Ұмыт қалған ұлттық ойындар

Ұмыт қалған ұлттық ойындар

Қазақта 150-ге жуық ұлттық ойын түрі бар. Мұны Әубәкір Диваев, Елеусін Сағындықов сияқты ғалымдар зерттеп, жіктеп шыққан. Аталған ойын түрінің біразы бізге жетсе, кейбірінің атауы өзгерген. Арасында ұмыт болғаны да бар. Қайсыбірін алып қарасаң да ұлттық ойын бала мен жастың ақыл ойын дамытуға, батыл әрі епті болуға тәрбиелеген. Осы орайда ұмыт болған ұлттық ойындардың сипаты мен түріне тоқталғанды жөн көрдік. Сыр сандық Қазақтың ұлттық ойындары жайлы із­дей қалсаңыз Базарбек Төтенайдың «Қа­зақ ұлттық ойындары» кітабы ал­дыңыз­дан шығады. Біле-білсеңіз этног­раф-ғалым ұлттық ойынды зерттеуге отыз жыл уақыт арнаған. Аталған еңбекке жүз­ге тарта ойын түрі енген. Оның зерт­теуін­­ше, түркі тілдес тайпалар ғасырлар бойы ұлттық ойынын дамытып, тіршілік­ке сай бейімдеген. Мәселен, тас дәуірінде ойынға көбіне өңделген тасты пайдаланса, бертін келе ағашты, малдың сүйегін қол­дан­ған. Темір дәуірінде темір құралдарын кәдеге жаратса, алғашқы феодалдық дәуір­де байпақ, алтыбақан, арқан тартыс, белбеу тастау, жасырынбақ, бұғынай сияқ­ты ойынның жаңа түрі пайда болған. Кейінірек бұл ойындар қоғамға бейім­де­ліп, түрленген. Заманаға қарай атауы өз­гергенімен, ішкі мазмұн сақталған де­седі. Мысалы, қарагие – найза лақтыру, қақ­па тас – бес тас, садақ ату – жамбы ату. Атауы басқа көрінгенімен, шарты мен тәсілі бір. Оған қоса аймаққа қарай бір ойынның әртүрлі атауы болатыны тағы бар. Айталық, «ақсүйек» ойынын кейбір ай­мақта «орда», «тоқ тышақ» деп те атайды. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ жерін ме­кендеген тайпалардың ұлттық ойын­дары жайында Рашид-ад дин, Низами-әл-Мүлк, Мосуду, Махмуд Қашқари еңбегінде кездеседі. Батыс Еуро­па­ның ертедегі көрнекті саяхат­шы­лары В.Рубрук, Ә.Маккей, П.Карпини де қазақтың ұлт­­­тық ойыны туралы бі­раз жаз­ба қалдырған. Мы­­­салы, ағылшын сая­хатшысы Ә.Маккей «Тоғызқұма­лақ» туралы тәптіштеп жа­зып, әлем назарын ау­дарт­ты. Қазақ этног­рафия­сын зерттеген А.Яну­ш­кевич жаз­ба­ларында қазақтардың қыстау­дан жайлауға кел­ген сә­тін суреттеп, «қыз қуу» ойынына тоқ­талған. Ал қазақтың мәде­ниеті мен э тнографиясы­на зор үлес қосқан зерт­теу­ші Әубәкір Диваев ұлт­тық ойын­дарды жинап, бі­рік­тірген. Сондай-ақ ойынға қа­тысу­шы­ларды жас ерек­ше­лі­гі­не қарай жік­теген. Мысалы, же­ті жасқа дейінгі ба­лалар ойыны, 7-15 жас аралығындағы жасөспірім­дерге арналған ойын, 15-30 жасқа дейінгі ересектер ойыны деп бөлген. Осылайша, жоғарыдағы теория­лық ұсынысты негізге ала отыра ұлттық ойындарды үш топқа бөлген. Бірінші топ­қа сәбилер ойыны деп атау беріп, ба­ланың дүниеге көзқарасын қалып­тас­тыратын ойындарды кіргізген. Екінші топқа бозбалалар ойынын, үшінші топқа жігіттер ойынын жіктеген. Соның ішінде жігіттер ойынын қоғам­дық өмір­ге бай­ланысты жедел қимылды ойын­дар, спорттық маңызы бар ойын­дар деп бөлген. Сондықтан Ә.Ди­ваев­ты ұлттық ойындарды тұңғыш рет классифи­кацияға бөліп, талда­ған ға­лым ретінде білеміз. Осы орайда Елемес Әлім­ха­нов есімін де қоса атағанымыз жөн. Ол еңбегінде бір ғана балуандар күресін ел арасында қазақ күресі, күресу, белдесу, шалыс, алысу, жек­пе-жек, арысқа шығу, күш сынасу, сайысу деп атайтынын жазған. Ал бал­уан­дарды дәрежесіне қарай Бас балуан, Түйе балуан, Атан балуан, Нар балуан, Өгіз балуан, Кеуде балуан, Сұңқар балуан, Тархан, Толағай балуан, Арыстан бал­уан, Барыс балуан, Сұңқар балуан деп бөлген. Елеусін Сағындықов болса «Қазақтың дидактикалық ойындарын сабаққа пай­да­ланудың кейбір жолдары» атты ең­бегінде ұлттық ойындарды үш топқа бө­ліп, ойын сауық ойын­дары, ой­мен келетін ойындар, дене шы­нықтыру мен спорт ойындары деп топтаған. М.Гуннер қазақ­тың ұлттық ойындарын жалпы ойындар, қарсыласу мен күресу сипатындағы ойындар, ашық алаң­қайдағы ойындар, қыс мезгіліндегі ойындар, демалыс ойындары, ат үстін­дегі ойындар, аттракцион-көрініс ойын­дар деп жіктейді. Айта кетерлігі, дене тәрбиесі мен спорт педагогикасы ғылымдарының док­торы, профессор Мұратхан Таникеев ұлт­­тық спорттың дамуын Кеңес одағы тұ­сында зерттеді. Саланың елімізде ғана емес шет елдерде танылуына үлкен үлес қосты. Ол ұлттық ойындарды төмен­де­гі­дей топқа бөліп, қазақтың халық ойын­дары, спорттық ойын түрлері, ат үстінде ойналатын ойын түрлері деп қарастырды. Ұлттық ойындарды көп зерттеген ғалым Б. Төтенаев болса салт-дәстүрлер негізін­дегі ұлттық ойындарды жеке қарастырып, соның ішінде мерекелік ойындар мен дәс­түрлі халық ойындарын зерттеген. Жас­тар және қозғалмалы ойындар клас­си­фикациясын түзіп, бесік жыры негі­зін­де бір-үш жасқа дейінгі бала ойынын, та­биғат аясында ойналатын ұлттық ойын­дар, жан-жануарға еліктеп ойнайтын ұлт­тық ойындар, затпен, ойын құралы ар­қылы ойналатын ұлттық ойындар, ойын құралынсыз ойнайтын ойындар деп бөледі. Тағы бір ұлттық ойындарды зерт­теуші Шакимшарип Ыбыраев «Соқыр теке» кітабында ойындарды қолданатын ма­­териалына, атқаратын қызметіне, ай­тылу формасына қарай ойын жырлары, айтыс ойындар және ойындар деп бөлген. Осылайша, қазақ халқының ойын фо­льк­лорының пайда болуы, дамуы, таралуын қарастырды. Ойынның халық психоло­гия­сы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпына әсерін зерттеу маңызды екенін көрсетті. Жоғарыдағыдай жүйелеу мен топ­тау­дың мақсаты – қазақтың дәстүрлі ең­бек-тұрмыс, салт, ойын-сауық ойындарын бірік­тіре отырып, болашақта спорт түріне ай­налған ойын түрлерін тану. Сондай-ақ де­реккөздерден және ел арасынан табыл­ған ойындарды, жаңадан қалыптасқан ойын­дарды топқа қосып, сипатын түсін­діру.   Білек күшінен,  білікке дейін сыналады Мәселен, ұлттық ойындарды қимыл­ды және қимылсыз ойын тәртібімен ой­наймыз. «Хан та­ла­пай», «Хан ал­шы», «Ор­нын тап», «Тең­ге ілу» тағы басқа ойындарды математика жүйе­сі­мен онға дейін са­нап, асықтарды алу ре­тімен, берілген тапсырма­лар­ды орындаймыз. Тіл да­мыту үшін «Со­қыр теке», «Са­қи­на жа­сыру», «Ора­мал тастамақ», «Ұшты-ұшты», «Қуыр-қуыр қуырмаш», «Киіз үй» сияқты ойынды еске түсіреміз. Ал жоғары сынып оқушылары спортқа ден қою мақ­сатында «арқан тартыс», «қазақ күресі», «қол тіресі» сияқты ойын ой­на­ған. Десе де «Ақсүйек», «Бес тас», «Ақ сандық, көк сан­дық», «Сақина салмақ», «Білектесу», «Күшің жетсе, үзіп кет», «Ай­гөлек» сияқ­ты түрлі ойын қазір балалар ара­сында та­нымал емес. Тіпті кейбір ойын түрі ұмыт болған. Ботай. Ойын ережесі бойынша құрыл­ған топайларды әр сақаға екі Ди деп аталады. Әр ойыншының екі Диі мен бір сақасы болады. Ойын алаңында Диді құрып топай сақамен атып тү­сіруі керек. Ойын мақсатында үш та­­бан есеп­теледі. Мысалы, асық ой­нар­да шеңбер көрсетсек, мұнда төрт­бұрыш құрамыз. Өйткені бұл жай ғана сызылған сызық емес спорт ережесіне сәйкестендірілген. Мұнда әр сызық бір табанды көрсетеді. Асық ойынына ұқса­ғанымен, үңіле біл­сеңіз біраз айырма бар. Бұл ойын түрінің «Ботай» аталуы тегіннен тегін емес. Өйт­кені Ботай мәдениетін зерт­теу барысында қазбалардан жыл­қы­ның топай сүйектері табылған. Қарагие. Бұл ойын көгалда, спорт алаңында өтеді. Ойынға тек ер балалар қа­т­ысады. Адам санына шек қойылмайды. Әр ойыншының қолында қайың, ырғай, тал секілді қатты ағаштан жасалған ұзын­дығы 3-4 метрлік найза таяқ болады. Кей­біреуі таяқтың ұшына жез, одан кейін темір таққан. Ереже бойынша ойыншылар бас киім­­дерін шешіп ортаға тастайды. Көм­беден 25-30 адымдай жерге қазық қағып (аралары 1 метр), бас киімдерді қазыққа бір-бірлеп іледі. Сонан соң әр ойыншы көм­беде тұрып қолындағы найза таяғын лақ­тырып, бас киіміне тигізуі тиіс. Көп тигізген ойыншы ұтады. Әлсіз ойыншы бір-екі рет лақтырғаннан кейін ойыннан шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда жүргізу­ші оны ойын аяқталғанша жібермей, соңынан «жаза» қолдануы шарт. Боз­ба­лалардың бұл ойыны көшпелі тайпа жауын­герлерінің соғыста мықты да төзім­ді, найза лақтырған кезде мерген, батыр тұлғ­алы болып жетілуіне, жекпе-жекте жау­ға берілмеуіне көп септігін тигізген. Қазір бұл ойынды ойнағанда биіктігі бір метр қазыққа пішімі 60х60 см тақтай қағып, оның бетіне ортасынан бастап, айнала ұпай санын көрсететін он шеңбер сызылады. Әр шеңбердің арасы бес сан­тиметр болады. Ойын ережесі бойынша әр ойыншы үш реттен немесе бес реттен нысананы көздейді. Қорытын­дысында кім қанша ұпай жинағаны анықталып, ең көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады. Күміс алу. Ойынға нағыз ат құлағында ойнайтын шабандоз қатысу керек. Олар қатты ағынмен шауып келе жатқан аттың үстінде еңкейіп, жерде ораулы жатқан күмісті іліп алуы тиіс. Атқа шаба білу ға­на жеткіліксіз. Оған ержүректік пен шап­шаңдық керек. «Күміс алу» ойы­нына кез келген ат жарай бер­мейді. Бойы аласа, орташа іріліктегі аттар пайдаланылады. Бәйгеге қосылатын еңселі аттар бұл ойын­ға жарамайды. Ереже бойын­ша екі көмбенің ортасына бірнеше жерге шүберекке оралған күмістер тасталады. Ойынға қатысушылар бір көм­беден екінші көмбеге шауып өткен жо­лында жерде жатқан күмісті еңкейіп іліп алуы керек. Осылайша, ойыншылар кезекпен бір-бір реттен өтіп шығады. Егер ешқайсысы жүлдені іліп ала алмаса, онда екінші көмбеден кері қарай ойынды қайта бастайды. Сөйтіп, жердегі күмісті алғанша ойын жалғаса береді. Асау көк. Шарт бойынша үй иелері ауыл­дың алты ауызын айтады да, онан соң қонақ кәдесі деп мейманның өнер көр­сетуін сұрайды. Ілесе өнер көрсете алма­ған қонақты айып ретінде мінгізетін кер­ме арқан «Асау көк» деп аталады. Кер­меге мінген қонақ әрі-бері сүрінбей жүруі керек. Ойынның мақсаты – кешкі астан кейін мейманға ән салғызу, әңгіме-ер­те­гі, жұмбақ немесе жаңылтпаш айтқызу. Ақшамшық. Бұл ойын ер арасында «Сақина салу» деп те аталады. Ауыл жастары жиналып, дөңгелене отырады. Ойынға он-он бес адам қаты­сып, ортаға бір жігітті немесе бір қызды шығарып, қолына сақина ұстатады. Ойын жүргізуші алақанындағы сақинаны біріне салады. Ол барлық адамның алақанына са­қина салғандай ойынды ары қарай жал­ғастырады. Қолдарын қабыстыра ұстаған қа­тысушылар жүзіктің кімде екенін біл­діртпеуге тырысады. Сақина салушы «Ақ­шамшығым, шық!» дегенде, жүзікті қо­лына ұстаған ойыншы қасындағы­лар­дың тосқауылына бой бермей, ыршып шы­ғуы керек. Егер топтан сытыла алмаса, айы­бын өтейді. Айып көбіне ән-күй орын­дау болған. Тымақ ұру. Тымақ ұру ойынын көгалды алаңда ойнайды. Қатысушылар санына шек қойылмайды. Ойынға әркім өз аты­мен қатысады. Күні бұрын көмбе бел­гі­ле­ніп 20 метр жерге биіктігі ат бойындай қа­зық қағылады да, тымақ кигізіледі. Ойын­ға көз байлайтын орамал керек. Ойын­шылар бір сызықтың бойына қаз-қа­тар тұрады. Басқарушы кезекте тұрған, яғн­и қатардан өз жағындағы ең шеткі ойын­шыны ортаға шақырады. Оның кө­зін орамалмен байлап, атына мінгізіп, қо­лына қамшы береді. Осы көзі ора­мал­мен байланған салт атты жігіт қолындағы қамшысымен тымақты дәл ұрып түсіруі керек. Ойын ережесі бойынша тымақты үш рет ұруға еркі бар. Айталық, бір рет ұр­ғанда тимесе, онда одан ары тымақты іздеп ұруына болады. Онда таба алмаса, тымақты одан ары іздеп тағы ұрады. Осы­лайша, барлық ойыншы бір реттен айна­лып шыққанда, тымақты кім көп ұрса, сол ойыншы жеңімпаз. Ағаш аяқ. Әміре Қашаубаев орындауы­мен ел ішінде кең тараған «Ағаш аяқ» әні осы ойын атауымен байланысты. Ойын­шы­лар аяғына ағаш аяқ киіп, ептілік та­ны­туы керек. Ағаш аяққа мініп үйренбеген адам дұрыс жүре алмай жұртты қыран-топан күлкіге батыратыны бар. Ал жақсы үйренген адам тез-ақ жүріп өтеді. Әрі ол сы­рық үстінде тұрып түрлі сайқымазақ сөз­дер айтып, қимыл жасайды. Ән айта­ды, екеуара айтыса да алады. Жорға жарыс. Бұл ойынға кез келген адам қатыса алмайды. Өйткені жарысқа түсе­тін жорға аттар ел арасында өте сирек кез­деседі. Екіншіден, жорға деген аттың өзі кейде желіске түсіп кетеді. Ал ереже бойын­ша қатысушылар белгіленген екі көм­бенің арасын тек жорғалап жүріп өтуі тиіс. Артықшылығы жарыс тек қысқа, жол ың­ғайына қарай 2-3 шақырым аралықта өтеді. Жамбы ату. Ойын шарты бойынша жам­быны ат үстінде тұрып немесе шауып келе жатып атады. Жарысқа 16 жастан жоғары ерлер мен әйелдер қатысады. Ұзын сырықтың басына күміс немесе ал­тын шүберекке оралып, қыл арқанмен бай­ланады. Мергендер атқанда ораулы тұр­ған жібін атып барып, жамбыны жерге тү­сірген. Нысана мылтықпен немесе са­дақ­­пен көзделеді. Ату сызығының ныса­на­ға дейінгі аралығы – 15-20 метр. Ал өт­кі­зілетін алаңның көлемі 50х200 метр­ден кем болмауы тиіс. Ойын мергендер ті­гілген жүлдені атып түсіргенге дейін жал­­ғасады. Бес тас. Жазбаларға мән берсек, «Бес тас» ойынын сергіту, ой бөлу мақсатында ой­наған деседі. Тарихына келсек, ежелгі дәуірден бастау алады. Махмұд Қаш­қари­дың «Түркі тілдері сөздігі» еңбегінде «бес тас» ойыны туралы мағлұмат кездеседі. Содан «бес тас» сақ-ғұндардан бері келе жат­қан ойын екеніне көз жеткіземіз. Атал­­ған ойын жылдамдыққа, қағылез­дік­ке, тез шешім қабылдауға үйретеді. Әрі жас-кәріні талғамайды. Кішкентай бес жұ­мыр таспен немесе еліктің асығымен ойнайды. Ойын «балта шабу», «тоқылдақ», «та­рақтау», «құдыққа салу», «қуалау», «ке­дергі» сияқты көп кезеңнен тұрады. Қатысушылардан кім бастайтынын шешу үшін бес тасты алақанға салып, қолын жоғары серпіп, қолының сыртымен қағып алады. Кім бес тасты түгел жерге түсірмей қағып алса, ойынды сол бастайды. Ләңгі тебу. Ертеде үнемі ат үстінде жү­ретін ер азаматтар «ләңгі» ойнап, дене­сін шынықтырған. Ләңгі – тақымның мық­тылығын күшейтіп, адамды жыл­дам­дық­қа бейімдейтін ойын. Сойылған еш­кінің терісіне құйылған қорғасынды бе­кітіп, ләңгі жасаған. Ләңгі тебудің де өзін­дік шарты, ұпай жинау тәсілі бар. Аяғыңды қия бассаң, көз жылдамдығынан адасып, ұпайдан қағыласың. Сондықтан қырағы болу маңызды. Ләңгі тебу ойыны бертінге дейін жалғасқанымен, қазір ойнап жүргенді кезіктіру қиын. Десе де за­манауи ләңгі жасап, айналымға шы­ғарып жатқан кәсіпкерлер бар. Санамақ. Ойын шарты бойынша бастаушы көпшілік арасынан бір адамды ор­таға алып шығады. Ортаға шыққан қа­тысушы бір тектес атау сөзден жаңылмай, кідір­мей, жүгіріп айтып шығуы керек. Тоқ­тамай, қателеспей айтып шықса жүлде ала­ды. Егер қателессе ойыннан шығады. Мы­салы, жаңылмай, он ақынның атын атауы керек. Болмаса көл мен мұхитты қос­пай, он өзеннің атын атауы керек.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ