Жылан жайлаған кітапхана
Жылан жайлаған кітапхана
Жалпы, жыландар суыққанды бол­ғандықтан дымқыл және қараң­ғы, салқын жерді ұнататыны белгілі. Сонымен бірге олар негізінен қос­мекенділермен, ұсақ құстар және кеміргіштермен қоректенеді. Демек, кітапхана салқын әрі қараңғы, тіпті дымқыл болып жатады. Ал кемір­гіштер қатарына жататын тышқандар да кітапханаларда болуы әбден мүмкін. Түркістан облысына қарасты Сауран ауданының Ораңғай ауылдық округінде «Құсшы ата» дейтін елді мекен бар. 1664 тұрғыны бар аядай ауылда сонау өткен ғасырда, яғни 70-ші жылдары салынған кітапхана бүгінде құлаудың алдында тұр. Алыстан қарағанда құдды қараусыз қалған ғимарат дерсіз. Іргетасы мүжіліп, жерге сіңіп кетердей мыжырайып қалған. Ал қабырғасының әбден ескіріп тозғаны көрініп тұр. Терезесі сол баяғы кеңестік дәуірді бірден еске түсіреді. Көк түсті ағаш терезелер. Шатыры да тозған, опырылып құлаудың сәл алдында. Қатты жел тұрса, аман қалатыны күмәнді. Онсыз да әр жер тесіліпті. Мұны көріп бұл ауылға әлі өркениет келмеген-ау дерсіз. Ал ішке енгенде төбеден жаңбыр суы аққан тұстарды, ылғалдан көгерген қабырғаларды көптеп байқауға болады. Жылдар бойы жөндеу көрмегені анық. Бұл – ауылдағы мәдениет, руханият ошағы. Халық мәдениетпен осында келіп сусындайды. Бір қызығы, тозығы жетіп, құлағалы тұрған кітапханада кітап қоры мол. 15 мыңға жуық кітап қоры көздің қара­шығын­дай сақталып, оқырмандарға ұсынылып келеді. Әрине, талапқа сай сақталмағаны болмаса. Алайда мәдениет ошағының осындай халде тұрғанына қарамастан, ауыл халқының жартысы кітап оқуға құмбыл. Ауылдағы ағайын кітапхананың маңайын жағалап, жаңалық іздейді. Біз кітап қоры көп, оқырманы да мол кітапхана туралы не үшін айтып отырмыз? Өкінішке қарай, мәдениет ошағының тозығы жетіп қана қоймаған, мұнда қорқыныш елесі байқалады. Кітапханашы Мәдина Берістемова дәл қазір мұндағы әр жұмыс күнін қорқумен, елегізумен өткізіп келеді. Жұмысқа тұрғанына 6 ай болған Мәдина кітапханашыдан жұмысты қабыл­дап алғанда ғимаратта жылан бар екенін естіген. Ол сақ болуын ескертіп кетіпті. Содан бері күн сайын жанына айран мен ұн қойып, есікті ашып отырады. Қазақта жыланның басына ақ құйып шығарған деген тәмсіл бар. Кітапханашының да әрекеті осыған саяды.
«Өзім келгелі әлі жылан көрмедім. Қыстыкүні пеш жағылады. Қазір сол тым-тырыс пеш кейде тықырлап кеткендей болады. Жақында күн жылына бастағанда кітап сөрелерінде жылан жүргендей ды­быс естілді. Тіпті, тарс етіп жерге құла­ғандай болды. Барып көруге жүрексіндім. Бірақ мұнда жылан бары туралы жиі естігендіктен үнемі елеңдеп, қорқып отырамын», – дейді Мәдина Берістемова бізбен әңгімесінде. Мұнда тұрғындардан бөлек, жақын маңдағы мектептен оқу­шы­лар да жиі келеді екен. Олар сұраған кітап­тарды ішкі бөлмеге балалармен бірге кіріп алып береді. «Ортадағы есік ашық тұрады. Жылан көріне қалса, тез арада қашып шы­ғуға барынша ыңғайлап қойғанбыз. Бала­ларға білдірмеуге тырысамын», – дейді ол.
жылан жайлаған кітапхана Осында 2 жылдай жұмыс істеген, бү­гінде көрші ауыл кітапханашысы Гүлназ Ерметова жыланнан қорқып, тіпті түстен кейін жұмыстан қайтып кетіп жүргенін де жасырмады. 20 жылға жуық жұмыс істеп, зей­неткерлікке шыққан Гүлжәмила Ади­лова болса, талай мәрте жыланмен бетпе-бет келгенін айтты.
«Талай рет кездестірдім. Жаздыгүні тіпті есіктің алдында күнге қыздырынып жатқан кездерін де көрдім. Кітаптардың үстінде жатады. Бірде оқырманым қажетті кітабын көруге ішке кірген болатын. «Жылан» деген жан дауысы шықты, ішке жүгіріп барғанымда оратылып жатқан жыланды байқадым. Тіпті, зейнеткерлікке шығайын деп отырған күні де алдымнан шықты. Қорыққанымнан қашамын деп құлағаным есімде. Менен бұрын жұмыс істеген Еркінкүл апаның кезінде тіпті көп болған екен», – дейді Гүлжәмила апа. Ал Еркінкүл әжей кітапхана бастапқыда монша болғанынан, монша пеші жыланға толып тұратынын еске алды. «Кітапханада жалақысыз жұмыс істеген күндеріміз де болды. Жалақының орнына ұн, басқа да азық-түлік беретін. Жыланнан қорықсақ та жұмыс істеп жүре бердік. Үнемі айран әкеліп қоятынмын. Бірақ айран қатып қалып жүрді, сосын ауыл әжейлерінің кеңесімен ұн әкеліп қоюды әдетке айналдырдым. Бір жылдары көрші тұрған пошта қызметкері кітап­ханаға екі кірпі кіргізіп жіберді. Сол кез­дері біразға дейін жылан да көрінбей қа­лып еді. Кейін қайта шықты ғой. Әкімдік қызметкерлері де білетін», – дейді Гүл­жәмила апай.
Демек, мұнда жыланның болуына ғимараттың бұрын монша болғаны да себеп болуы мүмкін. Бұл аймақ дымқыл жерді ұнататын жәндіктің ордасы болуы да ғажап емес. Одан бөлек, жоғарыда айтқанымыздай, кеміргіштер мен құстар­ды қорек ететін жыланға кітапхана жайлы орта да шығар. Кітапханашы Мәдина Берістемова мұнда кеміргіштердің қата­ры­на кіретін тышқанның болуы мүмкін­дігін жоққа шығармады. Тікелей көрме­генімен, тышқанның өзіне тән иісі шығып тұрады. Қанша жерден жаңбырдың суы ағып, қабырға көгерсе де, кітаптар сол күйі тап-таза, бүлінбеген. Мұндайда «Қырық жыл қырғын болса да..» дейтін тәмсіл еске түседі екен. Жыланды да, тышқанды да, бүгінде жаңбырдың суын да көріп келе жатқан кітаптар сол күйі өңін бермей тұр. Алайда кітапханашыларға енді ғана көңіл бөлініп, жалақысын көтерді. Бірақ үрей­мен өткізген әрбір күн адам денсаулығына қаншалықты зиян тигізетінін де ойлаған жөн. Бұл жерде ғаламторы бар жетілдіріл­ген «модельді» кітапхананы айтпай-ақ қояйық. Ең болмағанда кітап сақтауға арналған бірде-бір талап орындалмаған, бекітілген температураның болуы да бұл кітапхана үшін арман. Жөндеуге келмейтін ауыл кітапхана­сының жайы, болашағы туралы Сауран аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Құндызай Нәлшеевадан сұрағанбыз. Өкінішке қарай, кітапхананың қашан қайта салынатыны белгісіз. «Ұсы­ныс берілген, бірақ жергілікті билік тара­пы­нан әзірге сүйінші хабар естілмейді». Зерттеулер көрсеткендей, жыландар көктем мен жазда белсендірек болады екен. Күз, қыс мезгілінде тыныш жататын жәндіктер секілді олар да күн жылына жер бетіне шыға бастайды. Демек, кітапхана­шының нағыз қорқынышты күн­дері басталды деген сөз. Қалай болған­да да, оффидиофобия, яғни жыландардан әдет­тен тыс қорқыныш адамдардың басым бөлігінде кездесетіні рас. Мұны оқып отырып, сіз де тітіркенуіңіз мүмкін... Ал кітапханашының жайы айтпаса да түсінікті...

Түркістан облысы