Көбей қазақ, көбей!
Көбей қазақ, көбей!
923
оқылды
2021 жылы жүр­гі­зілген санақ қорытындысы бойын­ша Қазақстан халқының саны – 19 миллион 788 мың 254 адамды құ­рады. Оның ішінде қазақ ұлты 70 па­йызға жеткен. Мұны Ұлттық ста­тис­тика бюросы мәлімдеді. Бұл – сүйінші жаңалық ретінде хабар­лауға лайық ақпарат. Өйткені, халқымыз да, ұлтымызда өсіп-өркендеп келеді. Төмендегі тізімге көз салсаңыз, қызыға екшейтін дерек көп. Мәселен, халқы ең көп қала сол баяғыша Алматы екенін кө­руге болады. Ал облыстар арасында Түр­кістан көш бастап тұр. Оған шырайлы қала Шымкенттің тұрғындарын қоссаңыз – облыс халқы 3 миллион 6 жүзден асып жығылады. Ал оның 74 пайы­зы қазақтар. Ал халқы ең аз өңір – Ұлытау. Жаңадан құрылған облыстың тұрғындар саны аз болғанымен, қазағының қарасы қалың. Бұл жағынан тіпті өзі енші алып шыққан Қарағандыдан да асып түседі. Абай облы­сындағы жағдай да осы іспетті. Шығыс Қазақстаннан қарағанда қазағы көп. Ал демографиялық ахуалы күрделі боп қалып тұрған өңір – Солтүстік Қазақстан облысы. Мұнда небары 535 100 адам тұ­рады. Қазағы да ең аз (39%) өңір осы. Сон­дықтан да кеш болмай тұрғанда көш бағытын солтүстікке бұрған жөн. Өйткені елімізде демографиялық жағынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Мәселен, оңтүс­тікте халық көп, елді мекендерде, әсіресе, ауылдарда әлеуметтік мәселелер ушыға түс­ті. Балабақша, мектеп, емхана, ауру­хана жетпейді. Ал солтүстікте, керісінше, ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Осы ретте ел арасында «солтүстікке көшейік!» деп қозғау салып жүрген замандасымыз Бурахан Дақанов бұл мәселені шешудің бір жолы осы көшті жандандыра түсу еке­нін айтады. Осы мақсатта олар арнайы TAUEKEL атты ұйым ашып, қоныс ау­дарушыларға барынша көмек көрсетпек ниетте екен.
«Біз қазағы көп өңірлерден солтүстікке көшем деушілерді Есіл және Қызылжар аудандарына келіп қоныстануға шақы­рамыз. Өйткені, мұнда дәл қазір алғашқы уақытта орнығып кеткенге қолайлы жағ­дай бар. Ал одан кейін шаруа орайымен өзге аудандарға ауыса беруге болады. Біз­дің ұйым бұл бағыттағы ақпараттық-тү­сін­діру жұмыстарын жүргізіп, жан-жақ­ты көмектер көрсетуге әзір. Одан ке­йінгі кезекте айтарым, мемлекеттік бағ­­­дар­малама тек қана, «Дипломмен – ауыл­ға!» деп аты айтып тұрғандай, мұ­ға­лім, дәрігер, зоотехник, инженер, агро­ном сынды мамандарға ғана арнал­ған. Ал жергілікті кәсіпкерлерге диплом қажет етпейтін малшы, сауыншы, шөп шабушы, мал қырқушы, ауылшаруа­шылығы тех­ни­­касын жүргізуші сияқты қарапайым жұ­­мысшылар қажет. Сондықтан да мем­ле­кеттік бағдарламаны әлі де болса жетіл­діре түсу керек. Өйткені, жергілікті жер­ден халық көшіп жатса, ол жерде мұғалім, дә­рігер қалай қызмет ет­пек. Біз осы ол­қы­лықтың орнын толты­рып, өзге өңір­лер­­ден көпбалалы қара­пайым шаруа адам­дарын көшіруге тыры­сып жатырмыз. Осы мақ­сатта оңтүстік, батыс облыстарға барып түсіндіру жұмы­сын жүргізуді жос­пар­лап отырмыз», – дейді TAUEKEL ұйы­­­мы­ның жетекшісі Бурахан Нұржанұлы.
Оның айтуынша, облыста тарап кет­кен және тарағалы тұрған ауылдар өте көп. Сондықтан да дәл қазір солтүстікке көшті көлікті етуге үлгеріп қалу керек. Бұл оң­түс­тіктегі шоғырланған жұртты сетіне­тіп, те­ріскейге ел қондырып қана емес, ше­кара маңын бекіте түсуге де қолайлы ахуал тудырар еді. Бұл мақсат­тағы жұмысты жандандыра түсу үшін TAUEKEL ұйымы Павлодарда филиалын ашқан. Енді екі аптадан кейін Қостанай облысында да бөлімшелерін ашпақ екен. «Бірақ, мем­ле­кет тарапынан не ақша, не мүмкіндік, не қолымызға билік берілмей жатыр» дейді олар. Десе де ұлттық қауіп­сіздік мәселесін бір ұйымның иы­ғына артып қоюға бол­майды. Оған бірінші кезекте мемлекеттің өзі мұрындық болуы керек. Осы реттен алғанда, демография ғы­лымы бірінші кезекте әлеуметтік түйт­кілдерді шешуде, одан соң ұлттық қауіп­сіздік мәселесінде алтын қазық болмақ. Десе де демография ғылымының өзіне қолдау қажет. [caption id="attachment_246545" align="aligncenter" width="2048"]халық саны © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Қазақ тарихы үшін қандастарымыздың елге оралуы да көкейтесті мәселенің бірі. Қазақстанға 1991 жылдан бері 1 миллион 103,5 мың қандасымыз оралған екен. 2021 жылы 15 637 қазақ қандас мәртебесін алды. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қытай, Ресей, Түркіменстан, Моңғолия­дан келген. Қандастарымыздың атаме­кенге оралуы қазақ үшін аса маңызды еке­ні сөзсіз. Олар­дың арасында ғылым, өнер, кәсіпкерлік т.б. салалардан көпте­ген қайраткерлер шықты және олар біздің ұмытылып бара жатқан кейбір салт-дәс­түрімізді жаңғыртты. Бү­гінде қандаста­рымыз ұлттық рухтың жан­дануына зор үлес қосып жатыр. Яғни қан­дастары­мыздың қазақ мәдениеті мен ұлттық рухына қосқан үлесі де зерттеу нысанына айналуы керек.
«Әлі де сыртта шамамен 4-5 миллион қазақ бар. Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйры­ғымен қандастар мен қоныс аударушы­ларға 2023 жылы 8 652 адамға өңірлік квота белгіленді, бұл 2022 жылмен салыс­тырғанда 566 адамға көп. Бірақ осы бө­лініп жатқан квота тиімді пайдаланылып жатыр ма? Неге қоныс аударған қандас­тарға мемлекеттен қаржы бөлініп, жағдай жасалып, шекара аймақтарындағы ауыл­дарға шоғырландырылмайды. Ал шека­ралы аймақтар, алдымен, еліміздің қауіп­сіздігі үшін маңызды. Қазір шекара ай­мақ­тарындағы ауылдар қаңырап бос қалып, халық тұрмыс қамымен жаппай қалаларға орналасуда. Оның басты се­бептерінің бірі, әрине, жұмыссыздық. Айта кетер жайт, жұмыссыздар жөніндегі статистикаға толық сенуге болмайды. Қаншама адам тіркеусіз, жұмыссыз жүр. Ауылдық жер­лерде шаруалардың қорасы, азын-аулақ қолда малы бар. Сонымен жан бағып жүр. Көпшілігі мемлекеттен зей­нетақы алмай­ды, салық төлемейді. Сон­­дықтан статисти­каға сыни көзбен қарауы­мыз керек. Әлеу­меттік жағдай дұрысталмай, демография­лық дүмпудің болмайтыны да белгілі», – дейді Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этно­логия инс­титутының жетекші ғылы­ми қыз­меткері, PhD Тимур Әпендиев.
Сүйінші дегізген дерекке көз жүгірте отырып, елдегі демографиялық ахуал бірте-бірте күш ала бастағаны аңғарылады. Еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны 2021 жылы шілде айында Алматы облысы Іле ауданы Чапаев ауылында дүниеге келген еді. Ал 18 мил­лионыншы қазақстандық кішкене тұрғын 2017 жылдың шілдесінде Талды­қорған қаласында жарық дүние есі­гін ашты. Ендеше, әуелгі миллион мен кейін­гі мил­лион­ның арасында бар болғаны төрт жыл. Бұл динамика 20 миллионыншы Қазақстан азаматы жыл соңында, не келер жыл­дың басында өмір­ге кеп қалуы мүм­кін-ау деген ойға жете­лейді. Ендеше, көбей қазақ, көбей!