– Қорғалжыннан таяқтастам жерде шамамен жиырма шақырымдай шамасында Жәнібек-Шалқар аталып кеткен кесене бар. Бұл кесенені 2009 жылы жергілікті аңшылар кездейсоқ тапқан. Осыдан кейін бұл жерде тарихшылар мен археологтер үлкен зерттеу жұмыстарын бастады. Бұл жерлерде Жәнібек ханның кесенесі мен қонысы бар деген әзірге нақты дәлелденбеген жорамал ғана. Археологтер мен ғалымдардың әлі де көбірек зерттеуі қажет. Қорғалжында Алтын Орда кезінде ірі сауда-саттық орны болғаны, Бытығай қаласының орнының табылуы расында да тарихи ескерткіштердің сол дәуірлерге қатысты болу мүмкіндігін көрсетеді. Дегенмен нақты факт болатындай ескі аңыздар мен фольклорлар болмай тұр. Жәнібектің кесенесі мен қонысы болды деп ешкім де тап басып айта алмайды, – дейді тарихшы-ғалым Жамбыл Артықбаев.Ал белгілі жас археолог әрі тарихшы ғалым Айбар Қасенәлі Қорғалжында ашылған кесененің Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі – Жәнібек ханның кесенесі екеніне нық сенімді. Оның айтуынша, кесенеде жүргізілген антропологиялық зерттеу жұмыстары оның нақты Жәнібек ханға тиесілі деген тұжырымға келуге жетелеген.
Кесене 2009 жылы табылып, сол жылы К.Ақышев атындағы археологиялық институт қызметкерлері зерттей бастады. 2020 жылы Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен кесенені зерттеу қайта жалғасып, толық спектрі жүзеге асырылды деуге болады. Халықаралық зертханаларда сараптамалар жүргізілді. Ескерткіштің уақыты мен антропологиясы анықталды. ХХ ғасыр басындағы карталарда бұл жерде Жәнібек деп көрсетілген. Карта жасалған тұстағы адамдар оның Жәнібекке арналып салынғанын білген. Дегенмен ауылшаруашылық жұмыстарының қарқынды жүруінен ескерткіштердің көбі бүлінген. Сақталған ескерткіштердің ерекшеліктері сол замандағы тұлғаға арнап қойылғаны деуге болады. Ғалымдардың пайымынша, қазақ тарихында хандық еткен Жәнібек есімді үш адам болған. Олардың бірі Алтын Орда ханы Сарайшықта жерленген, тағы бірі Есім ханның үлкен ұлы XVII ғасырда жоңғарлармен соғыста қаза тапқан. Біздің археологиялық зерттеулерден бұл кесенені Жәнібек ханға тиесілі деген қорытындыға келдік, – дейді археолог-ғалым, Ұлттық музейдің Мәдени мұраны ғылыми-зерттеу институтының басшысы, РhD докторы Айбар Қасенәлі.Дегенмен Айбар Ерланұлының әріптестерінің бірі «Бозоқ» тарихи-мәдени музей қорығының директоры Сәуле Бөрібаева аталған аймақта зерттеу жұмыстарының орта жолда қалып қойғанын, зерттеудің әлі де болса толық аяқталмағанын алға тартты.
– Иә, бұл Қорғалжын маңындағы кесенеде зерттеуші Айбар Қасенәлі облыс әкімдігінен қаржылай қолдауымен зерттеу жүргізді. Дегенмен мен бұл жобаның соңына дейін аяқталмай орта жолда қалып қойды деп есептеймін. Мұны Айбардың өзіне де айттым. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп қайтадан ғалымдардың, археологтердің қатысуымен бұл кезеңдегі тарихи ескерткіштерді зерттеу мақсатында жобаны қолға алатын болып келістік. Қорғалжында қыш кірпіштерін шығаратын өндіріс орталығы, тіпті Тотығай деп аталған қаланың орны болғаны туралы да деректер бар. Қазба жұмыстары кезінде Бытығайдан қаласының орнынан құмыра табылып, онда еш қалпын өзгертпеген сұйықтық табылды. Оның битум екені анықталды. Яғни, өндіріс орны болғаны түсінікті. Сондықтан ғылыми нақтылық болуы үшін бұл жерде толығырақ зерттеу жұмыстары ауадай қажет, – дейді Сәуле Бөрібаева.«Бота» қорық музейінің директоры Қуаныш Шақшақов та Қорғалжындағы топонимикалық атаулар, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған адамдардың сүйектері, табылған монеталар Жәнібек ханның жайлауы осы жерде болуы мүмкін деп топшылайды. Музей директоры аталған кесене егер республикалық тарихи ескерткіштердің қатарына енсе, тарихи әділеттілік болады деп санайды.
– Сараптама жұмыстары мен қорытындылар бойынша нақты дәлелденген жоқ. Дегенмен мұнда орналасқан Жәнібек-Шалқар көлі, Сұлтангелді өзені кесененің Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібекке тиесілі болуы мүмкіндігін жоғарылатады. Кесенеден бес адамның сүйегі табылды. Кесене күмбезінен Орталық Азия майоликалық кірпіштердің әкелінгенін де байқадық. Адамдарға жасалған ДНҚ сараптамасы кезінде ортасында жатқан адамның ертерек, яғни ХV ғасырларда өмір сүргенін көрсетеді. Кесене маңынан табылған монеталар да бұл жерде Жәнібектің кесенесі ғана емес, қонысы бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондай-ақ егер төте жолмен есептесек, Жәнібек ханның Ұлытаудағы қонысына атпен шамамен 2-3 күншілік қана жол болады. Дегенмен әлі де болса зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Ол үшін аталған кесене мен тарихи сакральды орын ретінде облыстың тарихи орындарына, сонымен қатар республикалық тарихи ескерткіштер қатарына қосылуы тиіс. Сонда Мәдениет және спорт министрлігінен тиісті қаражат бөлініп аталған кесене қайта жаңғыртылады, – дейді Қуаныш Шақшақов.Аталған тақырыпты зерттеп-зерделеу барысында ғалымдар мен археологтердің, топонимика саласын зерттеушілердің пікір қайшылығы барын аңғардық. Дегенмен нақты түсінгеніміз, Қорғалжындағы аталған тарихи ескерткіштер республикалық көлемде тұтастай зерттеуді қажет етеді. Бұған тиісті саладағы құзырлы министрліктер мен ведомстволар, ғалымдар мен археологтер назар аударар деген сенімдеміз.
Ақмола облысы