МӘМС медициналық қызмет түрлерін жыл сайын арттыруға жол ашты – Ілияс Мұхамеджан
МӘМС медициналық қызмет түрлерін жыл сайын арттыруға жол ашты – Ілияс Мұхамеджан
2,421
оқылды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты жиі сын айтылады. «Мен емханаға аяқ баспаймын, не үшін төлем жасау керекпін?», «Ақшамды неге басқа біреудің еміне төлейді, жеке шотқа жиналсын!», «МӘМС үшін неге 12 айға жарна төлеу керек, емханаға баратын айда ғана төлем жасасам болды емес пе?» дейтін жандар жетерлік. Жалпы, байқағанымыз соңғы кездері медицина төңірегінде қойылатын барлық дерлік сұрақтарды дәл осы қорға бағыттайды. Неліктен бұлай? Осының себебін білу ниетімен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Ілияс Мұхамеджанды аз-кем әңгімеге тарттық. – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі болғанға дейін Қазақстанда медицина тегін еді, ал қазір ай сайын не үшін төлеп жатқанымызды білмейміз» дейтін азаматтар бар. Шынымен де, бұрын отандық медицина қолжетімді болса, бұл жүйені не үшін енгізді? Көп жылдан бері қаржы тапшылығы отандық денсаулық сақтау саласын тығырыққа тірегенін білеміз. Салдарынан халықтың шығыны артты. Азаматтар медициналық қызметтерді өз есебінен алуға мәжбүр болды. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында халықтың әлеуметтік осал топтарының өзі өмірге айтарлықтай қауіп төнген кезде ғана қаралып келді. Азаматтар тіркелген емханасында салалық мамандар болмаса, қазіргідей өзге медициналық мекемелерге, жеке клиникаларға жолдамамен бара алмады. Барлығы дерлік ақылы еді. Жүйе енгізілмес бұрын салалық мамандардың кеңесі мен диагностикалық тексерулерді, көптеген анализдерді, қымбат тексерулерді (КТ, МРТ, ПЭТ) санаулы азаматтар ғана алып келді. Адамдар операцияға кезегін ұзақ күтетін және бүкіл Қазақстанға ЭКО-ға жылына бір мыңдай ғана квота бөлінді. Бұдан бөлек, пациенттердің құқығын ешкім қорғамады. Көбінің арыз-шағымы қаралмай, сол күйі қорғалмай қалатын. Бұл мәселені шешу үшін 2020 жылдың қаңтарынан бастап медициналық көмекті қаржыландыруды ұлғайтуға мүмкіндік беретін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу туралы шешім қабылданды. 2019 жылы денсаулық сақтау жүйесі 1 трлн теңгеге қаржыландырылса, келесі жылы МӘМС жүйесінің нәтижесінде бұл сома 1,4 трлн теңгені құрады.  Кейін жыл сайын денсаулық сақтау саласының бюджеті артып келеді. Атап айтар болсақ, 2021 жылы 2 трлн теңге бағытталса, 2023 жылы бұл сома 2,5 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланған. МӘМС – Бұл пациенттер үшін не береді және қалай әсер етті? – Қаржының ұлғаюы көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін жылдан жылға артыруға мүмкіндік берді. Атап айтар болсақ, консультациялық-диагностикалық қызметтер, жоғары технологиялық медициналық көмек, стационарлық көмек, амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету, медициналық оңалту бойынша тәуліктік стационар жағдайында емделген жағдайлар артты. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында репродуктивті денсаулығында кінәрат бар отбасылар үшін көрсетілетін қызметтер 7000 қызметке дейін жетті. Жоғары технологияларды пайдалана отырып жасалатын операциялар 2 есе өсті. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер тісін жоспарлы түрде емдей алады. Сонымен қатар дәрі-дәрмектер тізбесі де кеңейтілді. «Д»-есепте тұрған азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілді көлемімен қатар, МӘМС есебінен де медициналық қызметтер көрсетіледі. Медициналық сақтандыру жүйесі аясында азаматтар мемлекеттік ұйымдардан бөлек, жеке клиникаларда да қаралуға, оған тіпті тіркелуге мүмкіндік алды. Биыл Қор 1800-ден астам медициналық мекемемен келісім жасасты, олардың жартысынан көбі – жекеменшік мекемелер. Пациенттер клиниканы өздері таңдайды. Нәтижесінде клиникалар пациенттерді өздеріне тарту үшін қолайлы жағдай жасап, қызметтерін жетілдіре түсуде. Медсақтандыру қоры, ең алдымен, пациенттердің мәселесін шешуге мүдделі, яғни халықпен кері байланысқа ерекше назар аударады. Пациент тарапынан шағым келіп түссе, сарапшыларымыз шұғыл әрекет етіп, жергілікті филиалдарға шығып, мәселені сол жерде шешуге тырысады. Біз азаматтарға үнемі өз құқықтарыңызды біліңіздер және оны қорғауға талпыныңыздар деп айтамыз. Тек бірлескен жұмыстың нәтижесінде көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға болады. – Осы тұста медициналық көмекті сатып алу қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп өтсеңіз. – Медициналық көмектің көлемін бөлу бекітілген сатып алу ережелерімен реттеледі. Онда медициналық көмек көрсететін ұйымдарды таңдау критерийлері мен іріктеу алгоритмі толық жазылған. Өңірлік комиссиялар оларды медициналық көлемді бөлу кезінде пайдаланады. Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі және МӘМС шеңберінде деректер базасына енгізілген денсаулық сақтау субъектілері арасында көрсетілетін қызметтер көлемін орналастыруды өңірлік комиссия жүзеге асыратынын атап өткен жөн. Бұл ретте орналастыру сатып алу жоспары негізінде жүргізіледі. Денсаулық сақтау субъектілерін таңдауды және олардың арасында медициналық қызмет көлемін орналастыруды медициналық сақтандыру қоры емес, өңірлік және республикалық комиссиялар жүзеге асырады. Комиссия құрамына пациенттердің, клиникалардың немесе медицина қызметкерлерінің мүдделерін көздейтін қордың, Денсаулық сақтау басқармасының (денсаулық сақтау министрлігі – республикалық құрамда), "Атамекен" ҰКП және үкіметтік емес ұйым  қызметкерлері кіреді. Клиникалар сатып алу ережелерінде көрсетілген талаптарға сай болуы керек және барлық қажетті құжаттарды ұсынады. Көлемдерді бөлу кезінде комиссия бұл медициналық ұйымның қандай да бір медициналық қызметтің бір түрі бойынша өндірістік қуаты қандай екендігіне, оның қажетті инфрақұрылымы бар-жоғына қарайды. Сондай-ақ, қызмет көрсету тәжірибесі, айыппұл салынды ма әрі осы мекемеде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне шағымдар болды ма, осының барлығы ескеріледі. Егер медициналық ұйымның қажетті инфрақұрылымы болмаса, медициналық сақтандыру қоры көлемді орналастырмайды. Осылайша, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл сайын медициналық ұйымдармен өткен жылдардағы көрсеткіштерді ескере отырып, тиісті жылға қызметтердің белгілі бір көлемін көрсетуге шарттар жасасады. Бұл ретте денсаулық сақтау субъектілері медициналық сақтандыру қорынан қызметтерді сатып алу шартынан тыс сомаларды өтеуді талап ете алмайды. Сондай-ақ қажет болған жағдайда (тарифтер өзгерген жағдайда, науқастардың саны, медициналық қызметтердің көлемі және т.б.) медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына түзетулер енгізіліп, медициналық қызметтердің белгілі бір түрі бойынша сатып алу жарияланады. Осы орайда айта кетерлігі, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан ұйымдар медициналық қызметтердің бір бөлігін орындау үшін бірлесіп орындау шартын жасаса алады. Яғни, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірлесіп орындаушылармен шарттық қатынастарға араласпайды. – Медициналық көмекті қаржыландыру жыл сайын ұлғайып келеді дедіңіз. Ал сапа мен қолжетімділікке қатысты шағымдар толастар емес. Неліктен? – Адамдар медицина төңірегіндегі барлық дерлік сұраққа медициналық сақтандыру қоры жауапты деп ойлайды. Негізі олай емес. Қор – көрсетілген медициналық қызмет үшін ақша төлейтін оператор. Біздің мамандар дәл сол көрсетілген қызметтің сапасы белгіленген стандарттарға сәйкес келді ме я келмеді ме, міне соны тексере алады. Бірақ біз медициналық ұйымның өз ішіндегі мәселелер мен басқарудың тиімділігі үшін жауап бермейміз. Ауруханадағы ұзын-сонар кезекке де қор жауапты емес. Бұл сұрақ клиника басшылығына қойылуы тиіс және денсаулық сақтау басқармаларына тікелей қатысты. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі бірқатар факторларға байланысты. Медициналық ұйымдарда медициналық көмекті ұйымдастыру деңгейі, өңірлік және ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымның жай-күйі, медициналық ұйымдарды кадрмен қамтамасыз ету толығымен жергілікті атқарушы органдардың – денсаулық сақтау басқармаларының тікелей жауапкершілігіне кіреді. Уәкілетті орган, яғни денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады, саланы дамыту стратегиясын, басым бағыттарды айқындайды, медициналық ұйымдар жұмысының алгоритмдерін құрады, денсаулық сақтау саласындағы барлық нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеуді жүзеге асырады. Қор өз құзыреті шеңберінде халыққа медициналық көмекті сатып алу және төлеу, көрсетілген медициналық көмектің сапасын сараптау және пациенттердің құқықтарын қорғау бойынша стратегиялық міндеттерді іске асырады. МӘМС – «Жарна төлейтін азаматтардың қаржысы медициналық сақтандыру қорының басшылары мен қызметкерлерінің жалақысы мен сыйақысын төлеуге жұмсалып жатыр» деген жазбаларды әлеуметтік желілерден жиі байқаймыз. Шынымен солай ма? – Бұл, әрине, жаңсақ пікір. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Қор өз қызметін Қор активтерінен алынатын комиссиялық сыйақы есебінен жүзеге асырады. Комиссиялық сыйақының пайыздық мөлшерлемесінің шекті шамасын жыл сайын ел Үкіметі белгілейді. 2023 жылдың қаңтар, ақпан айларында жарналар мен аударымдар ретінде 188,5 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Айта кетерлігі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар Ұлттық банктің арнайы шотына түседі. Сол жерден бұл қаражат сапа мониторингі жүргізілгеннен кейін көрсетілген медициналық қызметтер үшін медициналық ұйымдарға ақы ретінде аударылады. Жаңа сіз айтқандай, қор өкілдері жиналған қаржыны өз қалауы бойынша шешіп ала алмайды немесе жұмсай алмайды. – Көпшілік жалақыдан ұсталатын жарна қомақты дейді. Бір нақтылап алайықшы, қазақстандықтар МӘМС үшін қанша төлейді? Айтарлықтай қомақты емес, бекітілген шекті сомалар бар. «МӘМС туралы» Заңның 29-бабына сәйкес, жарналарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табыс жеке тұлға табысының барлық түрінің сомасы бойынша есептелуі тиіс. Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін – жалақының 3% мөлшерінде төлейді. Алайда салық салынатын табыс 10 АЕК-тен (700 000 теңге) аспауы керек, яғни жұмыс берушінің ақша аударымының ең жоғары сомасы 21 000 теңгені құрайды. Қызметкерлер және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер табысының 2%-ын төлейді. Бұл жерде салық салу объектісі 10 ең төменгі жалақыдан аспайды, ақша аударымының ең жоғары сомасы 14 000 теңгені құрайды. Дербес төлеушілер 1 ең төменгі жалақының 5%-ын немесе 3 500 теңге, ал жеке кәсіпкерлер ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ын немесе 4 900 теңге төлейді. Айта кету керек, жеке кәсіпкерлер жұмысын ресми тоқтатқан кезде ғана төлем жасамайды. Бұл ережелер Салық кодексінде белгіленген. Сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірыңғай жиынтық төлем төлейді. Осы жылы елімізде АЕК мөлшері – 3 450 теңге. Осыған орай, республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары ай сайын 3 450 теңгеден, ал басқа елді мекендердің азаматтары 1 725 теңге, яғни 0,5 АЕК төлейді. Айта кетерлігі, ай сайын 3500 теңгеден 14 мыңға дейінгі аралықта төлем жасаған азаматтар қажет емді толық көлемде ала алады. Яғни қажетті тексерулерден өтіп, оған қымбат операцияларды тегін жасай алады, оңалту курсынан өтіп, амбулаториялық негізде дәрігердің бақылауында болады. Бұл жерде пациент аталған медициналық қызметтер үшін қосымша төлем жасамайды. Бір азаматқа бірнеше миллион теңге тұратын ем керек болуы мүмкін. Міне сол кезде барлығы МӘМС есебінен төленеді. – Жаңа сақтандырылған, яғни жарна төлеген азаматтарға медициналық көмек МӘМС аясында толық көрсетіледі дедіңіз. Ал жұмыс істемейтін жандарға ше? Қазақстанда 16 млн-нан астам азамат сақтандырылған. Оның ішінде 11 млн адам үшін МӘМС жарналарын мемлекет аударады. Олар – кәмелетке толмаған балалар, ресми жұмыссыз болып тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде отырған ата-аналар, мүгедектер және мүмкіндігі шектеулі жандардың күтімімен үйде отырған адамдар, зейнеткерлер, жұмыс істемейтін қандастар, күндізгі оқу нысанында білім алатын студенттер, жұмыс істемейтін атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жазасын өтеушілер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар. Бұл олар үшін мемлекет тарапынан тамаша қолдау болып отыр. Мысалы, еш жерде жұмыс істемейтін, табыс көзі жоқ адамдар тұрғылықты жері бойынша «Жұмыспен қамту орталығына» барып ресми жұмыссыз ретінде тіркелсе, олар мемлекет есебінен сақтандырылады, яғни 15 жеңілдік категориясына кіреді. Ол азаматтар МӘМС есебінен емделетін азаматтармен тең дәрежеде медициналық қызмет түрлерін ала алады. Бұл жерде ерекше тоқталғым келетіні жұмыссыз ретінде тіркелмеген, яғни сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалмайды. Себебі көптеген адамдар мәртебесі  болмағандықтан медициналық көмексіз қаламыз деп ойлайды. Ол дұрыс емес. Оларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қарастырылған медициналық қызметтер көрсетіледі. Оған шұғыл жағдайларда медициналық көмек, учаскелік маманның қабылдауы, шұғыл операциялар, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу және дәрі-дәрмекпен қамту кіреді. Себебі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ел азаматтарына, қандастарға және тұрақты тұратын шетелдіктерге қолжетімді. Оның шеңберінде пациент емхана деңгейінде алғашқы қызметтерді, жедел көмекті, санитариялық авиацияны және шұғыл стационарлық көмекті, дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулар кезінде медициналық көмекті алады. Шұғыл медициналық көмек азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. – Осы күнге дейін МӘМС үшін бір де бір төлем жасамаған азаматтар неге бірден 12 айға төлем жасауы тиіс? Сондай-ақ, өткен айларға төлем жасау керек дегенді естідім.  Осы жайлы оқырмандарға түсіндіріп өтсеңіз. – Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылы енгізілді. Азаматтар МӘМС туралы заңға сәйкес, сол кезден бастап жарна төлей бастады. Десе де осы күнге дейін бірде бір төлем жасамаған адамдар бар. Бұрын осы азаматтарға «сақтандырылған» мәртебесін алу үшін өткен 12 айдың берешегін міндетті түрде жабу керек болатын. Бұл көпшіліктің көңілінен шықпай әрі ол кезде емханаға бармағандарын айтып, наразылықтарын білдіретін. Осыған орай, былтыр заңға өзгеріс енгізіліп, өткен айларға емес, алдағы бір жылға алдын ала сақтандырылуға мүмкіндік берілді. Жаңашылдықты жақсы қабылдағандардың қатары артып келеді. Сондай-ақ, өткен 12 ай ішінде бірнеше ай берешегі бар азаматтар сол қарыздарын жауып, кейін ай сайын төлем жасай алады. – Әңгімеңізге рахмет!