Жыл қорытындысы және алдағы жоспарлар туралы – IMB Орталығының бас директорымен сұхбат
Кәсіпкерлік ортада жылдың басы дәстүрлі түрде өткен жылдан нәтиже шығарып, болашаққа жоспар түзетін сәт саналады. «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» заңды тұлғалар бірлестігі де жоспар бойынша іске кірісуге дайын. Орталықтың бас директоры Марат Кәрімовпен болған сұхбаттамыз дәл осы тақырып аясында өрбіді.
– Марат Шайдоллаұлы, орталық өткен жылды қалай қорытындылады?
– 2022 жыл басқа елдер секілді біздің елімізге де бұрын-соңды болмаған көптеген экономикалық және әлеуметтік сынақпен бетпе-бет келді. Геосаяси шиеленістердің салдарынан өндірістік, логистикалық және сауда байланыстары бұзылды. Бұл іскерлік белсенділік қарқынының төмендеуіне және тауарлар мен қызметтерге бағаның жалпы өсуіне әкелді. Сәйкесінше, инфляция да айтарлықтай жеделдеді. Екінші жартыжылдыққа қарай бұл факторлардың Қазақстан экономикасының өсу қарқынының баяулауына әкелетіні түсінікті болды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мұнай-газ секторында отандық машина жасау саласын дамытуға жәрдемдесу жұмыстары күн тәртібіне қойылды. Сол арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке түсетін салық түсімдерінің және ішкі құны артты. Мұның бәрі салааралық секторларға және жалпы экономикаға жақсы әсер етті.
2022 жылы ірі мұнай және газ кен орындары операторларының («Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (бұдан әрі – Операторлар), сондай-ақ Энергетика министрлігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен және бастамалары шеңберінде орталық ауқымды және нәтижелі жұмыс атқарды.
Орталықтың негізгі бағыттарының бірі – жергілікті тауар өндірушілердің әлеуетін арттыруға көмектесу. 2022 жылы орталық операторлардың қажеттіліктері туралы мәліметтерді алып, жаңа өнім топтары нарығын талдауды бастады, атап айтқанда: сорғылар мен тығыздағыштар, құбыр өнімдері, технологиялық сүзгілер, жылыту, желдету және ауаны баптау (ЖЖАБ) жүйелері. Орталық өз кезегінде 61 өндіріс орнын аралап, салыстырмалы түрде жоғары сұранысқа ие тауар түрлерін анықтады.
Одан бөлек, өткен жылы біз өзара түсіністік туралы келісімдер жасасу бойынша 2021 жылдың бастамасын сәтті жалғастырдық. Жалпы алғанда, 2021 және 2022 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының аумағында өз өндірісін жергіліктендіру және кеңейтуге қызығушылық танытқан әлеуетті инвесторлармен және OEM өндірушілерімен 17 өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды. Мысалы, Schlumberger, Baker Hughes, John Crane, Hi Air Korea және т.б.
Сонымен қатар 2022 жылы Honeywell (АҚШ) жергілікті серіктестерімен бірге жарылысқа қарсы газ детекторлары мен басқару шкафтарының өндірісін іске қосты. PetrolValves (Италия) жергілікті серіктесімен бірлесе отырып тоқтату арматураларының (клапандардың) өндірісін ашты.
– 2022 жылы жергілікті тауар өндірушілерге қандай қолдау шаралары көрсетілді?
– Жергілікті тауар өндірушілердің жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қатысуын шектейтін мәселелерді шешуде орталық жұмысының бір бағыты халықаралық сертификаттар бойынша шығындарды өтеу шегін арттыруды көздейді. Бұған дейін орталық жергілікті нарықты талдау және машина жасау кәсіпорындарын аралау кезінде негізгі кедергілердің бірі – Операторлар талап ететін халықаралық сертификаттардың жоқтығы, сондай-ақ олардың қымбат екенін анықтаған болатын.
Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында өндірудің күрделілігі мен жоғары қауіптілігіне байланысты осындай жобаларда жұмыс істеу тәжірибесі мен озық әлемдік тәжірибе негізінде өндірісте іске қосылған жабдықтарға халықаралық стандарттар мен сертификаттардың талаптары қойылады.
Айта кету керек, мұндай сертификаттардың құны 250 мың АҚШ долларына жетуі мүмкін. Бұл, сөзсіз, өндірушілерден едәуір қаржылық шығынды қажет етеді. Және тауарлардың бағалануына айтарлықтай әсер етіп, импорттық тауарлармен салыстырғанда бағаның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Бұл мәселені шешу үшін Орталық халықаралық сертификаттар бойынша шығындарды өтеу жөнінде қолданыстағы QazIndustry бағдарламасына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар жасады.
Бұл бастама Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен қолдау тапты. Нәтижесінде, бағдарламаның бюджеті айтарлықтай ұлғайтылды. Мәселен, егер 2014-2022 жылдар аралығында жыл сайын орта есеппен 110 млн теңгеге дейін шығындар өтелсе, 2023 жылы бұл құралдың бюджеті 1,8 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, өтемақы шегін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұрын жеке куәлік бойынша өтемақы шегі құнының 50 пайызын құрайтын, бірақ 3000 АЕК-тен аспайтын. Алдағы уақытта оны айтарлықтай арттыру көзделіп отыр.
Бұл жергілікті машина жасау әлеуетін дамытуға айтарлықтай серпін береді және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қатысуды машина жасаушылардың кең аудиториясы үшін қолжетімді етеді деп сенеміз. Және біздің өндірушілердің өнімдерін экспорттауға да жаңа мүмкіндіктер ашатынын айта кеткен жөн. Орталық өз кезегінде жергілікті нарықтағы кедергілерді анықтау жұмыстарын жалғастырады және өз мүмкіндіктері мен құзыреті шегінде оларды жоюдың шешімдерін ұсынады.
– Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында Қазақстанда қандай мұнай және газ өнімдері сатып алына бастады?
–Айта кету керек, соңғы жылдары Қазақстанда операторлар сатып алатын өнім номенклатурасы өңдеу қабілеттілігі бойынша қарапайымнан күрделіге дейін айтарлықтай өсті. Оның ішінде, клапандардың әртүрін, жарылыстан қорғалған электротехникалық жабдықтарын, қысым датчиктерін, бұрғылау қашауларын, жылу алмастырғыштарды, сепараторларды, трансформаторларды, кабель бұйымдарын және т.б. атап өтуге болады. Бұл мемлекеттік қолдау шаралары және операторлар мен машина жасау кәсіпорындарының бірлескен күш-жігерінің арқасында жергілікті өндірушілердің әлеуетінің айтарлықтай артқанын көрсетеді.
– Орталықтың негізгі міндеттерінің біріне республика аумағында мұнай-газ жабдықтары өндірісін жергіліктендіруге инвестиция тарту жатады. Бұл орайда мұнай-газ жабдықтарын шығаратын әлемдік өндірушілердің өндірістік желілерін жергіліктендіруде қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіздер?
– Орталыққа әртүрлі түпнұсқалық жабдықтарды өндірушілерден, сондай-ақ біздің елімізде өндірісті жергіліктендіруге мүдделі екенін хабарлайтын инвесторлардан сұраныстар келіп түседі.
Орталық инвесторларға ақпараттық қолдау көрсетеді. Олар, өз кезегінде, одан әрі қарай операторларға берілетін жергіліктендіру жоспарларымен бөліседі. Сонымен қатар орталық инвестор және түрлі қаржы институттары мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыстырушы қызметін атқарады. Осылайша, біз мұнай-газ жабдықтарын шығаратын әлемдік жетекші өндірушілердің технологияларының трансфертіне ықпал етеміз.
Энергетика министрлігі, «PSA» ЖШС уәкілетті органы және Операторлардың қолдауымен бірнеше жетекші шетелдік өндірушілердің тауарларын жергіліктендіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Әрине, инвесторға республика аумағындағы мұндай жобалардың экономикалық орындылығын негіздеу қажет. Ал орталық мүдделі тұлғаларды үш оператор сұранысқа ие тауарлар туралы жиынтық мәліметтермен қамтамасыз ету және жол карталары мен жергіліктендіру жоспарларын әзірлеу мүмкіндігіне ие бола отырып, бұл мәселелерді шешуге, сол арқылы нарықтың шынайы әлеуетін ашуға ықпал ететіні сөзсіз. Екі жақтың мүддесі болған жағдайда мұндай жоспарлар жүзеге асады, яғни жаңа өндіріс орындары ашылады.
2022 жылдың мамыр айында орталық қазақстандық машина жасау секторын дамыту бойынша идея алмасып, жоспарларымен танысу үшін халықаралық және жергілікті өндірушілердің, операторлардың және Үкімет мүшелерінің қатысуымен форум өткізді. Биыл екінші форумды өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай іс-шаралар салалық кәсіпорындар, тұтынушылар мен инвесторлар арасындағы тиімді өзара әрекеттесуге ықпал етеді деп сенеміз.
– Орталық ірі операторлардың қажеттіліктерін талдау және сұраныс пен техникалық талаптар бойынша мәліметтерді шоғырландыру бойынша үлкен жұмыс атқарып жатыр. Бұл жұмыстың маңызы қандай?
– Қазақстандық өндірушілердің операторлардың сатып алуларына қатысу деңгейін арттыру жөніндегі ортақ мақсатымыздың шеңберінде біз алдағы 10 жылдағы тауарларға әлеуетті сұраныс туралы және операторлардың жеткізілетін тауарларға қойылатын техникалық талаптары туралы алғашқы мәліметтерді ұсыну арқылы бизнеске көмектескіміз келеді. Бұл инвесторларға жоспарлауға және Қазақстанның машина жасау саласын дамытуға инвестициялауға мүмкіндік береді.
2021 жылы орталық ауқымды жұмыстар жүргізіп, үш өнім тобы бойынша 35 мыңнан астам тауар позициясын өңдеді, атап айтқанда: клапандар, электротехникалық жабдықтар, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика. Сондай-ақ біз үш оператор тарапынан жоғары сұранысқа ие болатын 19 тауар түрін анықтадық. 2022 жылы орталық бұл деректерді жинап, жаңа өнім топтары нарығын талдауды бастады: сорғылар мен тығыздағыштар, құбыр өнімдері, технологиялық сүзгілер, жылыту, желдету және ауаны баптау (ЖЖАБ) жүйелері. Біз осы санаттардағы 55 000-нан астам тауар позициясын белгіледік және алдағы жылдарға жоғары сұранысқа ие өнімдерге талдау жүргіздік және анықтадық. Әлеуетті өндірушілер анықталды – Операторларды қамтамасыз ету үшін олардың өндірістік-техникалық әлеуетін дамыту жоспарында олармен одан әрі жұмыс жүргізілетін болады.
– Біздің білуімізше, 2022 жылы орталық көптеген отандық зауытты аралады. Біздің зауыттардың және жалпы саланың жай-күйі туралы айтып берсеңіз?
– Жоғарыда айтылғандай, бір жылдан астам уақыт ішінде орталық мамандары еліміздегі 120-дан астам машина жасау зауытында болды. Айта кетерлігі, көптеген отандық зауыттар ескірген және Кеңес одағынан қалған жабдықтармен жабдықталған. Ал көп жағдайда олар инфрақұрылымды дамытуға және заманауи технологиялар мен өндіріс әдістерін енгізуге орасан зор инвестицияны қажет етеді. Орталық мамандары жалпы машина жасау саласының жай-күйін бейтарап бағалаудың бірегей мүмкіндігіне ие болды. Біз өз мүмкіндіктерімізді сезіне отырып, Орталықтың қызметіне тікелей қатысы болмаса да, бұл мәселелерге бейжай қарай алмаймыз және біз саланың жан-жақты тұрақты дамуына, оның ішінде машина жасауды дамытуға арналған кешенді жоспарды әзірлеуге қатысу арқылы үлес қосуға ниеттіміз. Бұл саланың әлсіз тұсын анықтауға көмектеседі. Оны анықтау салалардың дамуына оң әсер етеді. Сондықтан машина жасау саласының қазіргі жағдайын түсіне отырып, біз компанияларға халықаралық стандарттарға сай болуы үшін олардың ішкі әлеуетін дамытуға жан-жақты қолдау көрсетуді көздеп отырмыз.
Көптеген нысанды зерттеу негізінде үш өнім тобына (клапандар, электротехникалық жабдықтар, БӨАжА) жүргізілген 2021 жылғы арналған талдауға сәйкес, отандық кәсіпорындардың шамамен 30 пайызы халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтіні белгілі болды. Кәсіпорындардың жартысына жуығы орташа дайындық деңгейіне ие және тек 20 пайызы жуығы халықаралық компаниялармен байланыс орнатуға дайын.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде біздің мамандар отандық компаниялардың әлеуетін дамыту жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Жоспарда өндірістік нысан мен өнім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша нақты қадамдар қамтылған.
– Әлеуетті дамыту жоспары жергілікті өндірушілердің дамуына қалай қолдау көрсететінін айта кетсеңіз?
– Бүгінде көптеген отандық машина жасау кәсіпорындарында шетелдік тапсырыс берушілермен, атап айтқанда, ірі мұнай-газ операторларымен жұмыс істеу тәжірибесі жоқ.
Әлеуетті дамыту жоспары – сапа, денсаулық, қауіпсіздік және қоршаған ортаны сақтау бойынша техникалық талаптарды сақтау облысындағы нақты ұсыныстар жиынтығы. Ол біздің сарапшылар тобымен әзірленген келесі бөлімдерді қамтиды:
Операторлардың жалпыланған техникалық талаптарына сәйкестігін одан әрі ұсына отырып, өндірілетін өнімді талдау;
Қолданыстағы өндірістік жабдықтардың, технологиялық процестердің әлеуетін талдау, олқылықтарды анықтау және олардың мүмкіндіктерін бағалау;
Сапа менеджменті және қауіпсіздік техникасы, еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша қолдау және түсіндіру;
Әрбір нақты кәсіпорын үшін жеке әзірленген әрі қарай дамудың егжей-тегжейлі жоспары.
Әлеуетті дамыту жоспары бойынша барлық іс-шара сәтті аяқталып, барлық анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін ғана орталық осы өндірушіні операторларға әлеуетті жеткізуші ретінде ұсына алады.
Осы уақытқа дейін біздің бастамаларымызға қатысуға ниет білдірген алты кәсіпорынның әлеуетін дамыту жоспарын әзірледік. Олардың кейбіреулері бойынша біз операторларға өз ұсыныстарымызды бердік.
Өткен кезеңмен салыстырғанда 2022 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап орталықпен өзара әрекеттесуі бойынша отандық тауар өндірушілердің белсенділігінің тұрақты өскенін атап өткен жөн. Мұны біз орталық жұмысының тиімділігін көрсеткенімен байланыстырамыз. Кәсіпорындар тарапынан артып келе жатқан сенімді біз олардың әрқайсысымен, егер олар тарапынан тиісті қызығушылық болса жүйелі және мақсатты жұмыстың нәтижесінде көреміз.
Осы сұхбатты пайдалана отырып, отандық машина жасау кәсіпорындарын Әлеуетті дамыту бағдарламасына белсенді қатысуға шақырғым келеді.
– Алдағы жылға жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Орталықтың алдына қандай міндеттер қойылды?
– 2023 жылы біз жаңа өнім топтарына қажеттілікті талдау бойынша жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, оларды жақын арада операторлар анықтайды. Операторлар ұсынған ағымдағы және жаңа өнім топтары бойынша тиісті нарықты зерттеу, техникалық сипаттамасын жалпыландыру, олқылықтырды талдау, әлеуетті дамыту жоспарларын дайындау және өндірушілерге одан арғы техникалық көмек көрсету жүзеге асырылады.
Біз елімізде өз өндірісін жергіліктендіруді немесе кеңейтуді қалайтын әлеуетті инвесторларды тарту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Сонымен қатар мұнай-газ өнімдерін өндіруді жергіліктендіру үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды пайдалануды қолжетімді ету бойынша жұмыс істеп жатырмыз.