Шетелдік байқаушылар қазақстандық жастардың саяси белсенділігін жоғары бағалады
Шетелдік байқаушылар қазақстандық жастардың саяси белсенділігін жоғары бағалады
Халықаралық байқаушылар Ризван Гусейнов пен Вахтанг Маисая қазақстандықтардың сайлауға қатысу белсенділігін жоғары бағалады. Бұл туралы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте айтты. Кавказ тарихы орталығының директоры Ризван Гусейнов бүгінгі өтіп жатқан сайлау процесінде өзі байқаған ерекшеліктер жайлы айтып берді.
«Таңғы сегізден бірнеше сайлау учаскесінде болдық. Мені таңғалдырғаны халықтың белсенділігі. Бүгінгі ауа райы мен демалыс күніне қарамастан дауыс беруге келген халықтың қарасы көп. Бұл халықтың саяси белсенділігінің жоғары екенінің белгісі. Сонымен қатар бюллетеньде «бәріне қарсымын» деген нұсқаның болуы да біз кездестірген ерекшеліктердің бірі» – деп атап өтті Әзербайжан мемлекетінің өкілі.
Ал Грузиядан келген байқаушы, саясаттанушы Вахтанг Маисая сайлау кезіндегі волонтерлердің жұмысы мен жастардың саяси белсенділігі жайлы айтты.
«Алдымен, баршаңызды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Менің ойымша, сайлаушылардың белсенділігі орташадан жоғары. Президент сайлауында да байқаушы болғанмын. Ол кезде де белсенділік жоғары болған еді. Маған ерекше ұнағаны жастардың белсенді қатысуы. Соның ішінде волонтерлердің жұмысын ерекше атап өтер едім. Жоғары ұйымдасқан деңгейде сайлау процесіне қатысып, волонтерлік қызмет атқарып жүр. Өз еліме барғанда міндетті түрде бұл тәжірибе жайлы айтатын боламын. Таңғы жетіден бері он бір сайлау учаскесінде болдым. Ешқандай ереже бұзылған жоқ. Дауыс беру анонимді түрде, бірқалыпты өтіп жатыр», – деді Вахтанг Маисая.