26 наурыз күні елорда ғаламат күйге бөленді. Дәлірек айтқанда, «Астана аренада» кішігірім «жарылыс» болып, футбол жанкүйерлерінің төбесі көкке бір елі жетпей қалғаны бар. Өйткені ұлттық құрама Данияны 3:2 есебімен жеңіп, сенсация жасады. Осылайша, жігіттер дат футболшыларымен жасыл алаңда бес рет кездесіп, бір ойынды өз пайдасына шешті.
Словенияның ащы сабағы
Иә, аталған жеңістің астарында Словениямен ойыннан қалған кермек дәм бар-ды. Әуелде Еуропа чемпионатына іріктеуде Н тобына түскенде сарапшылар Словения, Сан-Марино мен Финляндия құрамасынан ұпай еншілеуге боларын топшылаған. Словенияға қарсы өткен матчта жоғарыдағы болжамға ұлттық құрама мүшелерінің өзі де сеніп қалғандай әсер қалдырды. Сылбыр ойын, қарсыласты бағаламау факторы. Ал Словения мұны сәтті пайдаланды. Сөйтті де, Астанадан ұпай еншілеп қайтты. Қазір топта алты ұпаймен көш бастап тұр. Бұл топтың «серкесімін» деген Данияға да, «Еуропа турниріне қатыссам» деп үмітін үкілеген Қазақстан құрамасына да ұнамасы анық.
Дейтұрғанмен, жігіттер Словенияға қарсы ойынның бірінші жартысын сәтті өткізген. Максим Самародов ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соққан еді. Бірақ өзі айтқандай есепте алға шыққан соң екінші таймда арқаны кеңге салып алды. Айымбетові те матчтың екінші жартысы басталмай жатып, жылдам гол жіберіп алу ойын тағдырын шешіп кеткенін айтқан-ды. Дегенмен Данияға қарсы дайындықты күшейтіп, алға ұмтылатынын да тілге тиек етті. Матч алдындағы баспасөз мәслихатында Нұрәлі Әліп «бірінші ойында жоспарлаған үш ұпайға қол жеткізе алмадық. Даниямен ойында барымызды саламыз» деді. Бас бапкер Адиев те үміт әрқашан барын, бірақ Быстров алаңға шықпайтынын, Малый, Айымбетов және Габышевта кішігірім жарақат барын ашық айтты. Содан ба жанкүйердің көкейінде күдік басым-ды. Оның үстіне, Данияның жер жарған атағы бар.
Айтқандай, ысқырық шалынысымен жанкүйерлер демін ішіне тартып отырды. Өйткені бәсте ұлттық құрама үшін ауадай қажет үш ұпай бар. Алғашқы таймда жігіттер бір-бірін түсінісе алмады ма, Дания тарапынан прессингке жауап қайтара алмай жатты. Шабуыл ұйымдастырғанымен, нүкте қоятын адам табылмай әлек. Бұл турасында бапкер Адиев те құрамада шабуылшы аз екенін, бірақ ыңғайға қарай тактика табыларын атап өткен. Бірақ Дания тарапынан Хойлунд екі рет қақпамызды дәл көздеп, есепті еселеді. Бірінші таймның бұлай аяқталғаны жанкүйерге де, командаға да ұнамағаны анық.
Бас айналдырар камбэк
Лық толы «Астана арена» атмосферасы, қолдау ойыншыларға дем бергенін айта кеткен жөн. Өйткені үзіліс кезінде жанкүйерлер шырқаған «Атамекен» әні біраздан бері ұлттық құраманың бойтұмарына айналғандай. Содан ба футболшылар екінші таймда тынысы ашылғандай, осынша қолдауға жауап болуы керегін түсінгендей. Дегенмен матч бойы сақ қимылдаған Дания соңғы 15 минутта тізгінді жіберіп алғанын байқамай қалды. Себебі 73 минутта пенальтиді мінсіз орындаған Бақтиер Зайнутдинов көпке қуаныш сыйлап, бір серпілтіп тастады. Ойынға тыңнан қосылған Айымбетов пен Исламхан да барынша көмектескісі келеді-ақ. Көп өтпей алыс қашықтықтан Тағыберген бағыттаған соққы Шмейхель қақпасын дәл көздеді. Осы сәтте стадион дүр сілкініп, Дания қорғаушылары не болғанын түсінбей қалғаны бар. Асхаттың ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы осынша жарқын боларын ешкім болжамаған. Тек баспасөз мәслихаты болсын, басқасы болсын көпшілік одан құрама үшін қашан гол соғатынын сұрайтын еді. Бойын қуаныш пен рух билеген Тағыберген камераға қарап ишарат білдіргені «мен әлі жарқ етемін демеп пе едім?» дегендей әсер қалдырды. Осыдан кейін жанкүйерлер қайта орындыққа жайғасқан жоқ. Барынша қолдау көрсетіп, матч тең аяқталған күннің өзінде жақсы нәтиже екенін жете түсінді. Дегенмен іштей жеңіске жетіп жатса, атой салуға тұрарлық оқиға боларын топшылады. Дания құрамасы да, жанкүйерлер де ойланып үлгерген жоқ, Тағыберген соққан голдан соң үш минут өтпей Айымбетов баспен соққы жасап, дат қақпашысын қапы қалдырды. Таблодағы есеп 3:2-ге өзгергенін көрген футбол жанкүйерлері сенер-сенбесін білмей дал. Өйткені матч аяғы көрген түстей өте шықты. Дәл ертегі ме дерсіз. Осылайша, ұлттық құрама тарихи камбэк жасап, Еуропа чемпионатына қатысуға, Германияға баруға ниетті екенін анық білдірді. Ал алаңдағы атмосфера тіптен бөлек. Бөркін аспанға атқан кәрі-жас. Жанарына жас толып, жеңіске жеткенімізге сенбей тұрған жасөспірімдер мен балалар. Матч аяқталса да стадионнан кетпей жанкүйерге барынша алғыс білдіріп жатқан ойыншылар. «Астана арена» маңынан басталып, көпке дейін басылмаған «Атамекен» әні. Бәрі-бәрі ұлттық құраманың түлегенін, жеңіске деген жігер мен мінез пайда болғанын айқындап тұрғандай.
«Данияны күнде ұта бермейсің. Тарихи сәт, эмоция басым. Жанкүйерлерге алғысым шексіз. Бүгін жанкүйерлерді қуанттық деп ойлаймын. Словениямен ойыннан соң Даниямен дайындықты күшейтетінімізді айтқанмын. Біз барынша сендік. Ешқашан үміт үзбеу керек, сену керек. Бірінші тайм ойдағыдай болмады. Кейіннен бапкердің айтуымен, қайта түлегендей болдық», – деді Абат Айымбетов.
Матчтан кейінгі сұхбатында көзіне жас алған Асхат Тағыберген хейтерлерге сәлем жолдайтыны, ал соққан голын әкесіне арнайтынын айтты. Скворцовтың сөзінше, үзіліс кезінде Адиев шәкірттеріне гол соға алатындарын, ойын тағдырын өзгерту қолдарында тұрғанын барынша түсіндірген.
«Әрине, жеңіске өте қуаныштымыз. Өткен жеңілістен кейін жанкүйерлер алдында оң нәтижеге қол жеткізуге тырыстық. Қарсылас оңай емес екенін түсіндік. Соған қарамастан қалыпқа келуге көңіл бөлдік. Десе де, өз алаңымыздағы жеңіліс құрамаға біршама әсер етті. Шегінерге жер жоқ. Бұл жайында ойыншылармен әңгімелестік. Даниямен кездесуде бірінші кезең біз ойлағандай болған жоқ. Екі гол да қателік салдарынан соғылды. Екінші кезеңде ойыншылардың бір-бірін түсінуі оңайға соқты. Оны оңтайлы пайдалана алдық», – деді бас бапкер Магомед Адиев.
Германияға жол түсе ме?
Бас айналдырарлық нәтиже Айымбетовтің матч аяқталар тұста қызыл қағаз алып алаңнан шығып кеткенін, оның салдарын уақытша ұмыттырғаны бар. Салдары деп отырғанымыз, алда іріктеу кезеңінің сегіз ойыны күтіп тұр. Белгілісі, ұлттық құрама 16 маусымда Айымбетовсіз Сан-Мариноға аттанады. Дегенмен сырт алаңда еншісінде жеті голы бар шабуылшысыз матч өткізу оңай емес. Өйткені құрама сапындағы үздік сұрмерген Руслан Балтиевте 13 гол бар. Оның 2009 жылдан бері алаңға шықпайтынын ескерсек, қоржынында 11 голы бар Зайнутдинов пен соққы жасауға құмар Айымбетов үшін үлкен мүмкіндік.
Турнир кестесінде қайта оралсақ, Дания үш ұпаймен екінші орында, Қазақстан дәл сондай ұпаймен үшінші орында тұр. Алғашқы айналымда Қазақстанды жеңген Словения екінші кезеңде Сан-Мариноны оңай ұтып, алты ұпай еншілеген. Өткен ойында Солтүстік Ирландия Финляндияға жол берген. Осылайша, топта мүлдем ұпай ала алмағаны – Сан-Марино құрамасы. Сондықтан да сарапшылар ұрымтал тұсы Сан-Марино, Словения сияқты қарсыластардан ұпай еншілеу деген-ді. Әйткенмен, бұл жоспар әзірге іске асып жатқан жоқ. Ал Данияның бас бапкері Каспер Юльманн ойыннан кейін мұндай көрсеткіш соңғы рет қайталанып отырғанын баса айтты. Тактика емес, көңіл күй әсер еткенін де жасырмады. Яғни, футболшының кем тұсы – қарсыласты бағаламауы. Екі кезеңнен кейін бұл сөздің астарын Қазақстан мен Дания жақсы түсініп отыр.
Спорт журналисі Шамкен Байырбектің айтуынша, ұлттық құраманың Азиядан Еуропаға ауысып, тәжірибе жинағаны енді нәтижесін көрсетіп жатыр. Осылай жалғаса берсе, іріктеу кезеңінен өтуге мүмкіндік бар. Психолог Дина Байділдаева жеңісті санаға сіңіріп, бекіткенде жеңімпаз тәрбиелейтінімізді жазғаны бар. Осы жеңісті барынша сезініп, бейсанаға жеңіс сөзін жазуды ұмытпаған абзалын қосқан. Расымен, соңғы рет Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына қатысқан елді жеңгенін еске түсіріп көрелікші?!
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ