Сенат төрағасы Израиль елшісімен кездесті
Сенат төрағасы Израиль елшісімен кездесті
279
оқылды
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Израильдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Эдвин Ябо Глусманмен кездесті. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту және серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды. Палата Спикері Қазақстан мен Израиль ара­сында достық пен өзара сенімге негізделген көп­жақты және берік серіктестік қатынас орнағанын атап өтті. Сондай-ақ ол Израиль халқын аталған мемлекеттің тәуелсіздігіне 75 жыл толуымен құт­тықтады.
«Қазақстан Израильді «өркениеттер диалогын» одан әрі дамыту және әлем халықтарының мә­дениетаралық ынтымағын қамтамасыз ету ісінде маңызды серіктес ретінде таниды. Біз Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Йосеф пен Израильдің Бас Ашкенази раввині Дэвид Лауға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне белсенді қатысқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Съездің жұмысы халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді ілгерілетуге, дінаралық диалогты дамытуға және әлемде адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастама­сымен елімізде іске асырылып жатқан ауқымды саяси жаңғыртулардың нәтижелеріне тоқталып өтті. Өз кезегінде елші Қазақстанда қолға алынған қоғамдық-саяси өзгерістерді жоғары бағалады және барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Одан бөлек, тараптар парламентаралық өзара іс-қимылды арттырудың маңызына назар аударды.