Ауылды «самопал» жайлап барады. Шығыс Қазақстан облысы басшылығы халық арасында «колхозка» аталып кеткен спиртті лас сұйықтыққа қарсы біраздан бері күрес жүргізіп келеді. Енді Алматы облысындағы Текелі қаласының әкімі «ускаманка» аталатын қолдан жасалған қауіпті арақ сатылатын жерді көрсеткен тұрғынға жалақысын беруге уәде етіп отыр.
Текелі әкімі Бақтияр Өнербаев қалалықтарға өз ұялы телефонының нөмірін жариялады. Оған жергілікті жұртшылық контрафакт ішімдік өткізілетін орын туралы хабарлай алады. Әлеуметтік жауапкершілік танытқан адамдарды қала басшысы сыйсыз қалдырмайды: бір айлық жалақысын бөліп беруге бар. Бұл жайында ол Jetisý Media алаңындағы журналистермен кездесу кезінде мәлім етті.
– Менің қабылдауыма келген адамдардың көбісі арзан спирт өніміне қатысты шағым айтады. Оны халық арасында «ускаманка» деп атайды. Бұл расында да, үлкен проблема. Аталған өнімге салық салынбайды, ол халықтың денсаулығына зиян келтіреді. Осыған орай, тұрғындардан тікелей маған қоңырау шалып, әлгі ішімдік сатылатын орындар туралы хабарлауды сұраймын. Нақты ақпаратыңыз болса, менің ұялы телефонымның 87012154888 нөмірін теріңіз. Шынайы ақпарат үшін айлық жалақымды беруге дайынмын! – деді әкім.
Осының алдында ол көшеде ашықтан-ашық арақ ішіп отырған еркектерді қуып жіберген. 2019 жылдың қазанында әкім жалғыз өзі қала аралап келе жатып, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш жанында пластик стақанға құйып, арақ сімірген үш қазақтың үстінен түседі. Ол дереу смартфонының камерасын қосып: «Неменеге бұл жерде арақ ішесің, а?! Қане, түріңді көрсет!» деп қатулы үн қатып, тап береді. Әлгілердің ұяты қалған екен, бейнежазба арқылы бет-жүзінің елге әйгілі болуынан сақтанып, тұра қашқан.
«Колхозка», «ускаманка» жасанды ішімдігі Шығыс Қазақстан облысынан таралған деген дерек айтылып жүр, онда ол 20 жылдан бері өндіріледі және оны жасау тәсілі тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ ТМД елдеріне де танымал деседі. Атауы қаладағы «Колхозная» деген көшеге орай қойылыпты, сондағы үйлердің бірінде алғаш рет осы «самопал» арақ түрі сатылған.
Құқық қорғау органдары және салықшылар соны шығаратын жасырын цехтарды жоюға күш салады, дүркін-дүркін рейдтер, мезгіл-мезгіл құпия сатып алу ұйымдастырады. Тіпті, ШҚО прокуратурасы жанынан барлық қадағалаушы органдар, әкімдік өкілдері және полиция кірген арнайы топ та құрылыпты. Алайда «індеттің» тамырына балта шаба алмады. Себебі заң бойынша заңсыз саудагерлерге айыппұл салудан басқа жаза жоқ көрінеді. «Жауапкершілік қатаймай, ұлт саулығына зиян тигізетін өнімдерді қылмыстық қудалау бабы қайта қалпына келтірілмей, жағдай өзгермейді», – дейді тәртіп сақшылары.