Биылғы көктемде еліміз арқылы өтетін халықаралық тасымалдың тиегі ағытылып сала бергендей. Тек бір апта ішінде Қытайдан Қазақстанға өтетін жүктің ауқымы бірден 3 есеге, ал Қазақстаннан кері бағытқа бет алған жүк ауқымы 2 еседен астамға артып шыға келген. Өйткені халқын үш жыл бойы карантинге қамаған алпауыт аспанасты елі Zero-COVID саясатынан бас тартып, шекарасын ашты. Қазақстанның бұған дайын еместігі белгілі болды. Жалпы, транзит алда тек арта бермек. Жуырда Түркияға сапарлаған Қазақстан көшбасшысы «Орта дәліз» туралы келіссөз жүргізген. Бұл не және маңызы неде? ДДСҰ ұстанымы бойынша жалғасып жатқан, ал іс жүзінде түгесілуге таяған пандемия тасымал саласына көп кесірін тигізді. Жеткізуші тізбектер үзілді, транзит тоқырады. ҚХР «Үдемелі нөлдік COVID» немесе Dynamic Zero-COVID саясатын қатаң ұстанды. Оның ұраны «Іздеу, тестілеу, оқшаулау және қолдау» (FTTIS) болды. Мұның тасымал саласына қатысы қандай? ҚХР ел ішіне сырттан індет кіріп кетпеуі үшін өз аумағына енетін әрбір жүк көлігі мен теміржол контейнерін жеке-жеке дезинфекциялады. Әр жүктен сынама алып, зертханаға жіберді, талдау қорытындысын күтті. Әгараки әлдебір кеден не шекара қызметкері коронавирусқа шалдықса, сол өткізу бекеті тәулікке тұтас жабылып, не жұмысы шектеліп, толық тексеру мен өңдеуден өтетін. Салдарынан қазақ-қытай шекарасында үнемі жүк көліктерінің және теміржол құрамдарының ұзынсонар кезегі қалыптасты. Жыл басында ҚХР билігі Zero-COVID саясатын шектеп, халқы мен бизнесіне біршама жеңілдік берді. Содан 24 ақпанда Премьер-министр Әлихан Смайлов құзырлы органдарға: «Біз бұған дайын болуымыз керек» деп ескертті. Әйткенмен, сақадай сай болмай шықты. Жақсының жақсылығын айту керек, тәуелсіздіктің үш онжылдығында қабылданған шаралар, жүзеге асырылған ірі жобалар, жолға қойылған сыртқы экономикалық байланыстар арқасында Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізіне және әлемдік маңызы бар көлік-транзиттік тораптардың біріне айналды. Ал Ресей батыстың санкциялары салдарынан оқшауланғалы, Қазақстан арқылы өтетін дәліздердің маңызы да, жүктемесі де еселеп артты. ҚХР бұрын РФ және Беларусь арқылы жолдаған жүктерінің үлкен бөлігін қазақ еліне қайта бағыттап, Каспий арқылы тасымалдап жатыр. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ даналығы. Шығыс көршінің мұз құрсауынан босаған Сырдариядай алапат қарқынмен тасқындаған жүгінің көбі жалғыз Жетісу облысы арқылы өтеді. «Достық» және «Нұр жолы» атты екі халықаралық өткізу пункті де, «Достық» және «Алтынкөл» шекаралық теміржол стансасы да осы облыс аумағында орналасқан. Тиісінше, Ұлы Жібек жолын қайталайтын барлық дерлік халықаралық транзит маршрут Жетісудан бастау алады. Дәл қазір өңірдің барлық мүмкіндігін көлік-логистикалық салаға жұмылдыру қажет болып тұр. Осы орайда Достық–Мойынты теміржол учаскесінде екінші, параллель жолдардың құрылысы уақтылы басталды. Бұл саланың табысы шаш-етектен. Тіпті, шетелдік инвесторлардың көз сұғын қадап, ынтығып отырғанын сезген Үкімет көлік саласында заманауи инфрақұрылымды құруға ірі халықаралық серіктестерді тартуға кірісті. Олардың қатысуымен «Достық» стансасында көпфункционалды жүк тасымалдау терминалының құрылысын қолға алды. Бұған қоса, жүк айналымы жылына 1 миллион тоннадан асатын, құны 3 миллиард теңгеге жететін алып қойма кешені іске қосылмақ. Мұның сыртында 500-1000 жүк көлігінен тұратын жекеменшік еурофура паркін қалыптастыру жоспарланған. Бастапқы кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 5 миллиард теңгеден асады. Осыдан-ақ жаңа құрылған Жетісу облысының дамуына сала соны серпін бергелі тұрғанын байқауға болады. Кеденде тәртіп пен әділдік орнайды Әрине, беріліп отырған мол мүмкіндікті пайдаланып қалуда кедергі көп. Мысалы, біраз маңызды нысанның құрылысы ұзап кетті.
«Негізі «Достық-автомобиль» және «Достық-теміржол» нысандарында құрылыс 2022 жылғы маусым айында ғана басталды. Біршама кідіріс болды. Осы өткен қыста ауа райына байланысты бетон қоспасын жасап, құю қиынға соқты. Жұмыс тек жақында ғана қайта жанданды. Біраз нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары тек биыл қаңтар айының басында басталған. Бүгінде көптеген нысанға техника мен жұмыс күші жұмылдырылып жатыр. Кейбір алаңдарда ғимараттар мен нысандарға демонтаж жүргізілуде, сондай-ақ жер қазу және іргетас құю жұмыстары қолға алынды. Орта есеппен нысандарда 20-дан 50-ге дейін жұмысшы жұмыс істейді», – деп хабарлады кеден мен транзит саласына жауапты Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК).Жалпы алғанда, Қазақстан биыл өз шекарасындағы 9 автомобиль, 1 теміржол өткізу бекетін және Астана қаласындағы Бас диспетчерлік басқарманы жаңғыртып, техникалық жарақтандырып шығуға ниетті.
«Пандемияға дейін болған кедергісіз қозғалысқа оралу уақыт пен қалпына келтіру процесін талап етеді. Қазақстандағы тасымалдаушылар мен жүргізушілердің көпшілігінде ҚХР-ға кіруге виза жоқ екені анықталды. Мұны белгілі бір топтар өз пайдасына жаратады. Визасы бар 40-50 жүргізуші ондай көліктерді шекаралық ауданнан өткізіп беруді ұсынады және сол қызметі үшін қымбат ақы сұрайды. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік органдар Қытай тарапымен бірлесіп, тасымалдаушыларға берілетін визалар санын арттыру мәселелерін пысықтап жатыр», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.Оның мәліметінше, қазіргі кезде қазақстандық тасымалдаушылар мен жүргізушілерге визалық қолдау көрсетіліп жатыр. Өткізу пунктерінің жұмыс уақыты ұзартылды. Электронды кезек жүйесінің функционалы жақсартылды. Жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдары тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау шараларын қабылдауда. Өз кезегінде «Атамекен» ұлттық палатасы тасымалдаушылар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында түсіндірме жұмыстарына кірісті: ҚХР аумағына кіру үшін қандай заңды талаптар қойылатынын, оларды мүлтіксіз орындау керегін айтады. Шекарадағы бекеттердің өткізу қабілетін арттыруға және тауарайналымды ұлғайтуға бағытталған жұмыс жалғасады. Alfa Trans Kazakhstan өкілі Ернұр Сәдібеков Қытаймен арадағы шекарада орналасқан өткізу пункттерінде біршама тәртіп орнағанын жеткізді.
«Бұрын онда делдалдар көп болатын, аяққа оралып жүргізбейтін. Соңы төбелеске ұласып та жататын. Бүгінде түзеліп қалды. Арнайы мониторинг топтары құрылыпты. Олар кезекте тұрған әр жүк көлігін тексереді. Құжаттары жоғын кезектен шығарып тастайды деп естідік. Біздің құжаттарымыз толық, сондықтан бұрынғыға қарағанда тезірек өттік. Әйтпесе, қулар көп, «Нұр жолы» сияқты өткізу пунктінде күні бұрын электронды кезекті брондайды да, содан соң ғана Қытайға жеткізетін жүктерді іздей бастайды. Жүк таба алмаған, немесе бекітілген мәміле, келісімшарты бұзылған жүк тасушылардың шекараға сол бойы келмеген жағдайлары кездеседі. Келгенімен құжаттары дайын болмай шығады. Содан құжаты келгенше, кезегінен айырылып қалмау үшін өзгелерді өткізбей, кептеліс туындайды. Салдарынан өзге тасымалдаушылар зардап шегеді, тауарлары бұзылады, уақытында жеткізбегені үшін айыппұл төлеп, шығынға батады», – деді Е.Сәдібеков.Бұл ақпаратты МКК растады. Ведомство дерегінше, отандық тасымалдаушылардың жартысынан көбінде шетелдік рұқсат бланкілерін алу үшін қажетті халықаралық тасымалдарды жүзеге асыруға арналған рұқсат карточкалары болмай шықты. Нақтыласақ, электронды кезекте тіркелген 21 023 автокөліктің 10 868-інде рұқсат карточкасы жоқ. Салдарынан мысалы, 14 наурыз күні құзырлы орган Қытайға 500 фураның өте алатынын жариялады. Бірақ іс жүзінде тек 183-і өтті. Қалған машина өткізу пунктінің алдында сол бойы қаңтарылып тұрып қалған: жүргізушілер рұқсат құжаттарын күтетінін алға тартып, кірмеді. Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» палатасы кезегін сақтап қалу үшін тасымалдаушылар алдын ала халықаралық тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат құжатын рәсімдеуі қажет екенін түсіндіріп жатыр. Мұндай құжатсыз автокөліктер жаппай кезектен шығарып тасталмақ. Негізі, көлік шекараға таяғанда ғана кезекке тұруы керек еді. Бұл кезек электронды түрде Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ платформасында, Qoldau.kz сайты арқылы жүргізіледі. Бірақ кедендегі кептелістен хабардар тасымалдаушылар біраз күн бұрын кезекке қашықтан тұрып алады. Бұған тосқауыл қою үшін жауапты органдар заңсыз фактілерін әшкерелеп, жолын кесуге кірісті. Мониторинг барысында жосықсыз тірлікке барғандар анықталса, олар жүйеде бұғатталады екен. Ал егер кезекті сатудың заңсыз дерегі анықталса, онда материалдар дереу құқық қорғау органдарына тапсырылады. Әрине, бұдан адал тасымалдаушыларға да нұқсан келуі мүмкін. Аяқ астынан туындаған проблеманы мемлекеттік орган жедел қарап шешу үшін «CarGoRuqsat» телеграм-арнасы жұмыс істейді. [caption id="attachment_246188" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Осылайша, бүгінде Қытаймен арадағы өткізу пунктері күніне 500-700 жүк көлігін өткізіп тұр. Жасанды кедергілерді жою бойынша нормативтік актілерге өзгерістер енгізіліп жатыр. Нәтижесінде, шекарадағы орынсыз тосқауылдар алып тасталса, онда бір ғана «Нұр жолы» бақылау-өткізу бекетінен тәулігіне мыңға жуық автокөлікті өткізуге жол ашылмақ. Орта дәліз – ортақ қазына Сонымен бірге транзит ауқымы алда тек арта беретінге ұқсайды. 2023 жылғы 16 наурызда Түркияға жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы ел Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен бірге «Орта дәліз» аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытына қатысты келіссөз жүргізді. Қазақстан әлеуеті мол осы көлік-логистикалық бағдарды дамыту үшін ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді. Экономист Айдар Әлібаевтың мәліметінше, «Орта дәліз» Қытайды Қазақстан аумағы арқылы Түркиямен және Еуропамен жалғайды. Бұл дәліз де Каспий арқылы Ресейді айналып өтеді. «Орта дәліз» тасымалдаушылары қауымдастығының штаб-пәтері Астанада орналасқан. 2017 жылы қолданысқа берілген бұл бағдар РФ арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің көлеңкесінде қалды. Алайда Мәскеудің Украинаға соғысы Орта дәлізді өзекті етіп отыр. РФ «Транссібіріне» тәуелділіктен құтылудың қамын жасаған еуропалықтар да осы бағдарға ден қоюда. Мысалы, контейнерлік тасымал саласындағы әлемдік көшбасшылар даниялық Maersk пен финдік Nurminen Logistics осы жолға көшіп алды: олардың контейнерлерін Қытайға бастайтын қазақ теміржолынан байқауға болады. Қазақ жері арқылы өтетін дәліздер бойынша тасымалды бірден бірнеше есеге арттыруға болар еді. Дегенмен сарапшылар бұған Қазақстанның инфрақұрылымы дайын еместігіне назар аудартады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, республика аумағында жалпы ұзындығы 13 мың шақырымға жуық 8 транзиттік дәліз бар. Олар теңіз айлағына барып тіреледі. Сондықтан Ақтау портында контейнерлік хаб құру, қайта тиеу техникасының паркін жаңарту және мұнай құю айлақтарын қалпына келтіру, ал Құрық портында жаңа айлақ салу, көпфункционалды және астық терминалдарын іске қосу жоспарлануда. Сондай-ақ 2030 жылға дейін Каспийде 10 мұнай құю баржасы, 8 паром, 6 танкер және контейнерлік кеме жұмыс істей бастайды деп күтілуде. Ақтаудағы контейнерлік хаб құрылысы 2022 жылы басталды. Жобаның болжамды құны 10 миллиард теңгеден асады. Бұл хаб Орта дәліз арқылы жүк ағынын еселеп арттыра алады. Әйтпесе, әзірге Ақтау порты өз әлеуетінің төрттен бірін ғана пайдаланып отыр. Бұдан бөлек, ел Үкіметі жүк тасымалына арналған, кемелерге тиелетін контейнерлерді елімізде шығару жобасын жүзеге асыруда. Еуропалық қайта құру және даму банкінің дерегінше, 2022 жылға, яғни Украинадағы соғысқа дейін Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы жүк айналымының 95 пайызы Солтүстік дәліз, яғни Ресей аумағы арқылы өтіпті. Енді оның орнын Орта дәліз басып жатыр. Қытайдан шыққан жүк Орта дәлізбен Еуропаға орташа алғанда 20–25 күнде жетеді. Бұл теңіз жолынан екі есеге жылдам. Қазақстан серіктес елдермен бірлесіп, рұқсат құжаттарын беру мерзімдерін азайту, кедергілерді жою арқылы бұл көрсеткішті одан ары жақсартуға күш салу үстінде. Ендеше, континентаралық жүк ағынының 95 пайызы қазақ жері арқылы өтетін кез де алыс қалмағандай. Осылайша, Еуразияның кіндік тұсындағы елде сан ғасыр бұрынғы Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырмақ.