Қазақстанда биыл қоғамдық-саяси саланы жаңғырту басталады. І кезеңі 2020-2022 жылдарға, ал ІІ кезең – 2023-2025 жылға жоспарлануда. Осы бесжылдықта БАҚ еркіндігі нығаюға, саяси партия құру жеңілдеп, көппартиялы жүйе орнауға, озық демократиялық модельдер енгізілуге тиіс. Халыққа өз қарсылығын «электронды Үкімет» порталында түзілетін онлайн-петиция алаңында жариялауына жол ашылады.
Дәстүрлі институттар ұтылысы
Күнделікті күйкі тірлік қамымен жүріп, көбіміз байқай бермейміз. Бүкіл әлемде, қазақ елінде азаматтық қоғам жаңа жағдайға бейімделуде. Онда бірінші орынға біз қоғамдық пікір көшбасшысы атайтын «трендсеттерлер» шықты. Ал партиялар, кәсіподақ, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары секілді азаматтық қоғамның дәстүрлі институттары жекелеген тұлғалар мен шағын бастамашыл топтарға жол беріп жатыр. Өйткені олар оқиғаның өрбу, тіпті бүкіл елдің даму барысын өзгертетін серпінді үрдіс-тренд қалыптастырады. Азаматтар дәстүр бойынша алдымен аталған дәстүрлі институттарға шағыммен жүгінеді. Әрине, олардың көмегімен шетін мәселесінің шешімін тапқандар да жетерлік. Алайда мемлекетпен ежелден әмпей-жәмпей серіктескен, ынтымақты-ұйымдасқан жабық ортаға айналған бұл ұйымдар жеме-жемге келгенде бұқара көтерген бірқатар түйткілге қатысты «ішкі цензурасын» қосады. Салдарынан, ол проблема билікке жетпей, «жатырында тұншықтырылады». Осыдан кейін жәбір көрген жұрт танымал блогерге, Facebook секілді әлеуметтік желілерге, WhatsApp мессенджеріне, онлайн-петицияға, яғни балама көздерге жүгінеді. Бұл жаңа құралдар мақұлдау мен келісуден өтудің формальды рәсімдеріне тәуелді емес. Тиісінше, тез-ақ журналистер мен бизнес өкілдерін, былайғы адамдардың үлкен бөлігін жұмылдыруға, сөйтіп қоғамдық пікірден дауыл туғызып, әлеуметтік дүмпу жасауға, билікті селк еткізіп, шошытып, жауапты шенділердің есін шығаруға қабілетті. «Сондықтан дәстүрлі институттар қажетті шешім қабылдау үшін халықтан сайма-сай кері байланыс алу бойынша қиындықтарға кезігуде. Бұл – жалпы әлемдік үрдіс. Демек, өмір жағдайларын шешуде халық алдындағы кедергілерді жоюға және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған қолданыстағы тәжірибелерді, тетіктерді және заңнаманы жетілдіру керек», – дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Осы орайда ведомство Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасын ел назарына ұсынды.Блогер сандырағына балама
Құжатта «Азаматтармен өзара іс-қимылдың цифрлы тетіктерін дамыту» міндеті қойылған. Бұл ретте меморгандарда қоғамдық онлайн-қабылдау құру түрінде қоғам мен билік арасындағы диалогтың жаңа тетіктерін енгізу көзделеді. Мысалы, ішкі істер органдарының фронт-кеңселер түріндегі қоғамдық қабылдау орындарын ашу тәжірибесі алда өзге ведомстволарға таратылады. «Egov.kz сайтында «Е-петиция» сервисі құрылсын. Онда азаматтар өз бетінше петиция жазып, өзекті мәселені шешу үшін меморгандарға шоғырландырылған сауалын жібере алады. «Ашық үкімет» аясында ЭЦҚ арқылы петицияларға дауыс беру мүмкіндігі қарастырылатын болады», – делінген тұжырымдама жобасында. «Электронды петиция билікке қоғамдық ықпал жасаудың прогрессивті тетігіне айнала алады. Өзіне қысым тудыратын ол тетік мемлекетке не үшін керек? Наразы халық немесе топ плакат, транспарант, таяқ-арматура алып, көшеге шығып кетпеуі үшін! Қоғам ішінде «жабулы қазан» жағдайында бұрқ-сарқ қайнап, булыққан наразылық соған соқтыруы ықтимал. Ендеше мемлекет таси бастаған қазанның қақпағын бір ашып, қақпақты тепкен көбікті басатын білікті үйбикенің рөлін атқара білгені жөн», – дейді саясаттанушы Әділ Жайсаңбай. Ол елімізде экспертократия дәуірі жүріп тұрғанына назар аудартты: «Кейде қоғамдық пікір көшбасшысы дейтін тұлға әлеуметтік желіде, өз блогында әлдебір мәселені көтеріп, ауыр-ауыр сөз айтса әрі оның астында 150 адам қолдап пікір қалдырса, биік лауазымды шенеуніктер кірпінің үстіне отырып қойғандай қылпылдап, райынан дереу айнып, пікір-шешімін өзгертіп жатады. Ал шынында, бұл мәселе тек әлгі блогерді, 150 адамды, әрі кетсе оның жазылушыларының бір бөлігін ғана толғандыруы мүмкін. Қалың халыққа әсер ететін мемлекеттік шешім бұлай сырттай басқарылмағаны жөн. Егер әлдебір мәселе онлайн петицияға шығарылса және астында небәрі 150 адам қол қойғаны анықталса, мемлекет оның қоғамды сонша толғандырып отырмағанын түсінер еді», – дейді саясаттанушы ғалым.Бұл мәселе Украинада қалай?
Е-петициялар қазақстандықтар үшін жаңалық емес. Басында азаматтар петиция орналастыруға арналған жаһандық Change.org онлайн платформасына жүгініп жүрді. Бүгінде бірқатар отандық сайт қаралым көбейту үшін оқырмандарына петиция жариялау мүмкіндігін ұсынады. Бірақ барлығының ортақ кемшілігі бар: мемлекет дауыс берушілердің шынайылығына шүбә келтіріп, заңдылығын мойындамайды. Яғни, елеусіз қалдырады. Сол себепті 2016 жылы Данат Жұмин бастаған «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының белсенділері ресми танылған онлайн-петиция құру бастамасын көтерді және БАҚ-та оны белсенді ілгерілетуге кірісті. Оған сәйкес, дауыс бергендер саны белгілі бір межеге жетсе, ол петициядағы талаппен санаспауға Үкіметтің қақысы жоқ. Жоба билікте, Парламентте қолдау тапқанымен, бастама сатысынан әрі аса алмады. «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» заңға өзгеріс енгізілмеді. Бірақ идея өлмегенге ұқсайды. Ақпарат және даму министрлігі е-петиция жобасын «электронды Үкімет» порталында жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ал www-bot, жалған аккаунттар араласпауы, бірнеше рет дауыс берілмеуі үшін петицияларға тек электронды цифрлы қолтаңба арқылы қол қою мүмкіндігі қарастырылады. Бұл – салмақты шектеу. Дегенмен ЭЦҚ-сы бар адамдар қатары да еселеп артып келеді. Мысалы, 2013 жылы елімізде 1,4 миллион адамда ЭЦҚ болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 6,4 миллионға жеткен. Қазіргі кезде 8,5 миллионнан асты. Жалпы, онлайн-петиция қазақстандықтар арасында біршама танымал: Change.org сайтында Қазақстанға қатысты жүз елуге жуық петиция жинақталған. Кейбірін ондаған мың адам қолдапты. Бірқатарын шетелдіктер ұйымдастырған екен. «Электронды Үкімет» аясында осындай алаң ашу арқылы мемлекет бұл саланы жат ықпалынан арылтады: шетелде тұратындарға ЭЦҚ берілмейтіні мәлім. ЭЦҚ алу үшін не жеке куәлікті, не «шетелдіктің тұру ықтиярхатын» ұсыну міндет. Әйтсе де, осы жолмен мемлекеттің ісін басқаруға қатысу құқығы тек Қазақстан азаматтарына ғана беріледі. Дауыс берушінің елімізде тұрақты тұратын жатжұрттық екені ЭЦҚ көмегімен анықталады. Қазақстан халқы 1916 жылы әскерге жігіт алу туралы патша жарлығына қарсы бас көтергелі бері наразылығын петиция жазып паш етуді меңгерді. Тәуелсіздік жылдарында мектепке баланы тегін тамақтандыруды қайтару, қала не басқа нысан атауын өзгертуге жол бермеу, тіпті дельфинарийлерге тыйым салу секілді әр алуан тақырыптағы е-петиция ұсынылды. Таяуда ата-аналар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен күлегеш-өңтаңба, ТЖБ, БЖБ атаулыдан бас тартып, 5 балды бағалау мен емтиханға құрылған ескі жүйені оралтуды осылай талап етті. Қалай болғанда, осы тетік азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының ұстынына айналуы мүмкін. Украиналық заңгер Сергей Поддубняк өз елінде бұл саланы Верховная Рада бірнеше жыл бұрын тиісті заңмен реттегенін жеткізді: «Саяси ықпал етудің осынау тың формасы президентке, үкіметке, министрге, жергілікті билікке ұжымдық шағымдануды жеңілдетеді. Украинаның кез келген азаматы меморгандар ресми сайтында петиция орналастыра алады. Егер деревня-кент деңгейіндегі мәселені 50 адам, ал ел ауқымындағы түйткілді 25 мың адам құптаса, оны билік міндетті түрде қарайды. Біз Ұлыбритания, АҚШ және Германия секілді мемлекеттік деңгейде онлайн-петиция ұйымдастыру алаңын құрған елдер тәжірибесін алдық. Бұл – азаматтарға ұстанымын төңкеріс күшімен емес, сындарлы пікірталас жолымен білдіруге мүмкіндік беретін тікелей демократия тетігі», – дейді С.Поддубняк. Қазақстан бұл бағытта енді ғана қам-қарекет жасамақ. Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы негізінде заң қабылданса, егжей-тегжейі анықталары сөзсіз. Цифрланған мына заманда бірте-бірте референдум өткізу секілді оралымсыз әрі қымбат шаралар да тарих еншісінде қалып, оның орнын е-петиция басуы ғажап емес.