Ұлт ұлықтаған ұлы күн
Ұлт ұлықтаған ұлы күн
Байтақ, бейбіт, берекелі елге ұлттық мерекесін кең ауқымды атап өтсе жарасады. Өйткені бірлігі қашып, бүгіні тұлдыр, болашағы бұлдыр болған елдің мейрамға мойын бұруға шамасы болмас еді. Ендеше тіршілік жаңаратын, келешек жақсылыққа бас­тайтын әз-Наурыз Қазақ елі үшін еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің ныша­нына айналды. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Наурызды жаңаша тойлауға ден қоюда. Бірақ бұл нені білдіреді? Қазақстан үшін әз-Наурыз шыны­мен де бас мереке. Тек осы мейрамда мемлекет халыққа қатарынан үш күн демалуға рұқсат етеді. Кеңес кезінде атап өтуге бейресми тыйым салынған Ұлыстың ұлы күнімен халқымыз ХХ ғасырдың 80-жылдары қайта қауыш­­ты. Дегенмен ол Қазақ КСР Пре­зидентінің 1991 жылғы 15 наурыздағы «Көктемгі халықтық мереке – Наурыз мейрамы туралы» №285 Жарлығы шыққаннан кейін ғана ресми таныл­ды. Құжатқа сәйкес, көктемгі күн мен түннің теңесу күні – 22 наурыз «Нау­рыз мейрамы» болып жарияланды. Ал 2009 жылғы 22 сәуірде «Қазақ­стан Республикасындағы мерекелер туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Наурыз мейрамы наурыздың 21-і мен 23-і күндері аралығында атап өтіледі. Жалпы, бұл шешім еңбек­керлерге көбірек тынығуға мүмкіндік беруді ғана көздемейді. Үш күнгі де­малыстың енгізілуі сонымен бірге ме­ре­кенің рөлінің артуына, осы ар­қылы азаматтарды қоғамның мәдени өміріне қатысуға тартуға, халықты тұтастыруға, яғни дініне, ұлтына қарамастан, елдегі бүкіл этнос өкіл­дерін, жас ұрпақты бір жалпыұлттық мерекеге жұмылдыруға жол ашты. Кеңес кезінен бұл рөлді Жаңа жыл мейрамы атқарғаны белгілі. 2021 жылғы 5 қаңтарда жариялан­ған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әз-Наурызды жаңаша атап өтуді ұсынды. Таяуда осы ұсыны­сын еске салды. Оның айтуынша, халқымыздың жарасымын бағалай, аялай білу керек. Бұл – кемел келе­шекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғам­ның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақты­лық пен береке-бірлік үшін барша қазақстандық бірдей жауапты.
– Осы орайда халқымызды бірік­тіретін ортақ құндылықтарды барын­ша дәріптеп, ой-санаға берік орнық­тыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырым­дамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады, – деді Қ.Тоқаев.
Жалпы, Наурыз мейрамын жаңа форматта тойлауға бұған дейін бір­неше рет талап жасалды. Нәтижесінде, республиканың кейбір аймақтары оны 14 наурыздан, Амалдан бастап атап өтеді. Оңтүстік өңірлер Ұлыстың ұлы күнін қатарынан 9 күн тойлап көрді. Үкімет бұл тәжірибені бүкіл Қа­зақ­­станға таратып, әр күнге жеке атау телуге талаптанды. Бірақ мұны халық қабылдай қоймады. Осы бағыттағы тосын қадамдардың бірі Президент Әкімшілігі басшысы­ның 2010 жылғы 17 ақпандағы «Қазақ­стан Республикасында мерекелерге дайындық пен оларды өткізу жөніндегі ұсынымдарды мақұлдау туралы» №01-39.10 бұйрығы еді. Тосын бола­тыны, бұл құжатта Наурыз мейрамын жаңа фор­матта тойлау «қоғамның көзқарас­тары мен қатынастарын, мемлекеттік шараларды, қоғамның рухани-адам­гершілік және әлеуметтік өміріндегі мемлекеттің рөлін қайта қарауды білдіреді». Әрине, мемле­кеттің еш рөлі қайта қаралған жоқ. әз-Наурыз Себебі сол кездегі билік өзге этно­стар да өзінікіндей қабылдай алуы үшін Наурыздың қазақылық, ұлттық сипатын төмендетуге тырысты. Себебі бұйрықта Наурызды мереке­леудің мақсаты ретінде Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, қоршаған ортаны қорғау, адам­ның табиғат пен қоғамда үйле­сімді өмір сүруі айқындалды. Құжатқа сәйкес, мерекенің міндет­теріне ең бастысы, «этносара­лық қа­ты­настар мәдениетін тәрбиелеу, дос­тық пен сенімділік жағдайын жа­сау, Қазақстан халықтарының мәдениетін жақындастыру, ортақ мәдени құнды­лық­тарды, жалпы­ұлт­тық сананы қа­лып­­тастыру» жат­қызыл­ды. Мұның сыртында Наурыз мереке­сіне экологиялық реңк беруге талап жа­салды. Бұйрықта сондай-ақ мереке­нің эмблемасы мен нышаны бекітілді. Наурызға арналған мерекелік безен­дірулерге нақты қандай түстер («ашық жасыл, әнтек жасыл, қызыл қошқыл, қызғылт сары») басым пайдаланылуы керек екені көрсетілді. Тоғыз күн тойдың тақырыбына не лайық? Өткен ғасырдан бері алғаш рет, 2020 жылы Қазақстанда Наурыз жал­пы­­мемлекеттік деңгейде тойланбады. Тіпті, оны тойлауға, бұқаралық іс-шаралар, ха­лық­тық серуендер, түрлі концерт өткізуге тыйым салынды. Себебі белгілі: әлемді пандемия жай­лады. Тіпті, қала­лар­да да Наурызға сай безендіру, құттық­тау жазылған бан­нерлер көзге түспеді. Бас қалада бастамашыл топ «Нау­рыз­ды үйіңде тойла!» атты науқан бастап, елге үндеу тастады: психолог, блогер Құ­ра­лай Ошақбаева бастаған қоғам белсен­ділері қазақстандықтарды Наурызды тек үйде тойлауға, тіпті қонақ қабылдамауға шақырды. Карантин және шектеу шара­ларына байла­ныс­ты әз-Наурыз 2021 жылы да атап өтіл­меді. Тек жаһанды жайлаған індеттің беті қайт­қан 2022 жылы ғана ай мен күндей әлемге бірдей адамзаттың ортақ қазынасы деп танылған бұл мереке қазақ еліне қайта оралды. Дегенмен Президенттің 2021 жыл­ғы қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан кейін Үкімет Наурызды мерекелеудің жаңа тұжы­рымдамасын әзірлеуге кірісті. Мұның қисыны бар: әр өңір оны әр­түрлі атап өтеді. Тек жазылған жазулар, тігілген киіз үйлер, құрылған алты­бақан, мерекелік концерт пен ұлттық киімдер ғана оның өзге мейрам емес, әз-Наурыз екенін аңғартатын. Билік бүкілхалықтық думанды бірегейлікке, бір қалыпқа келтіруге бел буды. 2021 жылғы 20 наурыздағы құттық­тауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурызды жаңаша атап өтудің жөн-жобасын белгіледі. Оның байламынша, мерекенің әр күні елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс. Барлық аймақта жас ұрпақ үшін тәр­бие­лік мәні зор көптеген іс-шара қол­ға алынуы қажет. Ұлыстың ұлы күнін той­лау қалалар мен ауылдардың ау­қым­ды алаңдары мен көрікті көше­лерінде өтетін бірнеше сағаттық іс-шарамен ғана шектелмеуі қажет. Наурыз – ең алдымен, тағылымы мол отбасылық мейрам. Мерекелік көңіл күй барлық шаңырақта болуы керек. Қ.Тоқаев жастар үлкендерге сәлем беріп, батасын алса, бір-біріне ақ тілектерін арнаса, сол жарасымды болатынын атап өтті. Ел ұғымында қырдың қызғалдағы – нағыз көктемнің нышаны екеніне назар аудартқан Мемлекет басшысы қызғалдақ гүлін Ұлы даладағы ұлыс­тың ұлы күнінің басты белгісі ретінде бекітуді ұсынды. Артынша «Ашық НҚА» сайтында Наурыз мейрамын атап өту тұжырым­дамасын бекіту туралы Үкімет Қау­лысының жобасы жарияланды. Бірақ қоғамның қатаң сынына ұшырап, қа­был­данбады. Сол кезде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, мемлекет және қо­ғам қайраткері Мырзатай Жолдас­беков, «Оберег» қоғамдық бірлестігі­нің өкілі Юлия Лагуткина, Рухани жаңғыру орталығының басшысы Жанар Бұқанова ұсынған Наурыз мейрамы тұжырымдамасы отбасылық дәстүрлер мен бірлікті нығайтуға бағытталды. Сарапшылар 9 күндік та­қы­рыптық мерекелеудің келесі тәр­тібін ұсынды: 14 наурыз – Көрісу (Амал) күні – туыстармен және дос­тар­мен кездесіп, амандық-саулық сұрасу күні. 15 наурыз – Шежіре күні – еске алу күні. 16 наурыз – Жайлау күні – табиғатты аялау күні. 17 наурыз – Волонтерлердің қатысуымен игі істер күні/дарқандық күні. 18 наурыз – Шымырлық пен шеберлік күні. 19 наурыз – Зияткерлік күні – даналық пен білім күні. 20 наурыз – Жоралғы күні – отбасылық дәстүрлер мен жақсы әдеттер күні. 21 наурыз – Ұлт­тық тағамдар күні. 22 наурыз – Бұ­қара күні – көктемгі күн мен түннің теңесу күні. Жаңа өмірдің басталуы және жаңару мерекесі. Бұл тұжырым­дама да қоғам арасына, ел санасына сіңісе алмады. мереке Содан 2022 жылғы наурызда Мәде­ниет және спорт министрлігі Наурыз­ды мерекелеудің жаңа тұжырым­дама­лық тәсілдері әзірленгенін хабарлады. Бірақ ол тұжырымдама «Әділет» нор­ма­тивтік-құқықтық актілерінің ақ­парат­тық-құқықтық жүйесінде сол бойы пайда болмады, тіркелмеді. Наурыз қалай тойлануы керек? Әлеуметтанушы Қайсар Мақанов билік Наурызды қалай тойлау керегін жоғарыдан тықпалауын доғаруы керек деген пікірде.
«Бұдан бірліктің мерекесін жаса­мақ болуда, ал жеке мереке – Қазақ­стан халқының бірлігі күні бар ғой. Наурызға экологиялық сипат берген де дұрыс емес, жұрт сенбіліктен шар­шады, қашады. Бұл жерде қазақтың ұлттық құндылықтарына басымдық берілгені жөн. Наурызды атап өтуге жаңаша сипат бергісі келсе, билік мұны бұйрық, жарлық, тұжырымдама түрінде ұсынбауы керек. Маркетинг тех­нологияларына жүгінуі керек. Мысалы, АҚШ Рождествоны, Хэлло­уин мерекелерін мәдениет, кино, өнер, халықтық фестивальдар арқылы насихаттады. Кеңес Одағы 1929 жылы православ Рождествосын тойлауға тыйым салды, оның орнын басатын ортақ, жалпыхалықтың мереке қажет болды. Сол себепті 1935 жылы алғаш рет Жаңа жыл мерекесі белгіленіп, дәл осы халықтық думандар арқылы қо­ғамдық санада бекіді», – деп қаперге салды әлеуметтанушы.
Оның айтуынша, қазақтың сана­сында әз-Наурыз – жер бусанып, табиғат жаңаратын мезетті әдіптейтін көктемнің әдемі мерекесі. Табиғаттың жаңаруы адамдарға рух береді, қыстан қысылған адамдардың еңсесі тіктеледі, қоғам жаңа күш, тың жігермен ілгері ұмсынады. Араз табысып, ағайын қауышады. Демек, бұл мерекені бір­лікті нығайтуға да, демократиялық жаңғыруды өрістету мақсатында да идеологиялық тұрғы­дан пайдалануға болады. Бірақ мұның бәрі саясат емес, мәдениет арқылы жүзеге асуы тиіс. Қазіргі заман – ақпараттық техно­логиялар дамыған шақ, Наурызды жаңаша атап өтуді интернет, әлеу­меттік желі арқылы жаңаша, қуатты насихаттаған жөн. Мысалы, жарна­масы мықты болған соң қазақтардың өзі Крещение күні ойыққа сүңгіп, крест сүйіп жүр.
«Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілі ұнатуы үшін халыққа жағымды­ның бәрін осы Ұлыстың ұлы күніне шоғырландыру керек. Барлық жұмыс берушіні әз-Наурызға орай сыйақы не он үшінші жалақы беруге көндірген жөн. Қалтасына қаражат түссе, аза­мат­тар балаларына, немерелеріне, туысқандарына сыйлық жасай алады, мол дастарқан жайып, отбасын немесе қонақтарын қуанта алады. Наурызда сауда орындары жаппай, салмақты, шынайы жеңілдіктер жасауы керек. Бюджеттен қаржыланатын театрлар­ды, ансамбльдерді, қаптаған өнер ұжымдарын Наурыз күндері халыққа тегін өнер көрсетіп, қойылым қоюға міндеттеген жөн. Осы күндері музей­лер де тегін кіргізуі шарт. Яғни, билік Наурызда еңсесін тіктеп, күйкі тірлік­тің ауыртпалығынан арылып, сергуі үшін қарапайым бұқараның 9 күн бойы көңіл көтеріп, серуен құруына барлық жағдай жасағаны жөн. Сонда ел мейрамды шын сезінеді», – деді сарапшы.
Әйтпесе, оның айтуынша, қазақ­стан­дықтардың көбі Наурызды үш күн қатарынан демалу үшін ғана күтеді. Оқушылардың көктемгі каникулы да осы кезге сәйкес келді. Бірақ Оқу-ағар­ту министрлігі каникул мерзімін азайтып тастап, шәкірттердің көңіліне қаяу түсірді. Қоғам қайраткері Оразкүл Асан­ғазы Наурыз ұлттық және отбасылық мей­рам сипатын сақтаған жөн деп есептейді.
«Наурызда жаңа тіршілік, жаңа тыныс пайда болады. Сондықтан бұл – жыл басы. Қазақстан осы жаңа жы­лы­мызды жай тынығумен өткізеді. Мәселен, Иранда бұл күндері Теһран­да, қалаларда адам қалмайды екен. Бәрі ауылға барып, кіндік қаны там­ған жерлерге жетіп, ата-әжелеріне сәлем береді, туысқандық байланыс нығая­ды. Аруақтарға Құран оқытады. Қа­зақ­станда ұлттық дәстүрден ажыра­ма­ған отбасылар ғана наурыз көже пі­сі­реді. Үй ішін, ауланы тазалап, жаңа­лайды», – деді қоғам қайраткері.
Жалпы, ғалымдар бес мың жылдан астам тарихы бар наурызды тойлаудың этнографиялық қырына үңіліп, оның байырғы қазақ елінде қалай атап өтілгеніне назар аудару керек десе, са­рап­шылар оның заманауи сипатына баса мән берген абзал деп табандайды. Қалай болғанда, мұның бәрі ізденісті талап етеді. Өйткені наурыз көптеген атрибуттық, мазмұндық тұрпатынан ажырап қалды, әбден қарабайырла­нып, сүреңсіз тартты. Бұл күнді адам­дар орталық алаңға барып, жай ғана тегін палау мен бауырсақ жеп қай­татын күн ретінде қабылдамауы керек. Филология ғылымдарының докто­ры Шәкір Ибраевтың байламынша, Қазақстанда 90-жылдары Наурыз бұ­қаралық мерекеге айналып, қазақ­тың рухын көтерудің, ұлттық бастау­ларға оралудың қайнары ретінде қа­рас­­тырылды. Кейін біртіндеп сая­бырсып, тіпті сұйылып кетті. Олай болса, бұл мерекенің ма­ңызын арттырып, мәртебесін көтеру үшін бәрібір мемлекеттің араласуы, бюджет арқылы қолдау мен БАҚ ар­қы­лы мемлекеттік үгіт қажет бола­ды. Нау­рыз замана талабына да сәйкес ке­ліп, ұлттық мүддеге, елдікті нығай­туға да ықпал етсе, нұр үстіне нұр бо­лар еді. Не болса да, Наурыздан наурызға ба­сымыз аман, бауырымыз бүтін же­ту­ге жазсын!