспеушілігі кедергі келтіреді екен. Тарихымызды түгендеу, толықтыру үшін осы салада серпіліс, өзгеріс керек.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ