Армения, Қырғыз Республикасы және басқасынан арзан көлік әкелген азаматтар миллиондаған теңге алымын келер жылғы наурызға дейін төлеп шығуы тиіс. Қазақстан ЕАЭО аумағында сатып алынған машиналарды пайдалану ережелерін айқындады. Ел Үкіметінің 31 қаңтарда қабылданған, бірақ 3 ақпанда ғана жарияланған №25 Қаулысы елді елең еткізді. Құжат «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстанға әкелудің және Қазақстан азаматтарының пайдалануының кейбір мәселелері туралы» деп аталады. Мәселенің мәнісін түсіндірсек, елімізде «Өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы» («Оператор РОП) деген ұйым бар, ол ескі-құсқы көліктерді қазақстандықтардан арзанға сатып алып, утилизациялайды. Бірақ адамдар шетелдегі көнерген көліктерді де тасып, соған ақшаға өткізуі мүмкін. Бұған тосқауыл қойылуы керек. Халыққа осылай деп түсіндірген, бірақ отандық зауыттардың мүддесін ілгерілеткен кейбір шенеуніктер «утилизациялық төлем» дегенді енгізді. Егер Қазақстан тұрғыны кез келген өзге елден «темір тұлпар» сатып алса, міндетті түрде осы алымды төлейді. Тек одан отандық автозауыт өнімдері босатылады. Бұл алымның не үшін керегін көпшілік түсінбейді. Себебі азаматтардан ескі көлікті сатып алу бағдарламасы жыл сайын науқан түрінде өтеді. Ал азаматтың жаңа әкелген көлігі 15-20 жылдан кейін ғана істен шықса, ол кезде мұндай бағдарлама мен әлгі оператор бола ма? Ол кезде тіпті заң қатайып, көне көлікті утилизациялау иесіне жүктелуі мүмкін. Ендеше бүгінде миллиондап алым төлегендер кейін ескі машинасын кәдеге жаратуға қайта қаржы жұмсап, екі рет шығындалмақ. Арзан көлік иеленгеннің көбі аяқ астынан тағы 1-3 млн теңгені таба алмайтынына шағымданады. Сондықтан билік төлеу мерзімін ұзартып отыр. Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін іске асыру қағидасының 20-тармағы жаңа 2-абзацпен толығады: «Қазақстан азаматтары ЕАЭО мемлекеттерінен 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген автокөлік құралдарына қатысты төлем 2021 жылғы 1 наурызға дейін енгізіледі». Қаулы армян, қырғыз, Ресей мен Беларусь нөмірімен жүрген көлік иелеріне «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін орындағанын растайтын құжатты» уәкілетті органға бастапқы тіркеу кезінде емес, кейінірек, 2021 жылғы 1 наурызға дейін ұсынуына рұқсат етті. Сондай-ақ Үкімет басшысы Асқар Мамин Ішкі істер министрлігіне одақ елдерінен биылғы 1 ақпанға дейін әкелінген барлық машиналарды 2020 жылғы 1 наурызға дейін тіркеп шығуды жүктеді. Жалпы алғанда, осы кезге дейін Еуразиялық одақ елдерінен 170 мыңнан астам автомобиль әкелінген. Айхан ШӘРІП