Қазақстандағы бірлік пен келісім – мемлекеттің №1 басымдығы. Бұл жөнінде этносаясаттың өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.
Осы құндылықты сақтау үшін мемлекет арандатушыларға ең қатал жаза қолдануға барады.
– Біріншіден, этносаралық келісім, бейбітшілік және қауіпсіздік міндеттерін жүзеге асыруға мемлекет өз қолындағы барлық ресурстарды бағыттайды. Елде міндет те, проблема да көп. Алайда бейбіт өмір мен тұрақтылық дамуымыздың және ел қауіпсіздігінің басты факторы. Сондықтан бұл сала – мемлекеттік саясаттың темірқазығы. Екіншіден, Қазақстан азаматтарын тілі, діні, әлеуметтік жағдайы бойынша кемсітуге жол берілмейді. Қазақстандықтарды ұлтына қарай кемсітудің кез келген талаптарына құзырлы органдар қатаң тосқауыл қояды! – деді М.Әшімбаев.
Үшіншіден, мемлекет ары қарай да «еліміздің көп этностан құралуы – біздің артықшылығымыз және стратегиялық ресурсымыз» деп санай береді. Мәулен Сағатханұлы бұл – Қазақстанның осал тұсы емесіне, керісінше жете пайдаланылмай отырған мүмкіндіктері екеніне сенімді.
Ол уақыт өте келе қазақ тілі елімізде этносаралық қарым-қатынас тіліне айналатыны туралы Президент Қ.Тоқаевтың идеясының үлкен перспективаға ие екенін де тілге тиек етті.
Іс-шараға Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының мамандары және т.б. қатысты.
Ерік ЕРДЕН