2015 жылдың көктемінде Сыр еліндегі серпінді жобалардың бірегейі саналатын шыны зауытының құрылысы қарқын алғаны белгілі. Сол кездегі жоспарға сәйкес аталмыш алпауыт зауыт құрылысы 2017 жылы аяқталып, EXPO көрмесіне арнайы шыны өнімдерін шығару көзделген болатын. Бірақ содан бері 5 жылға таяу уақыт өтті. Әлі күнге дейін құрылысы созылып кеткен зауыттың қашан іске қосылатынын дөп басып айту қиын болып тұр.
Зауыт құрылысы жайында баспасөз беттерінде аз жазылып жатқан жоқ. Жалпы, қаржысы 52 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнының жылдық өнімінің қуаты – 197,1 тонна. Бұл зауыт еліміздің ғана емес, АҚШ, Қытай, Италия, Финляндия сынды елдердің заманауи құрылғыларымен жабдықталған соңғы үлгідегі бірегей жоба саналады. Зауыт іске қосылған күнде 160 адамды жұмыспен қамтуы мүмкін. Сонымен бірге өндірілген өнімнің 50 пайызы шетелге экспортталуы керек. Алайда үмітінен күдігі басым бола түскен жоба «әне-міне аяқталады» деумен күн артынан күн, ай артынан ай сырғып өтуде. Атышулы құрылысқа айналған шыны зауытының бастамасы жемқорлықпен басталғанынан қалың қауым хабардар. Қаралған қаржыны жымқырды деген күдікпен бірнеше атқамінерге айып тағылып, қамауға алынған еді. Олардың арасында экс-министр Қ.Бішімбаев та болған. Бірақ сонда да бұл жоба аяқсыз қалмай, құрылысы әупірімдеп жалғасып келеді.
Ең қызығы, құрылыс басына барып, жүріп жатқан жұмыстарға бақылау жүргізетін жергілікті биліктің берер бағасы да әр кезде әрқилы. Сөйтіп, пайдалануға берілетін күні де өзгеріп отырады. Нақты бір шешім әлі күнге айтылған емес. Тіпті, зауытты 2020 жылдың шілде айында пайдалануға беретінін айтқан құрылыс басындағылардың сөзіне ешкім таңырқай да қойған жоқ. Әдеттегідей, үйреншікті жайт. Негізсіз ақпарат беруден тиісті құрылыс мекемесі де шаршаған емес. Әйтеуір, құрылыстың тоқтап қалмай, жүріп жатқаны анық байқалады. Қазығын қаққан бұл зауытты пайдалануға беруге бүгінгі әкім Қуанышбек Ысқақовтың ықыласы зор екені аңғарылып отыр.
Жалпы аумағы 50 га жерді алатын зауытта жұмысшыларға арналған 500 орынды вахталық қалашық тұрғызылады. Оның ішінде 25 вагонның 18-ін жұмысшылар тұрғын үй есебінде пайдаланады. Ал дайын өнім қоймасының ұзындығы – 300 метр, ені 150 метр болады екен. Қазір құрылысқа қажетті заттың 97 пайызы Еуропа мен АҚШ-тан алынып, кейбір қоспаларды жергілікті жерден өндіріп жатыр. 219 адам жұмылдырылған құрылыс жұмыстарына 11 мердігер компания атсалысуда. Оның бас мердігері ретінде «Чайна Триумф Интернэшнл Инжиниринг» қытайлық трансұлттық компаниясы тартылған. Аумағы төрт футбол алаңына тең келетін зауытта тиісті жұмыстар жүріп, барлық қондырғы рет-ретімен құрылып, өнім дайындайтын робот аппараттары қосылса, іріктеп алынған мамандар біліктігін арттыру үшін Қытайдағы «Чайна Триумф» зауытына жіберілмекші. Әрине, әлемдік тәжірибесі мол мердігердің зауытты өз деңгейінде салып шығуына сенім мол. Дегенмен алдыңғыдай бөлінген қаржы ұстағанның қолында кетпесе болғаны.
Миуа БАЙНАЗАРОВА