Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы өзіңде барды өзгемен бөлісуді, көмекке мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беруді көздейді. Айталық, Қазығұрт ауданы бойынша 86 отбасына осы бағдарлама аясында жетекші бекітіліп, жан-жақты көмек көрсетілген. Осындай қайырымдылықтың арқасында тағы бір ана баспаналы болды.
Өңірде жомарт жандар баршылық. Кәсібін дөңгелетіп отырған кейбір кәсіпкерлер тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға да көмек қолын созып, елдің алғысын алып жүр.
Мәселен, баспана тауқыметін тартқан жалғызбасты ана Айгүл Садықова үш баласымен бірге жылдар бойы ауылдағы ғимараттың бөлмесін жалдап келген. Жұпыны лашықты паналаған жандарға тұрақты қамқорлық көрсеткен Қазығұрт ауданының басшылығы бұл отбасына демеуші тауып берді. Жергілікті кәсіпкер қайырымдылық жасап, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған анаға 4 бөлмелі үй салып берді.
«Болашақ» ықшамауданында орналасқан жаңа үй жарық және табиғи газбен қамтылып, ауызсу жүйесі жүргізілген. Өңірде қарқын алған «Қамқорлық» жобасы аясында Қазығұрт ауылының кәсіпкерлері жұмыссыз ананың жаңа қонысына үй-жиһаздарын тарту етіп, азық-түлік алып берді. Басыбайлы баспана бұйырған отбасындағы балалардың қуанышында шек жоқ. Жылдар бойғы қиындықтан құтылған жандардың айтар алғысы айрықша.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» қатарына шынайы ел патриоты ретінде енген Қазығұрт ауданының кәсіпкері Сырым Ертаев осыған дейін де бірнеше жерлесіне баспана сыйлап, жомарттығымен танылған. Үлгі болар ісімен алғыс арқалаған азамат жеке кәсібін дөңгелетіп, көптеген тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Жақсы іске жанашыр ізгі ниетті, ақ тілеулі азаматтар әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж жандарға тұрмысқа қажетті заттарын, отынын алып көмектесуде. Аталған шараға аудан, қала және ауыл әкімдіктері, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының белсенділері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер демеушілік жасауда. Жалпы, облыс бойынша 2 мыңға жуық отбасына жоба аясында жан-жақты қамқорлық жасалмақ.
Тельман БЕЙСЕН,Түркістан облысы