Алашқа бір музей бұйырмай ма?

Алашқа бір музей бұйырмай ма?

Алаш мұраты үшін, азат ел болу үшін бар күш-жігерін сарп еткен ұлт-азаттық қозғалыстардың мәнін, бағасын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Солардың бірегейі, ел тарихында орны ерекше құбылыс бұл – Алаш қоз­ғалысы. Ендеше Астананың орталығында ұлттық мәртебесі бар Алаш мұражайын ашу керек. Біз сөзге тартқан алаштанушы, тарихшы, музей саласының ма­мандары бірауыздан осы бастаманың жүзеге асыры­латын уақыт келіп жеткенін мәлімдеді. Бастама көтерілгеніне 6 жыл өткен Алаш мұражайын ашу жөнін­дегі бастама алғаш Алаштың 100 жылдығы аталып өткен 2017 жы­лы Алматыдағы шарада көте­ріл­ген. Жиында алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді баяндама жа­сап, «Алаш қайраткерлеріне ар­наулы музей салынуы қажет» деп мәлімдеген екен. Алайда арада алты жыл өтсе де бұл бастама әлі іске аспаған. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Көпшілік оны ұмыта бас­таған болатын. Алайда Алаш мұ­расын зерттеп, зерделеп жүрген азаматтар осы идеяны дамытып, оның қандай формада болуы ке­ректігін бір сәт назардан тыс қал­дырмағанына куә болдық. Белгілі алаштанушы, тарихшы Мәмбет Қойгелді қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысы тари­хы­мызда ойып тұрып орын алатын құбылыс ретінде биік деңгейде насихатталуы керек деп санайды. Осы танымды жастардың сана­сына сіңіретін, бөтен жұрттың өкілдеріне таныстыра алатын құралдың бірі ол – арнаулы мұ­ражай болмақ.

«Мен Алаш қозғалысын зерт­теумен айналысқаныма 34-35 жыл болып қалды. Алаш қозға­лысына қатысты деген құжат­тар­дың басым бөлігімен маман ретінде таныспын. Бұл тақы­рыптың өзектілігін, қажеттілігін терең сезінемін. Ұлттық тарихта алар орны ерекше Алаш қозға­лысына кеңестік заманда мүлдем басқа баға беріліп келді, ай­тыл­майтын тыйым салынған жа­бық тақырыпқа айналды. «Ха­лықтың болашағына қарсы бол­ды» деген мүлдем басқа астарда қарасты­рылды. Алайда бұл – қа­зақ хал­қының ұлт азаттық қоз­ғалысы. Шын мәнінде, қазақ тарихында мұндай мақсатты әлемдік деңгей­дегі ұлт-азаттық қозғалыс бұрын-соңды болмаған. Біз кеңестік ойлау жүйесінен шы­ғ­уымыз ке­рек. Тарихымыздағы елеулі про­цестерді, құбылыстарды қажетті биік деңгейде насихат­тауымыз керек. Оны ұлттың са­насына сі­ңіруіміз керек. Ол үшін барлық са­лада мақсатты жұмыс­тар жүр­гі­зілуі тиіс. Осы жұмыстың бірі – қазақ ұлт-азаттық қоз­ғалысына арналған үлкен мұра­жай болуы қажет», – дейді тарихшы.
Алаштанушы азаттық жо­лындағы тарихын түгендеу, оны өзінің асыл мұрасы ретінде дә­ріп­теу егемен әрі болмысын таныған ұлттың сипаты екенін жеткізді.
«Ол баяғыда қолға алатын нәр­се еді. Алаштың артында қал­ған ма­териалдық-рухани құн­дылық­тар­ды жинап, сол музейге орна­лас­­тыру керек. Жас ұрпаққа оны та­ныстыруымыз керек емес пе? Бұл – өсіп-өнген елдерге тән ат­қа­рыла­тын жұмыс. Осыны біз неге жүр­гізбейміз? Мысалы, Ал­ма­ты­дағы А.Байтұрсынұлы му­зейі қан­шама айқай-шудан кейін әзер ашыл­­ды», – деп қынжылды тарихшы.
Алаштанушы ғалым заман сұранысына лайық үлкен ауқым­ды музей ашу ісіне көңіл аудара­тын уақыт жеткенін атап өтті. Өйткені оның нәтижесі тәуелсіз мемлекет екеніміздің, тәуелсіз ой­лау арнасына түскендігіміздің куәсі болмақ.
«Бұл істің алға баспауына себеп ол бұрынғы ел басшы­лы­ғының Алаш ұстанымына көз­қарасының дұрыс еместігінде еді. Тарихымыздың маңызын өз дең­гейіне сай бағалай білмеуінде деп ойлаймын. «Архивте сақта­лып жат­қан Алаш мұрасын шы­ғара­йық, халыққа танысты­ра­йық», – деп төрт-бес рет Парла­ментке хат жаздым. Алайда бар­лық жазған хатым жауапсыз қал­ды. Осы тұста мән бере кететін нәрсе бар, ол – Президентіміз Қ.Тоқаевтың осы мәселеге қа­тысты ұстанымы. Мен Мемлекет басшысына алғыс ай­тамын. Ол осы мәселені тү­бегейлі қолға алды. 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбанда­рын толық ақтау жөніндегі мемле­кеттік ко­миссия туралы Жарлық шы­ғар­ды. Мен сол комиссияның мү­ше­сімін», – деді Мәмбет Қойгелді.
Тарихшы комиссияның жұ­мысында арнайы Алаш қозғалы­сына байланысты саяси баға беру жөнінде құжат дайындау жөнін­дегі бастамасының қолдау таппа­ғанын айтып өтті.
«Алашқа қатысты нәрсені айтайын, көтерейін десең, бізде мынадай «Ойбай көрші ел не дейді?» дейтін қасаң ұстаным-пікір бар. Тарихи мәселенің ма­ңы­зына жете түсінбейтін адамдар жалтақ болады. Әлихан Бө­кей­ханның осыған қатысты айтқан бір сөзі бар еді. «Отаршыл езгіде болған ел жетекшіл, ергіш, жал­тақ болады» деген. Міне, сол мінез қанымызға сіңіп қалған. Өз тарихыңа қатысты тұжырым жасауда көршіңе жалтақтасаң, онда сен кім болғаның?!», – деп күйінді алаштанушы.
Алаш мұражайын кейінгі қалдырып келген осындай ке­дергінің бар екенін Астана қа­ласының Бірлескен мұражайлар дирекциясы директорының орын­басары Самат Тергембаев та атап өтті. Ол істі кейінге ысыра бермеу керек деген пікірде.
«Саясат жағында жүрген аза­маттар осы тақырыпты мемлекет ауқымында көтергенде көрші елге сақтана қарайды. Солар бұ­ған дейін «әлі уақыты келмеді» деп кешіктіріп келді. Алайда тә­уелсіздік алғанда дүниеге келген балалардың жасы қазір 30-дан асып кетті. Яғни, біз бұлай ке­шік­тіре берсек, осындай тарихи са­наны бұдан кейінгі ұрпақтың са­насына сіңіру қиынға түс­пек», – деді Самат Тергембаев.
Ол ел үшін құрбан болған азаматтардың көбінің аты ұмыт қалғанын айтып өтті. Осы тарих­ты зерттеуде іздеушісі жоқ жандар да назардан тыс қалмауы ке­ректігіне назар аудартты.
«Біз репрессияға ұшыраған жандардың арасында тек қай­мағын ғана білеміз. Бұған дейін ақталған жандардың дені жа­зушы-ақын, саясаткерлер секілді танымал азаматтар еді. Алайда Алаш қозғалысына атсалысқан, көмектескен қатардағы көптеген жандарды біз біле бермейміз. Жазықсыз атылып кеткен білімді азаматтар, «бай-кулак» деп айыпталған ауқатты кәсіпкерлер, молдалар бар. Іздеушісі жоқ адамдардың көбі аты аталмай келеді», – дейді Самат Тергембаев.
Сонымен қатар ол осы мұ­ражай алдына азаттық құрбан­дарының рухын беретін, Алаш қозғалысының ауқымын ай­шықтайтын, олардың жиынтық идеясының белгісі болатын ес­керткіш орнатуды ұсынды. Тарихтан сабақ алу маңызды Алаш зерттеушісі Болат Мүрсәлім Алаш қозғалысына арналған ұлттық мәртебесі бар музей ашылуын қолдайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл – ұлттың танымын арттыру үшін қажет шара.
«Алаш қозғалысы – ең алдымен ұлт-азаттық қозғалыс. Тарихымызда 300-ден астам ұлт-азаттық қозғалыс болды десек, соның ішінде бұл жаңа сапада­ғы интеллектуалдық деңгейдегі қозғалыс еді. Екінші тұсы – ол демократиялық қозғалыс бола­тын. Осындай ұлтымыздың та­рихындағы үлкен құбылыс болған қозғалысқа арнаулы музей қажет. Алаш қозғалысы ол кейінгі ғы­лыми негізде қойылған атау ғой. Ал Алаш деп ат қойған мұра­жайымыз болса, онда қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының бас­тауынан бастап ең соңғы ста­линдік режимнің жаныштаған кезеңдегі барлық дүниелер қам­тылуы керек. Олардың қалыптасу кезеңі, олардың саяси процес­терге араласу кезеңі, олардың советтік үкімет жағдайында жұ­мыс істеген тұсы, сосын сталин­дік қандықол режим қудала­ған кезі қамтылады», – дейді Болат Мүрсәлім.
Алаш зерттеушісі Алматы­дағы Ахмет мұражайы, Семейдегі Міржақып пен Әлихан тұрған үйдегі мұражай, Торғайдағы мұ­ражайдың құрылған кезі 1990-2000 жылдары екенін еске салды. Оның ойынша, мемлекеттің қа­лыптасуының бастапқы тұсы­нан өтіп, басқа кезеңге қадам басқан тұста ашылатын жаңа мұра­жайдың танымдық жағына кө­бірек мән берілуі тиіс.
«Арнайы мамандар дүние­жүзілік мұражай жүргізу мәде­ниетін ескере отырып, мұра­жай­дың жаңа концепциясын да­йындауы тиіс. Жаңадан ашы­латын мұражай болғандықтан оған Еуропа елдеріндегі се­кілді немесе басқа да өр­кениетті елдердегі секілді музей ісіндегі жаңаша дүние негізімен жа­салуы керек. Әрине, ол жерде тарихи құжаттар, су­рет­тер тұруы керек. Қуғындалған кездеріндегі сот хаттама­ла­ры­ның көшір­ме­лері қойылуы мүмкін. Алаш арыстарының тұ­тынған зат­та­ры – жәдігерлері болады. Мысалы, Міржақыптың тай­жақысы қойылады дегендей. Сонымен қоса, танымдық жағын арттыру тұсын да мамандар ес­керуі, қолға алуы қажет», – дейді ол.
Осы тұста музей ісінің маманы Самат Тергембаевтан «Алаш музейі жасақталса, оған қажетті жәдігерлер жеткілікті ме?» деп сұрадық.
«Үлкен музей жасайық» деп бастасақ, Алаш зиялыларына қатысты жәдігерлерді ел ішінен де іздестіруге болады. Халықтың қолында сақталып келе жатқан көне заттар өте көп. Мысалы, таяуда Жанайдар Сәдуақасовтың ұрпақтары оның былғарыдан тігілген кеудешесін «Алжир» мұ­ражайына табыс етті. Сондай-ақ ұрпақтарында бұрын жария­ланбаған хаттар, қолжазбалар бары белгілі болды. Яғни, іздес­тірсек, бұрын белгісіз болып кел­ген жәдігерлерді көптеп таба ала­мыз. Өйткені ол ұрпақтарын­да сақталған», – деді Самат Тергембаев.
Айта кетерлігі, елімізде Алаш зиялыларының мұрасы топталған мұражайлар санаулы. Семей қаласында «Алаш арыстары» мұражай үйі, Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың әдеби музейі, Шым­кентте Саяси-қуғын сүргін му­зейі, Алматыда Ахмет Байтұр­сын­ұлының мұражай үйі орна­ласқан. Батыс Қазақстан облы­сындағы Жымпиты ауылында Алаш тарихы деген музейде біраз жәдігер сақталған.
«Өңірдегі мұражайлардағы кейбір құнды экспонаттарын орталыққа алдырып, сонда кө­шір­месін ғана қалдыруға болады. Өйткені жаңадан ашылатын музейдің кемінде ұлттық деген мәртебесі болуы керек. Мысал ретінде айтсам, посткеңестік елдердің ішінде Грузияға алайық. Ол елде қаншама тақырыптық музейлер жұмыс істеп тұрғанын көрдік. Оларда тіпті кеңес окку­пациясы деген тақырыпта жеке музей жұмыс істейді екен. Ал, атақ­ты тұлғаларының әрқай­сысы­на жеке-жеке музей ашыл­ған», – дейді Самат Тергембаев.
Белгілі алаштанушы Мәмбет Қойгелді Алаш қозғалысына та­рихи баға беру әлемдегі тәуелсіз­дік жолында күрескен басқа елдедегі азаттық қозғалыстарымен бірге қарастырылуы керек деген пікірде. Ол орыс тарихшысы Ключевскийдің «Тарих ешнәрсені оқытпайды, оның сабағын алма­ғандарды ғана жазалайды» деген сөзін алға тартты.
«Алаш музейі әлемдік ұлт-азаттық қозғалыстар арнасында қарастырылуы тиіс. Өйткені әлемде тәуелсіздігі үшін күрескен ел біз ғана емеспіз. Біздің алыс-жақын көршілеріміз де еркіндік жолында күресті, қан төкті. Ке­зінде Әлімхан Ермековтің айтқан сөзі бар «азаттық үшін көтерілген қозғалыс басшыларын қудалау барлық елдерде болған. Бірақ қазақ сияқты оларды баудай тү­сіріп қырған тарих көп жерде бол­маған» дейді. Осыны ұрпақ­тың санасына жеткізу керек», – деген ғалым Президенттің осы тұрғыда айтқан бір сөзі көңілінен шығатынын атап өтті.
«Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағды­рын айқындаған тарихи оқиға­ларға лайықты баға берген жөн... Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көз­қарасымен жазылуы керек» деген еді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың I отырысында. Ғылыми база жеткілікті Ауқымды тарихи зерттеу ­жұ­мыстарының нәтижесі мұра­­жай арқылы қоғам назарына ­ұсы­ны­латыны белгілі. Осы тұста Алаш мұрасы зерттеу дайын дүниеге ай­налды ма деген сауал туындайды.
«Алаштану қазір тарихтың жеке бір саласына айналды. Осы тақырып толыққанды зерттелді деп айтуға болады. Егер мұражай ісінің мамандары алашта­ну­шы­лармен бірлесе отырып концеп­ция жасауға кіріссе, үлкен бір дүние шығады деген сенімім зор», – деп сеніммен айтты Болат Мүрсәлім.
Сөз соңында, оқырмандарға түсінікті болуы үшін осы баста­маның шығынын жуықтатып ұсынуымыз керек еді. Сол үшін Самат Тергембаевтан біз ұжым­дағы қызметкерлер саны қанша болуы тиіс, ғимаратын қалай табу керек екендігін жобалап айтып беруін сұраған едік.
«Ғимаратқа келсек, жаңадан салуға болады немесе Астанада тарихи ғимараттар көп солардың бірін пайдалануға болады. Осы нысандар тарихи мұра ретінде есепте тұр. Олардың кейбірі мен­шікке берілген, алайда иесі оны күтіп-сақтауға міндетті. Тарихи келбетін өздігінен өзгерте ал­май­ды. Сондай ғимаратты мем­лекет меншігіне қайта сатып алып, оны мұражай ғимараты ретінде жөн­деп шығуға болады. Тым үлкен болуы міндетті емес. Аса үлкен етіп салып, оны тол­тыра алмай жүрмеуіміз керек. Мысалы, «Ал­жир» мұражайы ғи­маратының ауданы 1 мың шар­шы метр. Сон­дай көлемде болса жеткілікті. Ұжымға келмек, мұн­дай шаруаны әрі кетсе 50 адам атқара алады. Оның ішінде мін­детті түрде экс­курсовод, қор сақтаушы секілді 20-ға жуық ғылыми қызметкер болуы тиіс. Қалғандары еден сы­пырушы, күзетші секілді ма­ман­дар», – деді Самат Тергембаев.
Оның пікірінше, Алашқа ғана арналған қастерлі орын – музей ашу жөнінде үлкен талқылау өт­кізілуі керек. Онда зиялы қауым өкілдері алаштанушылар, та­рих­шылар және музей саласының ма­мандары бас қосып осы жоба­ның тұжырымы мен формасын жасақтауды ортаға салуы тиіс. Егемендіктің жолындағы тоқ­таусыз жүрген күрестің құрбан­дары ел жадынан тыс қалмауы тиіс. Олардың еңбектері мен мұ­расы ел қазынасына айналуы ке­рек. Оның халыққа ұсыну құ­рал­дары көп әрине. Қоғамға ор­тақ қазынаны көпшілік назарына ұсынатын бірегей орын мұражай болса керекті. Ендеше Алаш арыс­­тарын ұлықтайтын ұлттық мұражайға сұраныс бар деген сөз.

Жәнібек АМАНГЕЛДІ