Қорғалжын – ханның жайлауы
Қорғалжын – ханның жайлауы
591
оқылды
Әр тасы мен сайы мыңжылдық тарихтың куәсі болған қазақ жерінің ашылмаған сырлары әлі де болса жетерлік. Бабалар тарихын қанша зерттеп-зерделедік, десек те ғалымдар мен археологтер бұл бағыт­тағы ғылыми ізденісін әлі де жалғастырып келеді. Кейбір тарихи деректерге қатысты әртүрлі жорамал айтылғанымен, олардың бірқатары жас археолог­тер мен ғалымдардың батыл әрекетінің арқасында біртіндеп болса да анықталып келеді. Солардың бірі Қорғалжын аймағындағы Қазақ хандығының алғаш негізін қалаған Жәнібек ханның кесенесі мен қонысы болуы мүмкіндігі хақында. Тарихта алғаш қазақ хан­дығының қазығын Шу мен Талас өзені алқабында қаққан Жәнібек пен Керей хандардың Қорғал­жында қонысы болды деген та­рихшы ғалымдардың бірсы­пырасы осы тұжырымға тоқтап отыр. Де­генмен оның нақты­лы­ғына күмән келтіретіндердің де қарасы қалың. Ортағасырлық тарихи ес­керткіштер Қорғалжын аймағында қат-қабатымен жатыр. Әсіресе, сонау Алтын Орда дәуіріне тән тарихи-археологиялық құнды ескерткіштер жайлы ғалымдар күні бүгінге дейін зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізіп жатыр. Қорғал­жында Жәнібек пен Керейдің қонысы болу мүмкіндігіне қатысты археологиялық әрі топонимикалық атаулар да бар. Атап айтқанда, Керей өзені, Жәнібек-Шалқар көлі, Сұлтангелді өзені сияқты та­рихи атаулар бұл жерде сан ға­сырлар бұрын қазақтың алғашқы хандары қоныс тепті ме деген жорамал ойларды одан сайын бекіте түседі. Бұған қатысты алдымен белгілі тарих ғылымдарының докторы, топонимик Жамбыл Артық­баев­тың пікірін білмек болдық. Ғалым Жәнібек пен Керейге қатысты атаулар болғанымен, бұл жерде жорамал болғанымен, нақты фактілердің әлі де аздық ететінін жеткізді.
– Қорғалжыннан таяқтастам жерде шамамен жиырма шақы­рымдай шамасында Жәнібек-Шалқар аталып кеткен кесене бар. Бұл кесенені 2009 жылы жергілікті аңшылар кездейсоқ тапқан. Осы­дан кейін бұл жерде тарихшылар мен археологтер үлкен зерттеу жұмыстарын бастады. Бұл жер­лерде Жәнібек ханның кесенесі мен қонысы бар деген әзірге нақты дәлелденбеген жорамал ғана. Археологтер мен ғалымдардың әлі де көбірек зерттеуі қажет. Қор­ғалжында Алтын Орда кезінде ірі сауда-саттық орны болғаны, Бы­тығай қаласының орнының табы­луы расында да тарихи ескерт­кіштердің сол дәуірлерге қатысты болу мүмкіндігін көрсетеді. Де­генмен нақты факт болатындай ескі аңыздар мен фольклорлар болмай тұр. Жәнібектің кесенесі мен қонысы болды деп ешкім де тап басып айта алмайды, – дейді тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаев.
Ал белгілі жас археолог әрі та­рихшы ғалым Айбар Қасенәлі Қорғалжында ашылған кесененің Қазақ хандығының негізін қа­лау­шылардың бірі – Жәнібек ханның кесенесі екеніне нық сенімді. Оның айтуынша, кесенеде жүр­гізілген антропологиялық зерттеу жұмыстары оның нақты Жәнібек ханға тиесілі деген тұжырымға келуге жетелеген.
Кесене 2009 жылы табылып, сол жылы К.Ақышев атындағы археологиялық институт қызмет­керлері зерттей бастады. 2020 жылы Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен кесенені зерттеу қайта жалғасып, толық спектрі жүзеге асырылды деуге болады. Халық­аралық зертханаларда са­рапта­малар жүргізілді. Ескерт­кіштің уақыты мен антрополо­гиясы анықталды. ХХ ғасыр ба­сындағы карталарда бұл жерде Жәнібек деп көрсетілген. Карта жасалған тұс­тағы адамдар оның Жәнібекке арналып салынғанын білген. Де­генмен ауыл­шаруа­шы­лық жұ­мыстарының қарқынды жүруінен ескерткіштердің көбі бүлінген. Сақталған ескерткіш­тердің ерек­шеліктері сол заман­дағы тұлғаға арнап қойылғаны деуге болады. Ғалымдардың па­йымынша, қазақ тарихында хан­дық еткен Жәнібек есімді үш адам болған. Олардың бірі Алтын Орда ханы Сарайшықта жерленген, тағы бірі Есім ханның үлкен ұлы XVII ғасырда жоңғар­лармен со­ғыста қаза тапқан. Біздің архео­логиялық зерттеулерден бұл ке­сенені Жәнібек ханға тиесілі деген қорытындыға келдік, – дейді археолог-ғалым, Ұлттық музейдің Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының басшысы, РhD докторы Айбар Қасенәлі.
Дегенмен Айбар Ерланұлының әріптестерінің бірі «Бозоқ» тарихи-мәдени музей қорығының дирек­торы Сәуле Бөрібаева аталған ай­мақта зерттеу жұмыстарының орта жолда қалып қойғанын, зерттеудің әлі де болса толық аяқталмағанын алға тартты.
– Иә, бұл Қорғалжын маңын­дағы кесенеде зерттеуші Айбар Қасенәлі облыс әкімдігінен қар­жылай қолдауымен зерттеу жүр­гізді. Дегенмен мен бұл жоба­ның соңына дейін аяқталмай орта жол­да қалып қойды деп есеп­теймін. Мұны Айбардың өзіне де айттым. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп қайтадан ғалымдардың, архео­логтердің қатысуымен бұл кезең­дегі тарихи ескерткіштерді зерттеу мақсатында жобаны қолға алатын болып келістік. Қорғал­жында қыш кірпіштерін шы­ғаратын өндіріс орталығы, тіпті Тотығай деп атал­ған қаланың орны болғаны туралы да деректер бар. Қазба жұмыстары кезінде Бы­тығайдан қаласының орнынан құмыра табылып, онда еш қалпын өзгертпеген сұйықтық табылды. Оның битум екені анық­талды. Яғни, өндіріс орны болғаны тү­сі­нікті. Сондықтан ғылыми нақ­ты­лық болуы үшін бұл жерде то­лы­ғырақ зерттеу жұмыстары ауа­дай қажет, – дейді Сәуле Бөрібаева.
«Бота» қорық музейінің дирек­торы Қуаныш Шақшақов та Қор­ғалжындағы топонимикалық атау­лар, археологиялық қазба жұ­мыс­тары кезінде табылған адам­дардың сүйектері, табылған мо­неталар Жә­нібек ханның жайлауы осы жер­де болуы мүмкін деп топ­шылайды. Музей директоры атал­ған кесене егер республикалық тарихи ес­керт­кіштердің қатарына енсе, тарихи әділеттілік болады деп санайды.
– Сараптама жұмыстары мен қорытындылар бойынша нақты дәлелденген жоқ. Дегенмен мұнда орналасқан Жәнібек-Шалқар көлі, Сұлтангелді өзені кесененің Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібекке тиесілі болуы мүмкін­дігін жоғарылатады. Кесенеден бес адамның сүйегі табылды. Кесене күмбезінен Орталық Азия майо­ликалық кірпіштердің әкелінгенін де байқадық. Адамдарға жасалған ДНҚ сараптамасы кезінде орта­сында жатқан адамның ертерек, яғни ХV ғасырларда өмір сүргенін көрсетеді. Кесене маңынан табыл­ған монеталар да бұл жерде Жәні­бектің кесенесі ғана емес, қонысы бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондай-ақ егер төте жолмен есептесек, Жәнібек хан­ның Ұлытаудағы қонысына атпен шамамен 2-3 күншілік қана жол болады. Дегенмен әлі де болса зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Ол үшін аталған кесене мен тарихи сакральды орын ретінде облыстың тарихи орындарына, сонымен қатар республикалық тарихи ескерткіштер қатарына қосылуы тиіс. Сонда Мәдениет және спорт министрлігінен тиісті қаражат бөлініп аталған кесене қайта жаңғыртылады, – дейді Қуаныш Шақшақов.
Аталған тақырыпты зерттеп-зерделеу барысында ғалымдар мен археологтердің, топонимика сала­сын зерттеушілердің пікір қай­шылығы барын аңғардық. Деген­мен нақты түсінгеніміз, Қорғал­жындағы аталған тарихи ескерт­кіштер республикалық көлемде тұтастай зерттеуді қажет етеді. Бұған тиісті саладағы құзырлы министрліктер мен ведомстволар, ғалымдар мен археологтер назар аударар деген сенімдеміз.

Ақмола облысы