Шамалы күннен соң Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамымен қатарласа барша мұсылман жамағаты үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталады.Осы киелі ай қарсаңында халықтың оразаға дайындығы, елдегі діни ахуал, дін мен дәстүрдің сабақтастығы турасында Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспанмен сұхбаттасқан едік. – Төлеби қажы Дәділұлы, санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталмақ. Биылғы ораза айына қандай игі істер жоспарлап отырсыздар?
– Айлардың сұлтаны Рамазанды төрткүл дүние мұсылмандары асыға күтті. Бұл – Исламның бес негізінің бірі. Құран түскен қасиетті ай. Рамазанда балиғат жасына жеткен, физикалық және психикалық денсаулығы дұрыс әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Рамазандағы құлшылығы жайлы сахабалар естелігіне сүйене отырып, ғалымдар бұл айда Құран оқу және қайырымдылық жасауға ерекше басымдық беру керек екенін кеңес еткен. Мәселен, әбу Ханифаның ұстазы Хаммад 500 кісіге ауызашар беріп және оларға айт күні киім-кешек таратқаны жайлы деректер бар.
Біз де ата-бабаларымыз салып берген сара жолмен Рамазанда мешіттерде тарауих намазында Құран хатым оқып, жамағатпен бірлесіп ауызашар дастарқанын жайып, көрші-қолаңға жарапазан айтып өткіземіз. Оразаға қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарды ескеріп, былтыр «Оразаға қатысты 200 сұрақ» кітабын әзірледік. Биыл Алматыда бұл кітап 10 мың таралыммен тегін таратылмақ. Қала мешіттерінде Рамазан айында «Ислам және ізгі қоғам» тақырыбы аясында отбасы құндылықтары, оразаның сырлары және қайырымдылық бағыттары бойынша бірқатар іс-шара жоспарланған. Дін мен дәстүрдің сабақтастығын дәріптеу мақсатында Алматы тұрғындары арасында «Жарапазан рarty» байқауын жарияладық. Шаһардың бас мешітінде күнделікті 500 адамға ауызашар дастарқаны жайылмақ.
Орталық мешітке қарасты azan.kz сайтына бір күнде 20 мыңнан астам оқырман кіреді. Ал Рамазан айында оразаға қатысты мәлімет іздеушілер саны 50 мыңнан асып жығылады. Сол себепті azan.kz сайтының ресми парақшасын қазақ-орыс тілдерінде жүргіземіз.
Осы жерде оқырмандарға ақпарат үшін айта кетейін, оразаға, жалпы діни мәселеге қатысты қандай да сұрақтар болса, ҚМДБ жанынан ашылған Діни ақпарат беру орталығынан жауап алуға болады. Ол жерде арнайы Call-орталық жұмыс істейтін болады.
– Алматы – жастардың қаласы. Жастар тәрбиесіндегі Ислам дінінің орны ерекше екенін білеміз. Жастар тәрбиесін дінмен сабақтастыру қалай жүргізіліп жатыр?
– Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін», – деп атап өтті. Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандар діни бірлестігі жастар ісі секторы бар. Аталмыш сектор әртүрлі санаттағы жастар арасында деструктивті діни ағымның алдын алу және иманды, ұлтжанды, отаншыл жастарды қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс атқарып келеді. Жастар арасында Алаш арыстары, ұлт зиялыларының кітаптарын оқудан жастар арасында тұрақты түрде сайыстар өткізіледі. Біз жастарға діни сауат берумен бірге оларды түрлі волонтерлік, қайырымдылық және әлеуметтік шараларға жұмылдырамыз. Сол арқылы олардың бойына отансүйгіштік, мейірімділік, қайырымдылық және жанашырлық қасиеттерді қалыптастыруға әрекет етеміз. Сонымен қатар қала мешіттері жұмылып, белсенді һәм озат студенттердің оқу ақысын төлеу, басқа да материалдық көмек көрсету жоспарда бар.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өзінің баяндамасында ірі қалалардан студенттерге арналған жатақхана салуды тапсырған болатын. Қазір осы бағытта Алматы қаласындағы мешіт ауласынан жатақхана салу жұмысы басталып кетті. Міне, бұл жастармен жұмыстың бір парасы.
– Осыдан біраз жыл бұрын сіз Ақтөбе облысында бас имам қызметінде жүргеніңізде өңірде болған террорлық әрекет Ислам дініне деген көзқарасты өзгерткендей. Дәл сондай жағдай Алматыда да қайталанбас үшін не істеуіміз керек? «Былтырғы Қаңтар оқиғасының артында да дін атын жамылған діни экстремистік ұйымдар тұрды» деген болжамдар айтылды.
– Сол Ақтөбедегі жан түршігерлік оқиғадан түйгенімді екі ауыз сөзбен айтар болсам, діни сауатсыздық – діннің де, мемлекеттік де қас жауы. Олар діннің атын жамылған дүмшелер еді. Экстремизм мен дін – үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бір-біріне қарама-қайшы ұғым. Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі – Ислам дінінің басты принциптерінің бірі.
Ата-бабалар ұстанған Ханафи бағытындағы төл мұсылмандық мектебімізді теориялық және тәжірибелік тұрғыда дәріптеуден жалықпауымыз қажет.
Бұл бағытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері «Дін мен дәстүр» жобасын жұмыс жоспарына енгізіп, арнайы іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Биыл Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабын жарыққа шығару және ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы ҚМДБ рөлі жобасы және ҚМДБ-ның 2023-2027 жылдарға арналған стратегиялық даму бағдарламасы әзірленіп жатыр.
– Конституция бойынша билік пен саясат діни конфессиялардың ішкі мәселелеріне араласпайды. Алайда қоғамда радикалды ағым өкілдерінің кесірінен мемлекет ішінде күмәнді топтар мен теріс ағымдағы ұйымдардың саны артып келеді деген пікір айтылып жатады. Біз қай жерден қателік жібердік?
– Қазақ елі сияқты тәуелсіздігін алған барлық посткеңестік елде мұндай мәселе болды. Бәрі де теріс діни идеологиямен бетпе-бет келді. Тарихи себептермен көпұлтты болған біздің елде бұл мәселенің өзіндік ерекшеліктері болуы заңдылық. Тәуелсіздік алған жылдары діни маман тапшы болғаны рас. Бірақ бұл діннен басқа барлық салада болды ғой. Десе де, бүгінде мүфтият білікті де білімді діни кадр даярлау саясатын сауатты жүргізу арқылы діни идеология тізгінін өз қолына алды
Исламтану, дінтану, теология мамандықтарына грант бөліп, діни оқу орындарының ресми түрде тіркеліп, қызмет етуі – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау. Соның тағы да бір дәлелі таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуын айқындайтын жиында дін мәселесін көтеріп: «Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет», – деп осы бағытта әкімдерге құзырлы органдармен бірлесіп, дін саласындағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұл ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінімізге деген үлкен қолдау деп білеміз.
Қазақта «қара шаңырақ» деген қасиетті ұғым бар. Бүкіл әулет үшін тайлы-тұяғымен жиналатын киелі үлкен үй. Бұл – әкеден балаға, одан немере, шөбереге мирас болатын құтты мекен. Қара шаңыраққа бөгде жан иелік ете алмайды. Міне, осы секілді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – бабалар ұстанған Ханафи мазхабы негізінде қызмет ететін ел мұсылмандарының қара шаңырағы. Діни басқарма қызметкерлері ауысса да, діни басқарма ел мұсылмандарының бірлігі мен ынтымағы жолында еңбек етеді. Ал енді әртүрлі діни ағым мен жамағаттың көксегені ел бірлігі емес, керісінше тәуелсіздік Туын жығып, тыныштық пен тұрақтылыққа сызат түсіру. Мұның ақ-қарасын ажырата білетін жағдайға жеттік деп ойлаймын. Сол себепті ел мұсылмандарын әртүрлі діни ағым мен жамағатқа бөлінбей, осы қара шаңырақ аясына топтасуға шақырамын.
– Соңғы кезде Діни басқарма тарапынан уағыздар мен шығарылған пәтуалардың көпшілігі біздің ата-бабамыз ұстанған санғасырлық салт-дәстүрімізбен байланыстырылады. Бұл, әрине қуантады. Соңғы кезде қоғамда ислам дінінен дәстүрімізді бөлек алып қарайтындардың қарасы көбейіп келеді. Осы тұрғыда дәстүр мен діннің сабақтастығы жайлы тарқатып айта кетіңізші?
– Жуырда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бір сұхбатында орыстілді жігіттің «Қазақтың салт-дәстүрінің бәрі асыл дінімізбен сабақтасып жатқанын мешіттердегі уағыздардан естіп білдім» деп ағынан жарылғанын айтып еді. Рас, дін мен дәстүр егіз ұғым. Өкінішке қарай, екеуін екі бөлек етіп көрсеткісі келетіндер бар. Салт-дәстүр халықтың дүниетанымы негізінде қалыптасады. Қазақтың әр салтының арғы жағында діни тағылым көруге болады. Діни басқарма бұған дейін «Дін мен дәстүр» кітабының І-ІІ томдарын шығарған болса, биыл осы кітаптың ІІІ томын баспаға әзірлеп жатыр.
Ал пәтуаға келсек, бұл – өте күрделі жұмыс. Арнайы ғұламалар кеңесінің иығына артылған ауыр жүк. Пәтуа заман мен елге қарай өзгереді. Мәселен, қазақ жылқы етін жейді. Ал түрік ағайындар құп көрмейді. Бір қарағанда, тілі де, ділі де, тіпті мазхабы да бір түркі халықтар. Түрік ағайындар жылқыны ел қорғайтын, әскери мініс құралы ретінде жемеді. Сол бұрыннан қалыптасқан үрдіс дәстүріне айналған. Қазақта да жылқы – жеті қазынаның бірі. Сондықтан асылтұқымды мініс, көкпар және бәйге аттарын жемеген. Бірақ одан басқа тұқымдағы жылқы етін жей береміз. Үйлену мәселесінде де қазақта ру институты бар. Ата-бабаларымыз тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін ислам дінінің құндылықтарымен байланыстыра білді. Бұл – бабалар даналығы. Міне, біз осы құндылықтарымыздан айырылып қалмауымыз қажет. Бізге жаңалық ашудың қажеті шамалы. Тек бар дүниені дамытып, замана көшіне қоса білсек болғаны.
– Осыдан біраз жыл бұрын ҚМДБ «Бір ел – бір мазхаб» деген тұжырымдама жасады. Оның басты мақсаты елдегі діни алауыздықтың алдын алу мен бірлікті нығайту еді. Бүгінде ел ішіндегі діни ахуалға қарап отырып, осы тұжырымдама қаншалықты нәтиже берді деп ойлайсыз?
– Қазір мешітке келетін жастар Ханафи мазхабы негізінде діни сауат ашып жатыр деуге толық негіз бар. 10 жыл бұрын жастар жат ағымды насихаттайтын үгітшілердің аудио және видео уағыздарына ден қоятын. Бүгінде жастар мен жалпы жамағат мүфтият қызметіндегі ұстаздар мен имамдардың шәкірттеріне айналды. «Бұл бір ел – бір мазхаб» ұстанымы аясында жасалған табанды еңбектің жемісі. Десе де, алдағы уақытта атқаратын жұмыс көп.
– Сіздіңше қазақ қандай мұсылман болуы керек? Соңғы кезде «Біздің ата-бабамыз ілімсіздіктен адасқан. Олардың таным-түсінігі дұрыс емес, нағыз исламды біз енді ғана әкелдік» деп жүргендердің сөзіне қатысты не айтасыз?
– Қазақ кешегі ата-бабасынан қалған жәдігер мұраны ұстай білсе жолынан адаспайды. Бұл жерде ата-баба деп кімді меңзеп тұрғанымыз маңызды. Біз ата-бабамыз деп арысы Ясауи, Хибатулла Тарази, Иүгінеки бастаған ғұлама-әулиелерді айтамыз. Берісі Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім, Марал ишан, Науан хазретті айтамыз. Ескере кететін жайт, қазақ арасынан Ханафи мазхабымен жүріп қана қоймай, Ислам ілімдерінің дамуына үлкен үлес қосқан ғұлама қайраткерлер шығарған. Сондықтан қазақтың мұсылманшылығын 90-жылдармен байланыстыру тарихқа жасалған қиянат.
Біз – Ясауи бабамыз айтқандай, «тәкаппарлықтан ұзақ болып, қарапайымдылықта жайылған топырақтай бола білетін», Бұқар жырау жырлағандай, «мұсылмандығы тек тілінде ғана емес, ділінде болған», Абай атамыз айтқандай, «айналасындағы адамдарды мансабына, атақ-абыройына қарай бөліп-жармай, барлығын бірдей жақсы көре алатын, Алланың әмірлерінің хикметін түсіне білетін» мұсылман бола алсақ жетіп жатыр.
– Әңгімеңізге рақмет!