Тексеруші де тәртіп бұзады
Тексеруші де тәртіп бұзады
594
оқылды
Солтүстік Қазақстан облы­сында тексеру комиссиясының мүшесі жеті жылға сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сол­түстік Қа­зақстан облысы бо­йынша депар­таментінің хабар­лауынша, ол қызметтік бабын пайдаланып, пара алған. Тергеу барысында ревизор Талғат Кенжебаев Айыртау аудандық әлеу­меттік қызмет көрсету орталығын тек­­серу барысында бірқатар бы­лықтың бетін ашқан. Бірақ ауди­торлық есепте оны көрсетпеу үшін лауазымды тұл­ғалардан 2,5 миллион теңге пара алған. Осылайша, ревизор айыпты адамдар­ды тәртіптік және әкімшілік жауапкер­шілікке тартудан қорғап қалуға кепіл­дік берген. Жа­задан қорыққан орталық басшылары ревизордың сұ­рат­қан қаржысын орталықтың ғимара­тында-ақ қолына ұстата салыпты. Тексеру комиссиясы бұдан бөлек облыстық Жұмыспен қамтуды үй­лестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында және оған бағынышты ұйымдарда да тексеріс жүргізіп, бір­қатар олқылықты анықтаған. Атап айтқанда, мемлекеттік аудит барысын­да басқармада және оның ведомство­лық бағынысты ұйымдарында жеке­леген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мәселесі бо­йын­ша мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде шартты жеңілдіктерді дұрыс қолданбау, бухгалтерлік есептің негізгі қаржысы бойынша мәліметтердің дұрыс көрсетілмеуі және басқа да бірқатар заңбұзушылықтың беті ашылған. Алайда аудиторлар тобын басқарған Талғат Кенжебаев облыс әкімінің атына мемлекеттік мекеме басшысы Алмаз Қошмановты тәртіптік жауап­кершілікке тарту туралы ұсыныс жа­саудың орнына істі пара алып жап­пақшы болған. Жазадан жалтаруды мақсат еткен басқарма басшысы оған сұрағанын берген.
«Алмаз Қошмановпен кездесу бары­сында Кенжебаев оған қатысты шараның алдын алу үшін АИ-95 мар­калы 300 литр бензиннің талонын сұ­рап, заңсыз талап қойған. Қошманов өзінің жеке қаражатын жұмсағысы кел­мей, өзіне сеніп тапсырылған бас­қармадан 400 литр бензиннің талонын те­гін алып берген, ал 100 литрін жеке ба­­­сының қажеттілігіне пайдалан­ған», – деді облыстық Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл департа­мен­ті Превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин.
Бұл орайда Алмаз Қошманов өз қарамағындағы қызметкерлер мен бағынышты медициналық-әлеуметтік мекемелерді дұрыс бақыламағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тар­тылуы тиіс болатын. Солтүстік Қазақстан Ревизорға пара берілгені туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне Айыртау ау­дандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының лауазымды тұлғалары хабарлапты. Бұл дерек бойынша бірден сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған болатын. Нәтижесінде, Петропавл қалалық сотының үкімімен ревизор Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол енді өмір бақи мемле­кеттік қызмет атқара алмайды. Оның алған 2 миллион 565 мың 940 теңге парасы толығымен мемлекет мен­шігіне тәркіленді. Ал Айыртау аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының лауа­зым­ды тұлғаларына қатысты қылмыс­тық іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды.
«Олардың жасалған қылмыс туралы ерікті түрде хабарлағаны және қыл­­мыс­ты ашу мен тергеу барысына жәр­дем­дескені, сондай-ақ тексеру ко­мис­сия­сының мүшесі Талғат Кен­же­баевтың тарапынан пара бопсалау фак­тісі бұл қылмыстық істі ақталмай­тын негіздер бойынша тоқтатуға негіз болды», – деп хабарлады Солтүстік Қа­зақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшы­сы­ның бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Солтүстік Қазақстан облысы әкім­дігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасы басшысы да дәл осы үкім­мен айыпты деп танылды. Басқарма басшысы өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғаны және пара бергені үшін кінәлі. Сол үшін оған берген парасынан 30 есе артық, яғни 1 миллион 978 мың 200 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ ол да өмір бойы мемлекеттік қызмет сал­а­сында, жергілікті өзін-өзі басқару ор­гандарында, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъек­ті­лерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.
 «Осы мән-жайлар облыстық тексеру комиссиясының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкім­дігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масының имиджіне теріс әсер ете­ді және қоғам алдында мемлекеттік қыз­метшінің беделіне нұқсан кел­тіреді. Қалыптасқан жағдай осы қыз­мет сала­сында сыбайлас жемқор­лық көрініс­терін, сондай-ақ заңбұзу­шы­лықтарды жою және оларды бол­дыр­мау жөнінде шұғыл шаралар қа­был­дауды талап етеді», – деді Айдос Жүнісов.
Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабының талаптарына сәйкес жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді, оның нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жө­нінде шара қабылдауды, сондай-ақ қыз­меткерлердің кәсіби деңгейін тұ­рақты негізде сыбайлас жемқор­лыққа қарсы заңнаманы зерделеу бойынша сабақтар ұйымдастыру арқылы ұдайы жетілдіру туралы ұсыныс жасады. тексеруші Тексеру комиссиясы – жергілікті бюджеттің орындалуына қаржылық бақылау мен сыртқы мемлекеттік аудит жүргізетін орган. Оның мис­сиясы – қаржы тәртібін нығайту және өңірде экономикалық тұрақ­тылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын, мем­лекет пен квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арт­тыру. Ендеше «Ет сасыса, тұз себер, тұз сасыса, не себер?» деуден басқа амал жоқ. Мұндай басшылар мен ревизор­ларға бюджетті сеніп тапсыру қасқырға қой бақтырғанмен бірдей секілді.

Солтүстік Қазақстан облысы