Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейеді. Атап айтқанда, денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіргені үшін жаза ауырлайды. Енді кінәлі тұлға он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Әкімшілік жазамен шектелеміз бе?
Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту туралы бірнеше жылдан бері айтылып жүр. Бірақ билік белсенділердің үнін биыл естіді. Жалпы, елімізде 1997-2017 жыл аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа Қылмыстық кодекстегі екі бап бойынша қарап, қамауға алу, айыппұл салу мен қоғамдық жұмысқа тартумен шектелді. Тарқатып айтсақ, 200 АЕК көлемінде айыппұл, 180 сағат қоғамдық жұмысқа тарту мен 45-60 тәулік аралығында қамауға алу күтіп тұрды. Ал 2017 жылдың 3 шілдесінде Президент денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұру бойынша істі қылмыстық құқықбұзушылықтан әкімшілік құқықбұзушылыққа негіздеп қарауды бекітті.
Осыдан кейін бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 73-1 және 73-2 бабына ауыстырылды. Осылайша, полиция қызметкері осы санаттағы істі тергеп, дәлел жинап, істі сотқа жібере алды. Сыртынан қарағанда құқық қорғау қызметкерінің жүгі көбейгендей көрінгенімен, жағдай басқаша сипат алды. Полиция оқиға орнына барып, кінәліні көріп тұрғанымен, әкімшілік жазаға тарта алмады. Себебі жәбірленушіні туыстары көндіріп, арызын қайтарып алып жатты. Сондықтан полиция агрессормен профилактикалық әңгімелесумен шектелді. Сонымен 2020 жылдың 11 қаңтарына дейін кінәліге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 15 тәулікке дейін қамауға алынды. Егер жағдай қайталана қалса 20 тәулікке қамауға алынып, айыппұл мөлшері 40 АЕК-ке көбейді.
2019 жылы Президент Қ.Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша жазаны қатаңдататынын мәлімдеді. 2020 жылы бірнеше түзету енгізілгенімен, тұрмыстық зорлық-зомбылық Қылмыстық кодекске кірмей қалды. Айыппұл салуды жазбаша ескерту берумен ауыстырды. 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жағы тағы бар. Осы тұста 20 тәулікке қамауды 40 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге алмастыруға болатын-ды. Алайда Ішкі істер министрлігі бастамасымен айыппұл отбасының ортақ бюджетінен алынатыны ескеріліп, аталған жаза түрі алынып тасталды. Осылайша, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған агрессорға қолданатын жаза ескерту жасап, қамаққа алумен шектелді. Әрине, бұл елдегі белсенділердің ызасын тудырып, бірнеше жыл қатарынан қарсылық акциясы ұйымдастырылды.
Айталық, жақында ІІМ Қылмыстық кодекстегі 106 («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру») және 107-бап («Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру») бойынша жауапкершілік күшейетінін хабарлады. Сонымен жаза күшейіп, 107-бап бойынша 3 жылға дейін, 106-бап бойынша 6-дан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді. Сенат аталған толықтыруды мақұлдағанымен, соңғы сөздің Президентте екені белгілі. Сондықтан шешімнің заңды күшіне енгенін күтеміз.
Ал Сенаттағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Андрей Лукин қылмыстың көпшілігі білім деңгейі және табысы төмен отбасындағы ерлі-зайыпты арасында болатынын атап өткен-ді. Оның айтуынша, отбасы институты және тәрбиемен жұмыс істеу жөнінде пәрменді шара қажет. Заңды қарау барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы әкімшілік баптар бойынша санкцияларды күшейтетін ұсыныстарды жеткізген еді. Біріншіден, тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеу арыз жазудан анықтау сипатына көшеді. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, өтініштердің дені кері қайтарылады. Бұл түзету полицияға жәбірленушілердің арызы болмай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Екіншіден, тараптардың татуласу рәсіміне қойылатын талап қатаңдайды. Жаңа редакцияда агрессор зорлық-зомбылықты алғаш жасаса сотта татуласа алады. Ал қылмыс қайталанған жағдайда бұлай жасау мүмкін емес.
Ұсыныс көп, қабылдайтын кім?
«Менің ойымша дұрыс шешім, зорлық-зомбылықтың жазасы жеңіл болмауы тиіс. Бірақ бұл шаралар әлі де салдармен ғана күресу. Бір жыл бұрын МИСК-тің Ашық Парламент жобасы аясында Мәжіліске барып, депутат Кузнецов басқарған топқа осы ұсыныстарды айтқанбыз. Олар «иә, барлығымен келісеміз, жұмыс тобына шақырамыз» деген. Сол күйі сөз болып қалды. Алайда кейбір ұсыныстарды әзір қабылдап жатқанына қарағанда біздің бір пайдамыз тигеніне қуаныштымыз. Әрине, ұсынысымыз екенін ешқайда айтпаса да, ең бастысы нәтиже бар. Психокоррекция енгізсе, шынымен де, зорлық-зомбылық саны біраз азаяр ма еді. Үкіметке жан-жақтан үнімізді жеткізген соң әйтеуір назар аударып, қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүр болды. ІІМ әйелдің арызын күтіп отырмайтындай жағдай жасайтынын айтты. Яғни, әрбірі азаматтық позициясын білдіріп, полицияға шағым түсірсе немесе хабарласса, әйелдің және оның балаларының өмірін сақтап қалар деген үміт бар. Иә, әйелдер қоғамдық қорға көбіне кеңес сұрап келеді, өз құқықтарын білмейді. Шыны керек, осыны пайдаланатын полиция қызметкерлері бар», – дейді SVET қоғамдық қорының негізін қалаушыларының бірі, құқық қорғаушы Мөлдір Жұмабаева.
Аталған қоғамдық қор Үкіметке денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені туралы бапты Қылмыстық кодекске қайтаруды сұраған. Одан бөлек, денсаулыққа зияны тимеген ұру-соғу фактісін ӘҚБтК-да қалдырғанмен, жазаны күшейту керегін ұсынғаны тағы бар. Әрі қор мүшелері мұның алдын алу үшін екі жағдайда да психокоррекциядан өткізу шарасын қолданғанын атап өткен. Өйткені қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау, қорқыту фактісі өршіп тұр.
Мәселен, Арайлым Таманова SVET қоғамдық қоры көмегіне жүгінген. Ол күйеуімен заңды түрде ажырасса да, бұрынғы жұбайы оны аңдуын тоқтатпаған. Әлеуметтік желі арқылы мекенжайын біліп, жасырын келіп, балаларының көзінше экс-әйелін соққыға жыққан. Оған қоса, феморальды артерия аймағына төрт рет пышақ жарақатын салған. Өлтіргісі келетінін ашық айтқан. Жәбірленуші полиция шақырып, іс сотқа өтіп, екі жылға жалғасқанымен, агрессорға екі тәулікке қамаққа алу жазасы берілген. Арайлымға ешқандай моральды және материалды шығын төленбеген. Себебі заң бойынша кейіпкердің жарақаты денсаулыққа жеңіл зияны тиетін жарақатқа жатқан. Шынтуайтына келгенде, Таманова жарты жыл көлемінде қайта қалпына келу ем-шарасын қабылдаған, психолог қабылдауына барған. Жұмысынан айырылып қалғаны тағы бар. Ал балаларына келсек, оқиға салдарынан қызы әлі күнге анық сөйлемесе, ұлының бір көзі көрмей қалған. Яғни, бұл отбасына психологиялық көмек керегі айтпаса да белгілі. Сондықтан кейіпкер елдегі заңның күшіне күмәнмен қарап, орындалу процесіне бас шайқайды.
Иә, белсенділер биыл және өткен жылы митинг өткізді. 2021 жылы келісілген марш ұйымдастырылса, 2020 жылы келісілмеген марш өткен. 2019 жылы жазда келісілген митинг болды. Жалпы, 2017 жылы ең алғашқы келісілмеген марш өткен. Оны ұйымдастырған ҚазФем болғанымен, Феминита мүшелері де қатысушылар арасында жүрген. Бұл іс-шараның бәрі әйел құқығы, отбасындағы зорлық-зомбылық, сексуалды зорлық-зомбылық мәселесін көтерген.
Елдегі заңның әлсіз тұсын белсенділер ғана емес, халықаралық ұйымдар да бірнеше рет бетке басқан-ды. Мәселен, Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Үкіметті отбасындағы зорлық-зомбылықты қылмыстық іс ретінде қарауға шақырған. HRW ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман Қазақстанның қазіргі заңы зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды тағдыр тәлкегіне тастай салатынын, тиісті заң әлі күнге қабылданбағанынан әйелдер зардап шегіп отырғанын ашық мәлімдеді. Сондықтан жаңа заң әйелдердің тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан толық қорғайтынына кепілдік беруі керегін қосқан.
Осы турасындағы шетелдік тәжірибеге келсек, агрессорға қолданатын жаза түрі 1970 жылы Бостонда пайда болған. Әйелдер кризистік орталығында еркектерді психологиялық курстан өткізген. Сол үшін қазір АҚШ-та 1500-ден астам жоба бойынша агрессорларды ерікті және еріксіз түре терапиядан өткізеді. Мұндай терапия түрін Канада мен Аустралия билігі де құптап отыр. Алты құрлықты былай қойғанда, көрші Қырғыз Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте көш ілгері тұр. Оларда да 2017 жылға дейін полиция тек жәбірленушінің арыз-шағымы арқылы жұмыс істесе, қазір медицина қызметкері мен куәгердің арызы жетіп жатыр. Осы заң аясында кінәліні түзетуден өткізу жағы да қарастырылған.
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық жіті көңіл бөлетін мәселе. ІІМ мәліметінше, 2022 жылдың 10 айында денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру бабы бойынша 794 іс қозғалып, 93 әйел қаза тапқан. Ал 2023 жылдың басынан бастап полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық негізінде 18 кісі өлтіру дерегін тіркеген. Дағдарыс орталықтары одағының мәліметінше, жыл сайын 400-ге жуық жуық әйел зорлық-зомбылықтан көз жұматыны тағы бар. Былтыр полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық турасында 100 мыңнан астам хабарлама түскен. Жағдайға мән берсек, әйел бар даусымен көмек сұраса да, еститін Үкімет мойын бұрмай тұрған тәрізді.