Халықаралық байқаушы Қазақстандағы демократияға баға берді
Халықаралық байқаушы Қазақстандағы демократияға баға берді
414
оқылды
Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығындағы брифингте шетелдік байқаушылар бүгінгі өтіп жатқан сайлау негізінде Қазақстандағы демократия жайлы өз пікірлерін білдірді. Румыния Парламентінің депутаты Борис Волосатый өзі болған сайлау учаскелеріндегі жағдай туралы баяндап, елдегі демократия деңгейіне баға берді.
«Мен Қазақстан тарихындағы маңызды саяси процеске қатысып жатқаныма қуаныштымын. Сайлау учаскелерінің бірінде қарапайым тұрғыннан сайлауға не үшін қатысып жатқанын сұрадым. Ол еш кідірместен  «Мен мемлекеттік ұлы мақсатқа, демократиялық Қазақстанға қол жеткізу үшін өз таңдауымды жасадым» деп жауап берді. Бұл халықтың сайлауға, мемлекеттің болашағына бей-жай қарамайтынының белгісі деп білемін.
Ал сайлау процесіне келетін болсақ барлығы жоғары деңгейде, ұйымдастырылған. Сайлаушылардың белсенділігі мен қызығушылығы да жоғары, - деді ол. Сонымен қатар сайлау учаскелерінде жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің біліктілік деңгейін де жоғары бағалады. Осылайша Қазақстан демократиялық қоғам құруға қадам жасап жатқанын айтты. Ол өз сөзінде бұл өзгерістерді Президент сайлауы кезінде де байқағанын атап өтті. Борис Волосатыймен бірге брифингке келген Мажарстан мемлекеттік жиналысының депутаты Шандор Ковач пен Словак Республикасы Халық Радасының депутаты Петер Кмец те әріптестерінің пікірін қолдап, сайлау процесіне оң баға берді.