Биыл көктем басталмай жатып-ақ көп өңір су тасқынынан әбігерге түскені белгілі. Бір емес, бірнеше облыста мыңдаған азаматтың үйін су шайып, барынан айырылды. Мұндай жағдайда құтқарушылар барып, қолдан келгенін жасап жатқанын көреміз. Алайда сол апаттың алдын алуға тиіс шенеуніктер бөлінген қыруар қаржыға қарамастан «не бағып» жүргені беймәлім. Осы мәселені жан-жақты талдайтын болсақ, біраз шикіліктің шетін аңғарамыз.Құлықсыз министр қаржының соры
Бұл жолы да аяқасты ауылдарды су шайғанда табиғи апатқа жауапты министрліктің әрекетіне бас шайқаудан басқа амалымыз болмады. Ендігі оларды «Апат айтып келмейді» деп ақтаудың қажеті де жоқ. Себебі су тасқыны елімізге аса таңсық дүние емес, жыл сайын қайталанатын қалыпты құбылысқа айналған. Өткен айда Түркістан облысының ауылдарын су шая бастағанда көпшілік Төтенше жағдайлар министрлігінің әзірлігі жөнінде сөз қозғай бастаған. Көп өтпей 2017 жылы ірі су тасқыны болған Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қазгидромет» мамандары 85 елдімекенді су шайып кетуі мүмкін екенін хабарлады. Жердің беткі қабаты 1,5 метрге дейін қатып қалған, қар шамадан тыс ылғалды екені мәлім болды. Оның үстіне, Есіл өзеніндегі мұз жабыны 50 сантиметрге жеткен. Күн жылығанда мұз көбесі сөгіледі, мұз кептелсе, тасқын туып, арнасынан асары белгілі жайт.
Осындай хабарламалар айтылып жатқанда Төтенше жағдай министрінің мәлімдемесі қайран қалдырды. Ведомство басшысы Юрий Ильин 24 ақпанда «әзірлік жоқ» деп тақырыпқа нүкте қоя салды. Шынында «тасқыннан елдің өзі амалдап шығады» дегендей ишара іспетті әсер қалдырды. Әдеттегідей баяндамаға жүгінген ол Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарында 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасындағы 22 іс-шараны іске асыру бойынша жұмыстар басталмағанын, Астана және Шымкент қалаларының, Батыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарының әкімдіктері халықты су тасқынынан, еріген және жаңбыр суынан қорғау деңгейіне жетпегенін айтты.
«Алдын алу шараларын елемеу су тасқыны салдарын жоюға қосымша қаражат бөлуге әкеп соғады. Су тасқынына толық әзірлік жоқ», – деген ол.
Сонда министрлік қыс бойы нені ойлады? Осы жағы түсініксіз. Қазір министрліктер мен әкімдіктер Үкіметте жиын өткізіп әлек. Айтары белгілі, оны тізбектеп жатудың да қажеті жоқ. Тағы бір түйткіл – Төтенше жағдай министрлігімен қатар әкімдіктер де мүлде дайындық жүргізбегені анық, ведомство мен жергілікті билік арасында байланыс жоқ. Ақыры елдегі 255 елді мекен, ондағы 127 мыңнан астам үй мен 700 мыңнан астам тұрғын су басқан аймақта қалуы мүмкін екені жария болды.
Наурыздың басында «Қазгидромет» метеорологиялық қызметі Қазақстан аумағының 72 пайызын қар басып жатқанын, 10 өңірде су тасқыны болуы мүмкін екенін тағы хабарлады. Бұдан соң тасқынның алдын алуға деп жұмсалатын бюджет қаржысына күмәнмен қарай бастайсыз. Елімізде бұл мақсатта аз қаражат бөлінбейді. Министрлік те, әкімдіктер де қазынаға «қол салады». 2017-2020 жылдар аралығында су тасқынының алдын алу үшін 42 миллиард теңге жұмсалды. Кейін бұл мақсатта бөлінетін қаржы аяқасты 4 есеге жуық өсті. 2020-2023 жылдарға 160 миллиард теңге жоспарланды (!). Аз қаражат емес. Елді мекендерді су тасқынынан қорғауға 2023 жылға дейінгі жаңа Жол картасы бекітілген. Әлгінде айтқан 160 миллиардтың 131,6-сы республикалық бюджеттен, 28,6-сы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Ал алдындағы 42 миллиард теңге қайда жұмсалды? Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәлімет бойынша 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін республикадағы 315 елді мекенде су басу қаупінің алдын алған. Онда қарасақ өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, өзендердің неғұрлым қауіпті учаскелерінде инженерлік-қорғау жұмыстары жүргізілген. 11 мың шақырымнан астам каналдар мен арық жүйелері, автомобиль және теміржолдарда орналасқан 11 мыңнан астам су өткізу құбыры тазартылған екен.
Айтпақшы, біз жоғарыда әкімдіктер мен министрліктің бірге жұмылуға құлықсыз екендерін айтқан болатынбыз. Негізі су тасқынының алдын алуға бөлінетін қаржының өзі даулы дүние. Кезінде осыған байланысты су қаупі зор Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қарсы пікір айтқан. Оның айтуынша, бірқатар ведомство «2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» Жол картасына қол қойған, бірақ Жол картасы бойынша ештеңе жасалмаған. Сол себепті Ахметовке бағдарламаны жүзеге асыруға «жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу керек» деген тұсы ұнамай қалыпты. «Жабдықтар жоқ. Биыл тағы да әкімдік 500 миллион теңге бөлді. Онда неге бұл бағдарламаларды іске асырып отырмыз? Кім үшін? Әкімдік бұл бағдарламаға қол қоймады. Құжаттарды ашып қараңыздар! Барлығы жергілікті бюджеттен төленетін болса, онда біз бағдарламаны министрліксіз өзіміз құрамыз», – деген ол. Шамасы су тасқынының алдын алудан гөрі қаржы салдарымен күресуге ғана жұмсалып жатқандай. Оның өзінде жұмсалуы өте күмәнді.
Басшылар болжамға бас қатырмайды
Енді тақырыпты ғылыми жағынан қарастыруға көшсек. Негізі су тасқынын жүйелі түрде болжап отыруға болады. Мәселенің шешімін жерден емес, көктен іздеуі керегі, ғарыштан түсірілген суреттерді сараптап үйренбей, елді топан су баса беретіні талай айтылды. Шынында Қазақстанның ғарыш саласы кенжелеп тұрса да, қолда бар қазіргі заманғы технологияларға көңіл бөлгенде тасқын су бұлай аса тығырыққа тіремес еді. Ғарыштан Жерді қашықтан зондтау серігінің түсірген суреті болмаса, жердегі су тасқынына болжам жасау, тасқынның қауіп-қатеріне мониторинг жүргізу немесе су тасқынының қатерлерін басқару мүлде мүмкін емес. Билік осыны әлі түсіне алмай келе жатқандай. Бұның бәрі Жерді қашықтықтан зондтау ғылымының интеллектуалды есебі деп аталады. Мысалы, Украинаның бірнеше ғалымы «Жерді бақылаудағы мәліметтерді өңдеуде интеллектуалды есепті пайдалану» атты ғылыми кітап жазған. Бір қызығы, осы кітапта Орталық Азия осы істе тым сылбыр қимылдап жатқаны тайға таңба басылғандай етіп көрсетіліпті.
«Соңғы уақытта Орталық Азия елдері селдің тасқынынан көп зардап шекті. Тасқын суға дәл болжам жасап, тиімді мониторинг жүргізу, тасқынмен байланысты қауіптерді басқару үшін ғарыштан түсірілген Жердің суреті ауадай қажет. Ондай суретсіз болжам жасау мүмкін емес. Ғарыштан алынған суреттер ауа райының қандай екеніне қарамастан сантиметрге дейін дәл келетін радиолокациялық мәліметтер береді», – деп жазылған.
Осы уақытқа дейін Қазақстан Үкіметінің тапсырысы бойынша жасалған Жерді қашықтықтан зондтайтын екі спутник ғарышта жүр. Бірі, KazEOSat-1. Екіншісі, оған балама спутник KazEOSat-2. 2014 жылдан Жер орбитасында жүрген KazEOSat-1 жерсерігінің мүмкіндігі шектеулі. Дегенмен су тасқыны болатын ошақтарды дәл көрсетіп бере алады. Панхроматикалық режимде қадамы 1 метрден, ал мультиспектральді режимде – 4 метрден. Осыған қарамастан Үкімет пен облыс әкімдері KazEOSat-тың тасқын суды алдын ала ескертетін осындай мүмкіндіктерін пайдалана алмай отыр. Мәселен, «Қазғарыш» спутниктері Жерді суретке күнде түсіріп, жауапты мекемелерге жолдап отырады. Бірақ мәселе сол – олар анализ жасамай, деректерді жайына қоя салады. «Қазғарыш» өздерімен келісімге отырған облыстарға да қауіпті ошақтардың суретін жолдайды. Дегенмен 2017 жылы Қазақстанның бірқатар облыстары онымен келісімге келмегені жария болған.
Бірақ келісім болған күннің өзінде қандай пайдасы бар, егер әкімдіктер әрекет етпесе? Мысалы, 2017 жылы Ақмола облысына қарасты Атбасарды су басарда барлық дерек берілген. Бұған қоса «Қазгидромет» метеорологиялық, гидрологиялық ақпаратты, мұз деңгейін, өзендердегі мұздың жағдайын, қардағы ылғал құрамы, топырақтағы ылғал қоры туралы тиісті ақпараттарды берген. Яғни, қолда мәлімет бар, бірақ түбі дайындық жоқ болып шықты. Әйтпесе қала билігі «бәрін қадағаладық» деп бейжай отырғаны мәлім.
Сонымен, қаншама су тасқынынан билік сабақ алар емес. Ертеңгі күні министрлік пен әкімдіктер бір нәрсені анықтауға көшетіні анық. Олардың сауал: «тасқынға айыпты кім?». Көзге іліккені жазаланар, ал одан кейін не болмақ? Біздегі сауал жауапсыз қалары белгілі.