Сыр өңірінде 486 002 сайлаушы тіркелген
Сыр өңірінде 486 002 сайлаушы тіркелген
601
оқылды
Қызылорда облысында ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихаттардың депутаттарын кезектен тыс сайлау науқаны жоғары деңгейде өткізілуде. Қазіргі уақытта облыста 516 сайлау комиссиясы және 3 382 комиссия мүшесі қызмет жасауда. Бұл жайында Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов БАҚ өкілдеріне арнап өткізген баспасөз брифингінде мәлімдеді. Комиссия төрағасының айтуынша, өңірде таңғы сағат 06:00-ден 11 учаске ашылса, сағат 07:00-ден бастап қалған учаскелер өз жұмысын жүргізуде. Барлық сайлау учаскелері талапқа сай  арнайы кабиналармен жабдықталған. – «Жалпы аймақ бойынша барлығы 373 сайлау учаскесі бар. Оның ішінде 29-ы ерекше жағдайдағы учаске, яғни, әскери гарнизондар, тергеу изоляторлары, вахталық қалашықтар мен емдеу мекемелері болып саналады. Азаматтарға дауыс беру учаскесін нақтылау үшін 20 қаңтардан бастап 109 колл-орталығы, «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі (saylau.orda.gov.kz) іске қосылды.  Бүгінгі күні сервисті 30 мың тұрғын пайдаланды. Сонымен қатар, telegram-бот (sailau_kzoBot) және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімінен тексеру мүмкіндіктері бар. Бұл қызметті де 9 мыңға жуық сайлаушы пайдаланған. Саяси науқанға облыс аумағынан 486 002 адам сайлаушы ретінде тіркелген, – деді Әділбек Ерсұлтанов. Брифингте бүгін халық үшін 24 сағат 109 call-орталығының қызметі қолжетімді екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ egov порталында азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін орнату үшін 169 сайлау учаскесі жұмыс істеуде.