Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарында Есеп комитетінің ұлттық холдингтерде жүргізген тексеру қорытындысы туралы материалдар жарық көрді. Есеп комитеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қызметін тұрақты тексереді. Бұған дейін де 2016, 2017 және 2019 жылдары тексеру жүргізілген. Мысалы, былтыр басталған тексеріс жалғасып жатыр. Бұл қалыпты жағдай. Қор тексеру нәтижесіне қатысты мәлімдеме шындыққа жанаспайды деп санайды. Есеп комитеті төрағасының ұлттық холдингтер жұмысының тиімділігі туралы баяндамасында квазимемлекеттік сектордың кейбір компанияларын таратуға қатысты әңгіме қозғалған болатын. Ал Қордың мәлімдеуінше, 2015 жылдың желтоқсанында Қазақстан Үкіметі Жекешелендірудің кешенді жоспарын бекітті. Қордың осы жоспарға енген 167 компаниясының 141-і бәсекелестік ортаға шығарылды немесе таратылды. Қалған 26-ның 23-і бойынша биыл жекешелендіру жұмыстары жүргізіледі, қалған 3-еуі алдағы жылдары жекешелендіріледі. Бағдарлама бекітілген мерзімге сәйкес орындалып жатыр. Бәсекелес емес тәсілмен өткізілетін сатып алу және сатып алу рәсімдерінің ашықтығы туралы сынға да қордың айтар өз уәжі бар. «Самұрық-Қазына» 2018 жылдан бастап жүргізіп жатқан өзгерістер нәтижесінде холдинг ішіндегі сатып алулар 25 есе қысқарып, 630 млрд теңгеден астам қаражат бәсекелестік ортаға берілген. Сатып алудағы үнемдеу 155 Миллиард теңгеден асты. Бұдан басқа, алғаш рет елімізде импорт алмастыруды дамыту үшін оффтейк келісімшарттар тетігі енгізілген, бұл бүгінде табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде жаңа өндірістер құру бойынша 27 жоба мақұлданып, инвестиция көлемі 215 млрд теңгеден асқан. 1 600-ден астам жұмыс орны ашылады. Қордың «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңға сәйкес негізгі міндеті – корпоративтік басқаруды жақсарту және жалғыз акционердің пайдасына кіріс табу. Деректерге жүгінсек, 2019 жылы Қордың операциялық табысы 922 млрд теңгені құрады. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 20,5 пайызға немесе 157 млрд теңгеге артық. «Самұрық-Қазына» 2019 жылдың қорытындысы бойынша салық түсімін 39 пайызға ұлғайтты, бұл шамамен 1,2 трлн теңгені немесе мемлекет бюджетіне түсетін барлық түсімнің 10 пайызын құрайды. Дивидендтерді төлеуге және «профельді емес объектілерді салуға» қатысты сын бойынша былтыр акционерге (ҚР Үкіметіне) берілетін дивиденд көлемі 2 есе артып, 190 млрд теңгені құрады. Бұл – Корпоративтік орталықтың таза табысының 70 пайызы. Акционерге берілетін қалған бөлулерге қатысты шешімдер ел Президентінің келісімі бойынша Үкімет қаулысымен қабылданады. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» Арыс және Түркістан қалаларында салынған нысандар жағдайын мысалға келтіріп отыр. Есеп комитеті «...іс жүзінде экономикадағы үш холдингтің үлесі төмендемей тұр... олардың шоғырландырылған активтері 32 трлн теңгеден астам сомаға жетті», – дейді. Ал «Самұрық-Қазына» өкілдері «Қор туралы» заңда да, 2018 жылдың сәуірінде бекітілген Стратегияда да активтер құнын арттыру белгіленген міндет саналады, өткен кезеңде ол 1,7 трлн теңгеге өсіп, 26,5 трлн теңгені құрады дейді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Қоғаммен байланыс және маркетингтік коммуникациялар жөніндегі департаменті жоғарыда аталған мәліметтердің барлығы бұған дейін бірнеше рет жарияланған, ашық дереккөздерде де бар екенін алға тартып отыр. Қор мен оның портфельдік компаниялары бүгінгі таңда халықаралық агенттіктердің оң рейтингіне ие бола отырып, осы ірі активтерді ІРО-ға шығару бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр. Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2008 жылы Президент Жарлығымен құрылған, коммерциялық құрылым – инвестициялық холдинг саналады. Миссиясы – Қазақстанның ұлттық әл-ауқатын көтеру және ұлттық экономиканы жаңғыртуды қолдау. Қор активі шамамен 68 млрд долларды құрайды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобына мұнай-газ және көлік-логистика секторлары, химия және атом өнеркәсіптері, тау-кен кешендері, энергетика, машина құрастыру және жылжымайтын мүлік салаларының кәсіпорындары кіреді. Айдана БЕГІМ, Нұр-Сұлтан