«КӨГІЛДІР ТҮСТІ АЙ»
Жер планетасы күнді айналатыны және күнді толық бір рет айналғандағы уақыт бір жылға сәйкес келетіні белгілі. Оның үстіне, жер өз осін де айналады. Жердің айналу осі белгілі бір бұрышқа сәйкес келеді, яғни ось жердің күнді айналу жазықтығына қарай қисайған. Бұл ғаламшарымызда көктем, жаз, күз бен қыс сияқты жылдың төрт мезгілінің алмасып отыруына әсер етеді. Осылайша, жылдың жартысында күн солтүстік жартышарды көбірек жарықтандырады, ал жылдың екінші жартысында күн көбірек оңтүстік жартышарды жарықтандырады. Тиісінше, күн солтүстік және оңтүстік жартышарларды жылына бірдей жарықтандыратын екі сәт бар. Яғни, экваторға күн сәулесі тікбұрыш жасап түседі. Айтып отырған екі сәт күзгі және көктемгі күн мен түннің теңелу күндері деп аталады. Енді «Неліктен қазақтар бұл сәтке назар аударды?» деген сұраққа жауап беріп көрсек. Тек қазақтар ғана емес, әлемнің барлық халықтары әрқашан табиғатпен байланыста өмір сүрген. Қазақтардың өмірі, көптеген халықтар сияқты, жыл мезгіліне тікелей байланысты болды. Біз ежелден жыл мезгілдері өзгеретін климаттық жағдайда өмір сүріп келеміз. Сондай-ақ халқымыздың өмірінде төрт түліктің орны ерекше. Ал жануарлардың репродуктивті функциялары жыл мезгілдерінің өзгеруіне тікелей байланысты. Сондықтан да қазақтар Наурыз мерекесіне үлкен мән берген. Себебі бұл наурызда күн мен түн теңеліп, күн жылынып, көктем басталады. 2 және 31 наурыз күндері бір айда екі рет ай толады. Мұндай құбылысты «көгілдір түсті ай» деп атайды. Негізінде, ол күні айдың түсі көгілдір түске өзгеріп кетпейді. Бұл ағылшын тіліндегі Once in a Blue Moon тіркесіне, яғни «өте сирек, жүз жылда бір рет» деген сөзге балама ретінде пайда болған теңеу. Бір айда Айдың екі рет толуында тұрған ерекше ештеңе жоқ. Айдың шынымен көгілдір түске боялғанын орманда өрт болған кезде көруге болады. Өрттен шыққан түтіннің арғы жағынан ай көгілдір түсті болып көрінеді. Еркін АСАНОВ, «Физика және Ғарыш» жобасының авторы:ТУРА ШЫҒЫСТАН КӨТЕРІЛІП, ДӘЛ БАТЫСТА БАТАДЫ
Наурыз айында Күн аспан экваторын – Жер экваторы үстіндегі аспандағы ойша сызықты оңтүстіктен солтүстікке қарай кесіп өтеді. Бұл сәтте Жерге ғарыштан қарасақ, оның күнгей және көлеңке жақтары арасындағы шекара (терминатор) полюстер арқылы өтіп, экваторға перпендикуляр орналасады. Әдетте, Дүниежүзілік уақыт бойынша 20 наурызда болатын бұл құбылыс астрономия ғылымында «Наурыздағы күн теңелуі» деп аталады. Дәл сол сәтте Оңтүстік жартышарда астрономиялық күз, ал Солтүстік жартышарда астрономиялық көктем басталады. Сондықтан планетамыздың солтүстік жартысын мекендейтін халықтардың осы құбылысты «көктемгі күн теңелуі» ретінде тануы заңды. Биыл бұл астрономиялық оқиға 21 наурызға қараған түні Астана уақытымен 03:24-ке сәйкес келеді. Бұл датада күн мен түн теңеседі, яғни олардың әрқайсысы шамамен 12 сағатқа созылады. Алайда күнтізбелерде берілетін күннің шығу және бату уақыттары оның центрінің емес, жоғарғы шетінің көкжиектен көтерілетін не көзден таса болатын сәттерін көрсетеді. Сондай-ақ жарықтың атмосферада сынуы әсерінен аспан шырақтары әрқашан шын орнынан биігірек болып көрінеді. Сондықтан 2023 жылғы 21 наурызда Астанадағы күндізгі мезгілдің ұзақтығы 12 сағат 12 минут болмақ. Дегенмен күнделікті өмірде күн мен түн теңесті деп санауымыздың әбестігі жоқ. Қазақ халқы табиғат құбылыстарының қайта айналып келу ретін, күн мен түннің, жыл мезгілдерінің алмасуын, жұлдыздардың орналасу тәртібін мұқият бақылап отырған. Халқымыздың көпжылдық тәжірибесінде жинақталып, қорытылған, зерделенген астрономиялық білім жүйесі негізінде Қазақ күнтізбесі қалыптасты. Табиғат маусымдарына тікелей тәуелді дәстүрлі мал және егін шаруашылығымен айналысқан жұрттың күнтізбесі күн мен түннің ұзақтығы мен Күннің аспандағы жылдық қозғалысына негізделгені түсінікті. Қазақ жыл мезгілдерінің ауысқанын белгілейтін төрт астрономиялық оқиғаның – екі күн теңелуі мен екі күн тоқырауының ішінде көктемгі күн теңелуіне ерекше назар аударған. Табиғаттың оянуын айшықтайтын құбылыс күнін жыл басы санап, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ретінде мерекелеген. Өйткені 21 наурыздан бастап Күн планетамыздың Солтүстік жартышары үстіне шығып, тәуліктің жарық уақыты ұзара түседі. Бұған қоса, Күн сәулесі жер бетіне енді тігірек түсетіндіктен де, оның планетаға беретін қызуы арта береді. Бұл үрдіс маусымдағы Жазғы күн тоқырауына дейін созылады. Сонымен, жыл мезгілдерінің ауысуын Күн мен Жердің арақашықтығының артып-кемуі емес, Жер білігінің көлбеулігі себебінен күн сәулесінің планетаның әр жартышарына түсу бұрышы мен ұзақтығының өзгеруі туғызады. Көктемгі күн теңелуінің тағы бір ерекшелігі – бұл датада Күн тура шығыстан көтеріліп, дәл батыста батады. Тарихшы Ерғазы Қадашұлы ел аузындағы «Ұлыстың ұлы күні Самарқанның көк тасы жібиді» деген мәтелдің бір мәнін осымен байланыстырады. Самарқан қаласында XV ғасырда салынған әйгілі Ұлықбек обсерваториясындағы тасқа дәл осы күні күн сәулесі түседі екен. Сол сәуленің жылуы тасты жібітеді-мыс. Дүние жүзіндегі көптеген мегалит қорғандар мен обсерваториялардың тура шығысқа қаратып жасалған саңылаулары барын ескерсек, Ұлықбек расытханасында да күн теңелуін анықтайтын құрылғы болғаны шындыққа жанасады. Шығыс халықтары жыл басын күнтізбедегі шартты датамен емес, нақты астрономиялық оқиғамен байланыстыруы олардың, соның ішінде біздің бабаларымыздың да аспан құбылыстарын дұрыс зерделей білгенінің айғағы.