Бастапқы қарқыны жақсы
Бастапқы қарқыны жақсы
386
оқылды
Өткен жылдың күз айында алыстағы Алакөл ауда­нын­да ауыл тірлігін оңалтатын, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтитын бірнеше ірі жоба жүзеге асы­рылды. Арқарлы ауылында өндірістік қуаты 20 мың жыл­қыны бағып, өсіруге есептелген «Алакөл асыл жыл­қысы» атты жылқы фермасы ашылды. Шалғай ау­дан­ның алыстағы ауылында құрылған шаруашы­лық­қа Ресейдің және өз еліміздің табиғаты мен ауа райы Алакөлге келетін аймақтарынан 10 мың бас жыл­қы жеткізілген. Құны 988 миллион теңгені құрайтын шаруашылық 150 гектар жерге орналасыпты. Мұнда жұмысшыларға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Тіпті, кітапханасы мен кино­театры­на дейін жұмыс істеп тұр. Былтырғы қарашада іске қосылған тағы бір жоба – ірі қара малын бордақылаудан бастап, сойып, етін өңдеу­ден өткізіп, еліміздің нары­ғын отандық ет-шұжық өнім­­­дерімен қамта­ма­с­ыз ету­ге негіз­делген «Қа­йың­ды» ЖШС. Ала­көлдің шұ­рай­­лы ай­мағы – Үй­гентас өңі­­рін­­дегі Бұдыр шат­қалына қоныстанған се­рік­тестікте бор­д­ақылау ала­ңы мен ет өңдеу зауы­ты бар. «Ірі қара мал етінің экс­порт­­тық әлеуетін арттыру» мем­ле­кеттік бағдарламасы ая­сын­дағы жобаға салынған жеке­меншік инвестициялық қар­жы да қомақты – 800 мил­лион теңгеге жуықтайды. Осыдан 6 жыл бұрын құ­рыл­ған «Арқарлы-Май­бүй­рек» ЖШС асылтұқымды шаруашылығы алғашында алыс шетелден «Герефорд» жә­не «Ангус» тұқымды сиыр­лар­ды сатып алып, ұшақпан жет­кізген болатын. Содан бері қыр­уар шаруа атқарылған. Былтыр солардан өсіп-өнген асылтұқымды ірі қара саны 7 мыңға жуықтапты. Етті ба­­ғыттағы малды басқа шаруа­шы­­лықтарға сатумен бірге өз­дерінің алдағы жылдарға бағытталған басты жобасы үшін де іріктеп, өсірудің арқа­сын­да 5 мың басты Бұдырдағы бор­дақылау алаңына қоятын мүм­кіндікке жетті. Болашаққа не­гізделген жобаның арқасын­да ет комбинаты жұмысқа кі­ріс­ті. Жобаның үйлестірушісі Асқар Мұқашевтың айтуынша, қал­дықсыз технологиялық өн­ді­ріс күніне 60 сиырды сойып, мүшелеп, етін тереңдете қайта өңдеуден өткізуге қабілетті. Әрқайсысының сыйымдылығы 120 тонналық екі бірдей мұз­дат­қыш үздіксіз жұмыс істейді. Іске қосылғаннан бері зауытта 500 тонна сапасы жоғары ет өн­діріліпті. Әзірге өнім ішкі на­рықта саудалануда. Өйткені экс­порттық және тағы да бас­қа түрлі рұқсатнамалық құ­жат­та­маға қол жеткізудің өзін­дік талап­тары мен қиын­дық­­тары бар көрінеді. Уақыты да тым ұзақ­қа созылуы әбден мүм­кін. Өзін­дік шығыны да жетіп артылады. Қазіргі кезде осы мақсатта нақты жұмыстар ат­қарылуда. Алдағы кезде елі­міз­ден сыртқа сапалы ет және ет өнімдерін шығаратын мық­ты кәсіпорындар қатарына қо­сылатынына сенім де мол. Ала­көлдің дәмді әрі сапалы еті­не сұраныс танытып отыр­ған­­дардың арасында еліміздің өзге ай­мақтарымен бірге басқа елдер де бар екен. Күніне 6 тонна шұ­жық шығара алатын кәсіпорын­ның алғашқы өнімдері тұтынушы­лар көңілінен шығыпты. Осы өнімдерді танымал брендке ай­нал­дыру мақсатында шетел­ден маркетинг пен жарнама жө­ніндегі мықты мамандар ша­қы­рылыпты. Алдағы кезде зауытқа тұш­пара мен котлет өндіретін, бұқ­тырылған ет консервілерін жабатын желілер орнатылады. Қа­зіргі кезде өздері өсірген мал­ды ғана қажетке жаратып отыр­ғандар, өндірістік қуат то­­лық іске қосылғанда көр­ші­­лес Ақсу, Сарқан аудан­­да­ры мен Шығыс Қазақ­стан облыстарындағы ша­руа қо­жа­лық­тарымен, се­ріктес­тік­­тер­мен іскерлік ынты­мақ­тас­тық ор­натады.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы