«Сан ғасырлар сән берген даламызға
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің.
Сәлем, Наурыз!
Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің...»
«Лениншіл жас» газетінің 1988 жылғы 26 сәуірдегі санында ақын Мұхтар Шаханов ұзақ жылдар бойы тойлауға тыйым салынып келген ұлық мерекенің оралуын жұртшылыққа осылай сүйіншілеген екен.
Біз сол жылғы сәуірде шыққан қазақ басылымдарындағы Наурыз мейрамы жайлы алғашқы хабарларға шолу жасап шықтық.
Ұзынағаш пен Алматыда басталған ұлы той
1926 жылдан кейін тұңғыш рет Наурыз мейрамы республикада 1988 жылдың 23 сәуірінде Ұзынағашта, 24 сәуірінде Алматыда атап өтіліпті. Іс-шара жайындағы материалдарды «Социалистік Қазақтан» мен «Лениншіл жас» газеттері берген.
22 сәуірде «Лениншіл жас» газетінің соңғы бетінде «Төрлет, Наурыз мейрамы!» атты сұхбат басылыпты. Ұлыстың ұлы күні туралы жазылған ең бірінші материал да осы екен. Онда 24-сәуір күні Алматыдағы М.Горький атындағы мәдениет және демалыс паркінде өтетін театрландырылған «Наурыз мейрамын» ұйымдастырушы тарап – қалалық мәдениет басқармасының бастығы Елеусіз Жанпейісов тілші сұрақтарына жауап беріпті.
Қойылым жөнінде таныстыра келе спикер: «Мұнда адамдарға бақыт үлестіретін Аяз Ата тәрізді қиял-ғажайып кейіпкер – ақсақал бейнесіндегі «Қыдыр қарт», суық – «Әзмырза», жаз – «Үт бикеш» кейіптері сахналық шешімін табады», – дейді.
Қыдыр атаны Аяз Ата секілді етіп түсіндіруінен-ақ бұл кездері оның ел үшін таңсық образ екенін аңғару қиын емес. Тағы бір қызығы, сұхбатта айтылған Әзмырза мен Үт бикеш есімді кейіпкерлер, керісінше, бүгінде ұмыт бола бастағандай.
Материалдың бір жақ бөлігінде Алматыдағы «Наурыз мейрамының» бағдарламасы қоса беріліпті.
Жоғалтқанды жаңғыртуға жанталас
«Лениншіл жастың» келесі, яғни 23 сәуір күнгі нөміріндегі соңғы беттің бір бұрышында тілші М.Мырзахметовтің «Ұлыстың ұлы күні» тақырыбындағы заметкасы жарық көріпті. Онда журналист:
«Бір жақсысы, қалалық жерде болмаса да ауылды жерлерде, әсіресе оңтүстік өлкесінде наурыздама жасаудың көп жақтары толық болмаса да біршама сақталыпты, яғни ата дәстүрдің тамыры біржолата үзілмепті. Мәселенің басты буыны осы тіршілік белгісі бар жаңа жыл дәстүрі – Наурызды байырғы табиғи қалпына келтіруде жатыр. Бұлай етудің қиыншылығы мол болғанымен, оны аяғына тік тұрғызудың да мүмкіншіліктері баршылық. Ол үшін алдымен ғылыми-көпшілікке арналған басылымдарда Наурызды жаңа жыл ретінде өткізудің жолдарын, әсіресе ондағы ұғым-таным табиғатын зерттеп, әдет-ғұрыптарды бір жүйеге түсіріп, оның пайда болу, даму, тарихын танытып отырудың маңызы зор. ...Ауыл аралап, онда өтілетін наурыздама жасаудың жол-жобасын, түрлерін жақсы білетін тірі архивтердің, яғни шежіре қарттардың естелігі мен тәжірибесіне сүйену, оларды жинақтау үстінде қорытып, жүйелеп отырудың да берері мол болмақ», – деп жазады.
Тілші сөздерінен халықтың әзер дегенде табысқан құнды мұрасына деген қастерлі көзқарасты, «асылдан енді айырылып қалмайықшы» деп жол іздеген жанталасты сеземіз. Наурыз мейрамының бүгінгі беделі, бейнесі – бір кездері мұрат болған, ұшығын ұстап қалуға ұмтылған ел еңбегінің жемісі екенін ұғынамыз.
«Наурыз күнгі» қолтаңбалар
«Социалистік Қазақстан» газетіндегі Наурыз мейрамы туралы алғашқы материал 1988 жылғы 24 сәуірдегі санда берілген. Бірінші беттің төменгі бұрышындағы «Көктем, еңбек және жаңару мерекесі» тақырыбындағы заметкада:
«23 апрельде Жамбыл ауданының орталығы – Ұзынағаш поселкесінде «Наурыз мейрамы» өткізілді. Айта кетейік, ол мұнда республика бойынша тұңғыш рет өткізіліп отыр. Қайта түлеген ежелгі халықтық салтанатқа сондай-ақ жарысушы аудандар – Балқаш және Күрті аудандарынан келген меймандар, Қазақстан астанасының жазушылары мен суретшілері қатысты», – делінген.
Ал газеттің келесі, 26 сәуір күнгі санының соңғы бетінде Ұзынағаш пен Алматыдағы Наурыз тойынан көлемді репортаж беріліпті. Материал «Астанада» және «Ауылда» деген екі тақырыпшадан, сондай-ақ СҚ арнаулы фототілшісі С.Бәсібековтің фоторепортажынан тұрады.
«Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов сияқты белгілі әншілерге қол соққан мерекелеуші жұрт жетпіс жасында алғаш сахнаға шыққан Ұлы Отан соғысының ардагері Бекқали Өміровке де мол қошемет көрсетті. Жүректен шыққан сезімнің жүрекке жетпей қалуы мүмкін емес. Қадыр Мырзалиев бастаған ақындар тобы наурыз мейрамын қызықтаушылардың қалың ортасында болды. Кітаптарға түсіріп жатқан қолтаңбаларында олар «Наурыз күні» деген датаны айрықша көрсеткен. Ақын Мұхтар Шаханов осы мейрамға орай жазған жаңа жырын оқыған соң теңбілкөк атқа қонып еді. Қалың оқырманға дауа бар ма, ат үстіндегі ақыннан да қолтаңба алып жатты», – деп баяндайды тілшілер тобы іс-шара жайында.
Көжеге тоймай қалған көпшілік
Жоғарыда аталған мақаланың астында көпшіліктің тілек-пікірі де бар. Кейбірінің сөзінен ұлы мейрамды өзге күндерден ерекшелеуге деген ұмтылысты байқасақ, енді бірінің айтқаны еріксіз езуіңе күлкі үйіреді. Мәселен, Қаскелең ауданындағы «Чапаев» сохвозының тұрғыны, зейнеткер Базар Бұлдыбаева:
«Жасым 71-де. Октябрьмен құрдаспын. Наурызды тойлағалы бүгін Алматыға арнайы келдім. ...Еліміздегі көп халықтың, атап айтқанда, украиндар мен молдовандардың, Кавказ бен Балтық бойы жұртының, тағы басқа ұлыстардың семьядағы әр мүшеге ұлттық киім тіккізіп қою салты бар екен. Және сол киімді киіп шығатын айрықша мейрамдары да бар. Осындай дәстүрді неге өзімізде қолданбаймыз?! Егер қымбат емес маталардан тігіп, көпке жететіндей етіп шығарса, алушылар табылар деп ойлаймын», – десе, «Лениншіл жас» газетінің суретшісі Бағдат Момбеков:
«Биылғы көже аздау болды. Меніңше, бұл мәселеге қаланың барлық асхана трестері, кооперативтер қатыса алар еді. Қазіргі шаруашылық есеп жағдайында бәрін тегін жасау қиын шығар, сатып-ақ ішейік. Бірақ көже жеткілікті болғаны дұрыс», – деген пікір айтады.
Лебіз білдіргендердің қатарында Қазақ политехникалық институтында оқитын алжирлік студент Юсеф Джара да бар.
«Наурыз Алжирде жаңа жыл ретінде атап өтіледі. Бірінші курста оқып жүрсем де, әсем Алматыдан көп достар кездестірдім. Астана адамдарының еңбек ете білумен қатар, жақсы мейрамдар өткізе алатынына көзім жетті», – дейді ол.
Атан жарыс көрмей, көңіл орнықпайды
Алматыдағы алғашқы Наурыз тойынан көлемді репортаж «Лениншіл жаста» да жарияланыпты. «Сәт сапар, Наурыз мейрамы!» атты мақалада Алматы облысы Қаскелең ауданындағы №87 орта мектептің математика пәні мұғалімі Мариға Шөкенованың мына пікірі біздің назарымызды аудартты:
«Наурыз мейрамы» өтеді деген соң 4 баламызды ертіп, арнайы келдік. Әншейінше, ауыл-үйдің арасындағы той-томалаққа дәл мұндай асықпаспыз. Ертеректе әжелерімізден, апаларымыздан еститінбіз, бірақ Наурыз тойының шын мәніндегі халықтық мереке екендігіне енді көзіміз жеткендей», – дейді ол ағынан жарыла.
Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Әбдісадық Тоқтамысов болса:
«Өз басым сонау 1926 жылға дейін Наурыз тойының қалай өтетінін көзбен көрген кісімін. Асыра сілтеудің салқыны тиіп, ұзақ жылдар бойы үнсіз қалған мерекеміз еді. Қазіргі жастарға айтарым: «Наурыз мейрамын» жаңаша мазмұнда өткізе беруге өздерің тұтқа болыңдар», – депті.
Мейрамда көрініс тапқан ұлттық спортқа қатысты сын айтқандар да жоқ емес екен. Спорт ардагері, тоғызқұмалақшы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рахымбай Кәрімбаевтың:
«Ортаға гимнастиканың снарядтарын қойып, содан бірін-бірі сүйреп түсіру де аударыспақ па? Жоқ. Аударыспақты дәл сол табиғи күйінде өткізу керек. Әрине, биыл бәрі асығыс болды, даярланып та үлгермеген болар, мен мұны болашақ үшін айтып жатырмын. Спорт атаулы өз ретімен өте берер, чемпионатың ба, Еуропаң ба, Олимпиадаң ба – олар өз алдына. Ал «Наурыз мейрамы» мүлдем басқа, бұл – халықтық той. Олай болса, ат жарыс, жаяу жарыс, атан жарыс көрмей, көңіл қайдан орнықсын?!» – деген пікірі беріліпті.
Ал КазГУ-де оқитын моңғол студенті Аманжол Саршалұлы:
«Наурыз мейрамы бәрімізге ортақ қой. Бізде оны Балғын Сұман мейрамы, еңбек мейрамы дейді. Қазақша баламасы – Ақ ай мерекесі. Ауыл жастары жиналып, таң атқанша алтыбақан тебеміз. Сіздердің де халықтық мейрамды ұмытпай, тойлап жатқандарыңыз қуанышты-ақ», – депті.
Сол кездегі жас – бүгінде ата-әже
Айтпақшы, Алматыдағы алғашқы Наурыз тойында ақындар айтысы алты сағатқа созылыпты. Оны жыр алыбы Жамбылдың немересі, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Әлімқұл Жамбылов ашып, Жамбылдың шөбересі 6 жасар Бағлан аяқтапты.
Көпшілік алдында жалынды өлең оқығандардың қатарында Мұхтар Шаханов та болғанын жоғарыда атап өткенбіз. «Лениншіл жас» газетінің осы материалында сол жыр шумақтары берілген екен.
«Сан ғасырлар сән берген даламызға
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің.
Сәлем, Наурыз!
Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің...
Сен ең көне жырысың санамыздың,
Шаттығымсың қайтадан тасып, толған.
Сені тойлап, бабасы бабамыздың
Әжемнің әжесіне ғашық болған.
Сен бүгін арнасысың дара күйдің,
Әр көңілдің төрінен күлімдейсің.
Сен менің ұлы бабам Фарабидің
Кешігіп елге жеткен үніндейсің.
Басыңды көтер, қане, күн қақтаған
Сен енді басқа айқауға бұрылмайсың.
Тымырсық, тылсым жырлар тыңдатпаған
Сен бізге Шәкәрімнің жырындайсың.
Ғасырды көктеп өтіп сұңқар сезім
Шөберем тік көтеріп уақыт туын.
Ғашығына арнаған іңкәр сөзін
Өзіңнің тойыңда айтса бақыттымын!»
Биыл Наурыз мейрамының ортамызға оралғанына – отыз бес жыл. Сол кездегі жастар қазір алды шөбере сүйіп отырған ата-әжеге айналды. Ұлыстың ұлы күні биік тұғырға шығар шақты жан-жүрегімен тілеген толқын бүгінде шынымен бақытты шығар, ә?!