Ұлы жорық басталды

Ұлы жорық басталды

Адамзат игілігіне жұм­салуы тиіс қаржының жеке­леген тұлғалардың жем­сауы­на кетіп жатқанына Біріккен Ұлттар Ұйымы да алаңдай бастапты. Апта бұрын аталған ұйым оф­фшордағы салық төлеу­ші­лердің қаржысын өз елі­не қайтарып, әлеуметтік мә­селелерді шешуге жұмсау керек деп мәлімдеді. Осы мақсатта жоғары деңгейлі топ құрылмақшы. Бұл топ заңсыз шығарылған қар­жы­ны қайтарып, оны БҰҰ-ның тұрақты даму жобаларына жұмсамақ.   БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясының төрағасы Тид­жани Мұхаммад-Банденің ай­туынша, пара ретінде алған және түрлі айла-шарғымен қол жет­кізілген қаржы, сондай-ақ са­лықтан жалтару үшін оффшорлы аумақта жасырылған қаржы тұ­рақты дамуға үлкен кедергі. Себебі активтердің жылыстауы мемлекеттік бюджеттің таусы­луы­на алып келеді. Бұл – түсінікті. Жыл сайын заңсыз қаржы айна­лымы салдарынан мемлекеттер миллиардтаған доллар жоғалтады. Құқық қорғау органдары ұрланған активтерді тапқанымен, оның барлығын кері қайтара алмайды. Өйткені мемлекеттердің ұлттық құқықтық жүйелері әртүрлі. Ұрланған қаржыны тәркілеуге қатысты көзқарастары да сәйкесе бермейді. Сондықтан әлгі топ заңсыз қаржыны жымқыруды қадағалаудың халықаралық меха­низмін іске қосуы бек мүмкін. Осылайша, өз жобаларын қар­жы­ландырудың көзін де таппақ. БҰҰ осылайша «бір оқпен екі қоян атуды» көздегендей. БҰҰ-ның жоғары деңгейлі то­бының құрамы наурыз айында белгілі болады. Әзірге топтың теңтөрағалары белгілі, олар – Данияның бұ­рынғы премьер-министрі Хелле Торнинг-Шмитт пен Нигерияның бұрынғы премьер-министрі Ибрагим Ассан Маяки. Жалпы, БҰҰ-ның оффшор­дағы қаржыға көз салғанына аз болған жоқ. 2016 жылы ұйым оф­фшорлық аймақтарды жоюды қолдаған. Ұйым мамандары жа­са­ған баяндамада оффшорлы ау­­мақ­тарда 7-25 трлн доллар ор­на­­ластырылғанын, ол қар­жы­ның 80 пайызы заңсыз қыз­мет­тің нәтижесінде жинал­ға­­нын, себебі ол қаржы еш жерде дек­лара­ция­ланбағанын мәлімдеген. Бұл көптеген елді миллиардтаған са­лықтан қағып отыр, ал ол қар­жыға күрделі әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге болады деген еді. Ол үшін жаһандық қаржылық ашықтыққа қол жеткізу қажет деген ұйым осы жолы оффшорлық аймақтарға қарсы әрекетке бел­сене кірісетін сияқты.  

Оффшорлық аумақ – қандай аймақ?

Оффшорлық аумақ – же­ңілдетілген салық режимі бар немесе мүлде салық салмайтын ел, яки сол елдің бір аумағы. Мұн­дай жеңілдік сол аумақта бизнесін тіркеген, бірақ басқа елде істейтін компанияларға ұсынылады. Оффшорлы аймақтар салық салу типі бойынша бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, оффшордың классикалық үлгісінде ешқандай салық салынбайды. Ондай аумақ­тағы мемлекеттерде (көп жағ­дайда аралдар) өнеркәсіп саласы дамымаған, есесіне саяси-эконо­микалық жағынан тұрақты. Бұл елдерде тіркелген шетелдік ком­панияларға табыс салығы са­лынбайды. Бар болғаны 100-350 АҚШ доллары көлемінде алым жиналады. Ал егер ол компания­лар өз елінде тіркелсе, салықтың түр-түрін төлеуіне тура келеді. Сондықтан да оффшорлы аумақта тіркелуді жөн көреді. Олардың қаржылық есеп тапсыру, аудиттен өтудің де қажеті жоқ. Компания мен қожайын мәліметі құпия сақталады. Мұндай жеңілдік ұсынатын аумақтар негізінен түрлі «қара тізімге» ілінгіш келеді. Британдық Виргини аралдары, Сейшель аралдары, Невис аралы, Багам аралдарындағы оффшор аумақтар – соның мысалы. Оффшорлы аумақтың келесі түрі салықты кіріске қарай са­лады. Жекелеген аумақтарда қар­жы есебін беру мен аудит жүргізу міндеттеледі. Мұндай аумаққа Гонконг, Сингапур, Панама, Бе­лиздегі оффшорлы аумақтар жа­тады. Жалпы, аффшорлы аумақ туралы сұрасаңыз, сарапшылар пікірі екіге жарылады: бірі – оффшорлы аумақтан қорқудың қажеті жоқ десе, екіншісі – ол нағыз ақша «жауатын» аймақ еке­ніне бәс тігеді. Ал «оффшор» ұғы­мы алғаш пайда болған АҚШ-та XX ғасырдың 50-жылдары қар­жылық ұйымдар Үкімет бақы­лауынан қашып барған аумаққа қатысты айтылған. Біртіндеп бұл ұғым жемқорлардың мемлекет қазынасындағы ақшаны түрлі алаяқтық жолмен оффшорлық қаржы орталықтарына (offshore financial centre) жеткізіп, сол жерде ақшаның әуелгі келу қайнарын ұмыттырып, заңды ақша ретінде пайдалануға қол жеткізілетін болған. Соңғы жылдары оффшорлы аумақ саны көбейіп келеді, бұл сұраныстың көптігінен емес пе? Оффшорға тіркеген мүлкі­ңізден салық төлемеген соң, бұл сіз жұмыс істеп жатқан елдің би­лігіне ұнамайды, әрине. Сон­дық­тан оффшорлы аймақтардың «қара тізімі» жасалады. Мұндай тізім бізде де бар. Ұлттық банкті 1999-2004 жылдары Григорий Марченко басқарып тұрғанда жасалған тізімдегі оффшорлы ай­мақтардың саны жиырмаға жетпейтін. Ал 2008 жылы Қаржы нарығын және қаржылық ұйым­дарды реттеу және қадағалау агент­тігінің төрағасы Елена Бах­мутова жасаған тізімдегі елдер саны 43-ке жеткен. Ерболат До­саевтың былтырғы тізімі тіпті кеңейе түскен. Оффшорлы аймақтардың арасында пайдаға кенеліп жатқан Лондон «қаржы жымқырудың астанасы» атала бастапты. Мұнда ақша жымқыру бағалы жылжы­майтын мүлікті сатып алу арқылы жасалады. Ақпарат құралдары «Ағылшынның ақсүйек лордтары сүйікті корольдігі мен астанасын кім көрінгеннің ұрланған ақша­сын жасыратын орынға айнал­ғанына арланбай ма?» деп жаза бастаған. Себебі бұл елдегі қым­бат нысандардың 75 пайызы шетелдік оффшор компанияларға тиесілі. Бұған дейін сатылған 36 мыңнан астам нысанды сатып алған команиялардың арасында заңды жұмыс істейтіндері де бар, алайда арасында парадан, адам саудасынан, қару-жарақ пен есірткі сатып жинаған байлы­ғынан қылмыстың ізін жасыру үшін жылжымайтын мүлік сатып алатындар да кездеседі.  

Оффшор туралы заң керек пе?

Оффшор десе, «Панама жан­жалы» еске түседі. 2016 жылы журналистік зерттеулердің Ха­лықаралық консорциумы бизнес­мендер мен жоғары лауазымды шенеуніктердің оффшорлық сызбаларды пайдаланғаны тура­лы мәліметтерді жариялап жі­берді. Бұл ақпарат көптеген елде наразылық туғызды. Исландия премьер-министрі өз еркімен қызметтен кетті, Ұлыбрита­нияның премьер-министрі бұқа­ралық ақпарат құралдарына тү­сініктеме беруге мәжбүр болды. Атышулы тізімде Қазақстаннан шыққан 265 жеке тұлға, 8 компа­ния, 7 делдал мен 243 мекенжай көрсетілді. Арасында сол кездегі үкімет мүшесі, аудан әкімі, мемлекетпен қатынастағы кейбір кәсіпорын басшылары да болды. Мәселен, миллионер Сержан Жұмашев, ENRC иелерінің бірі Патох Шодиев, сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, азаматтық белсенді Серікжан Мәмбеталиннің де есімі жүр. Олардың ішінде соңғы екеуі ғана түсініктеме берді. Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Пе­руашевтің пікірінше, оффшорлық аймақтар салық салуды оңтай­ландыру үшін ғана емес, бюджет­тік қаржыны дөрекі ұрлау мен жемқорлық үшін де пайдала­нылады. «Егер оффшорлы аймақтарды пайдалану объективті жағдай­лармен байланысты болса, осы­ған қатысты ақпараттардың фис­кальді органдарға қолжетімділігін, есеп берудің ерекше форматын және өзге де мәселелерді қарас­тыратын «Оффшорлы аймақтар арқылы жүзеге асырылатын қыз­меттерді реттеу туралы» заң жо­басы жасалуы керек. Біз пайдасын оффшор арқылы сыртқа шыға­ратын компаниялар мемлекеттік бағдарламалардың қолдауын, салықтық жеңілдіктерді, мем­лекеттік субсидиялар мен басқа да преференцияларды қолдан­бауы керек деп есептейміз», – дейді депутат. Ал экономист Расул Рысмам­бетов оффшор туралы заңның қажеті жоқ деп санайды. «Қазақстан Үкіметі заңсыз жолмен алынған қаржыны оффшордан іздеуге және қайта­руға дайын деп ойлаймын. Біздің құқық қорғау органдары, Қаржы министрлігі, Ұлттық банк жым­қырылған қаржыны қайтарады деп сенім артуға болады. Ал оффшор туралы заң бір нәрсеге көмектеседі деп ойламаймын, себебі оффшорлық аймақтар өз­гере береді, ең бастысы, қыл­мыс­тық жолмен қаржы жымқыру­шы­лармен күресу керек», – дейді ол. Азат Перуашевтің айтуынша, оффшорлық аймақтар арқылы кірісін шығаратын компаниялар мемлекеттік сатып алуға да қа­тыс­пауы тиіс, себебі олардың іс-әрекеттері барлық салықты төлеп және ашық жұмыс істеп отырған бизнеске әділ бәсеке бола ал­майды. Депутаттың дерегінше, бүгінге дейін Қазақстаннан сыртқа 167 млрд доллардан астам қаражат шығарылған. Жемқор­лардың халықтан ұрлаған сомасы еліміздің тәуелсіздік жылдарын­да мұнай сатылымынан түскен Ұлттық қордағы қаражатынан екі есе көп. «Уәкілетті органдардан ұр­ланған миллиардтарды Қазақ­станға қайтару жұмысын реттеуді тұрақты талап етіп келеміз. Алай­да бұл талаптардың нәтижесінің ішіндегі ең көрнекісі – қайта­рылған 180 млн теңге, яғни, жар­ты миллиондай доллар. Мұның өзі нәтиже. Дегенмен оны ұр­ланған ақша көлемімен салыс­тыруға мүлдем келмейді. Себебі жеті жыл бұрын сарапшылар мем­лекеттен 138 млрд доллар шы­­ғарылды деп жазған бола­тын», – дейді ол. Өкінішке қарай, Қазақстан – оффшорлық аймақтарға ақша шығаруда алдыңғы 10 елдің қа­тарында. «Қазақстандық бизнес Вир­гинг аралдарында, Кипрде, Люк­сембургте қандай зауыт пен фаб­рика салды, осы инвестиция­лар­дан біздің ел, біздің бизнес қандай дивиденд алды?», – деген Азат Перуашев Есеп комитетінің Денсаулық сақтау министрлігінің еншілес құрылымдары Маршалл аралдарында оффшорлық аймақ арқылы нарықтағы бағадан 3-4 есе жоғары баға бойынша тендер жүргізгені туралы деректер кел­тіргенін еске салды. Оның пікі­рінше, бұл мемлекеттік қаражатты дөрекілікпен ұрлау.  

ТҮЙІН

АҚШ-тың бірнеше штаты оффшорлық аймақтар арқылы қаржы жылыстату және жемқор­лық бойынша сотталған азаматтарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салған. Мұндай заңды Беларусь пен Ресей де қабылдаған. Ал біз Қыл­мыстық ко­дексті гумани­зациялай­мыз деп жем­қор­ларға қамқорлық таны­тып отырмыз. Сон­дықтан сарапшылар ұсынғандай, шартты түрде мерзімінен бұрын босату мүмкіндігіне жол бермей, сотталушы­лардың ұрланған қаражат сомасын толық өтемейін­ше, шетелге шығуына тыйым салуды қарасты­ра­тын норманы енгізу қажет сияқты. Сонымен бірге, сөз басында тілге тиек еткен БҰҰ-ның жа­һандық қаржылық ашық­тықты қамтамасыз ететін жобаларына қолдау біл­діру де аса маңызды.

  Халима БҰҚАРҚЫЗЫ