Бірде қар, бірде жаңбыр болып жұртты ығыр қылған биылғы қыс талдықорғандықтарды да қалжыратып, көктемге таяған көкөзек шақта мүлде шаршатып жіберген еді.
Осындай күнделікті көңілсіз күндердің бірінде қаланың орталығында кенеттен пайда болған «Арыстан Патша» мультфильмнің басты кейіпкері «Алекс» облыс орталығы тұрғындарына тамаша көңіл-күй тарту етіп, тірлік қамымен шапқылап жүрген жандарға көңілді оқиғалар айтып, бірге суретке түсіп, жадыратуға тырысты.
Бұрын-соңды мұндайды тек теледидардан ғана көретін талдықорғандықтар өздерін қуантқан жанға алғыстарын жаудырды. Артынан анықталғандай осыдай тың тәсілмен жерлестерін жадыратқан жан – Тайыр Тойғұлов деген азамат екен. Ол өзінің бұл қадамы арқылы күнделікті тірліктің қым-қуыт қамымен шапқылап жүріп, айналаға назар салуды да ұмытатын қалалықтарды бір сәт те болса серпілтіп, көңілдендіргі келгенін айтады.
«Мен адамдарды күтпеген жерде күлдіріп, таңдандыруды жақсы көремін. Осы мақсатта тұрғындардың ойына да келмейтін көңілді көріністер мен әрекеттер ойлап табуға тырысамын. Соңғы уақытта адамдардың көңілсіз, шаршаңқы жүргендерін байқадым да, өзім жақсы көретін мульткейіпкер «Алекстің» бейнесін сомдап, жерлестерімді жадыратқым келді және онымды жүзеге асырдым деп ойлаймын», - дейді тапқыр талдықорғандық Тайыр Тойғұлов.
Шынында да, тұнжырап келе жатқандар «Алексті» көргенде бірден көңілденіп, қызғушылықтарын, таңданыстарын байқатты. Құшақ айқастырып, бірге билеп, суретке түсіп жатты. Осылайша таяп қалған көктем лебін сезіп, ертеңге күнге деген сенімдері артты.
Болат Абаған, Алматы облысы