«Алмаз Қошмановпен кездесу барысында Кенжебаев оған қатысты шараның алдын алу үшін АИ-95 маркалы 300 литр бензиннің талонын сұрап, заңсыз талап қойған. Қошманов өзінің жеке қаражатын жұмсағысы келмей, өзіне сеніп тапсырылған басқармадан 400 литр бензиннің талонын тегін алып берген, ал 100 литрін жеке басының қажеттілігіне пайдаланған», – деді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулин.Бұл орайда Алмаз Қошманов өз қарамағындағы қызметкерлер мен бағынышты медициналық-әлеуметтік мекемелерді дұрыс бақыламағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс болатын. Ревизорға пара берілгені туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне Айыртау аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының лауазымды тұлғалары хабарлапты. Бұл дерек бойынша бірден сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған болатын. Нәтижесінде, Петропавл қалалық сотының үкімімен ревизор Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-тармағы бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол енді өмір бақи мемлекеттік қызмет атқара алмайды. Оның алған 2 миллион 565 мың 940 теңге парасы толығымен мемлекет меншігіне тәркіленді. Ал Айыртау аудандық әлеуметтік қызмет көрсету орталығының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды.
«Олардың жасалған қылмыс туралы ерікті түрде хабарлағаны және қылмысты ашу мен тергеу барысына жәрдемдескені, сондай-ақ тексеру комиссиясының мүшесі Талғат Кенжебаевтың тарапынан пара бопсалау фактісі бұл қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатуға негіз болды», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы да дәл осы үкіммен айыпты деп танылды. Басқарма басшысы өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғаны және пара бергені үшін кінәлі. Сол үшін оған берген парасынан 30 есе артық, яғни 1 миллион 978 мың 200 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ ол да өмір бойы мемлекеттік қызмет саласында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органдарда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.
«Осы мән-жайлар облыстық тексеру комиссиясының, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының имиджіне теріс әсер етеді және қоғам алдында мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіреді. Қалыптасқан жағдай осы қызмет саласында сыбайлас жемқорлық көріністерін, сондай-ақ заңбұзушылықтарды жою және оларды болдырмау жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды талап етеді», – деді Айдос Жүнісов.Осыған байланысты Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 200-бабының талаптарына сәйкес жоғарыда аталған мемлекеттік органдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізуді, оның нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шара қабылдауды, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби деңгейін тұрақты негізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы зерделеу бойынша сабақтар ұйымдастыру арқылы ұдайы жетілдіру туралы ұсыныс жасады. Тексеру комиссиясы – жергілікті бюджеттің орындалуына қаржылық бақылау мен сыртқы мемлекеттік аудит жүргізетін орган. Оның миссиясы – қаржы тәртібін нығайту және өңірде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру. Ендеше «Ет сасыса, тұз себер, тұз сасыса, не себер?» деуден басқа амал жоқ. Мұндай басшылар мен ревизорларға бюджетті сеніп тапсыру қасқырға қой бақтырғанмен бірдей секілді.
Солтүстік Қазақстан облысы