Өткен сайлау науқаны кезінде осы ұғым туралы өте көп сөз болды. Додаға түскен партиялардың сайлауалды бағдарламасын талқыға салған сарапшылар оны критерийлердің бірі ретінде қарастырды. Сол шақта бұл құжаттардың көпшілігі осы экономикалық популизмге бой алдырғаны анықталды. Ал бұл несімен қауіпті? Сол партиялардың билікке бара жатқанымен, олар өз уәделері мен ұрандарын халықтың сұранысын екшеп, көңілінен шығу үшін айтқаны белгілі. Ендеше бұл биліктің де, азаматтардың да экономикалық мәдениеті мен қаржылық сауатын көтеру қажет екендігін білдіреді. «Жарылқаймын» деп жақсы көрінуге құштар Бұл тұста біз қай партияның болмасын атын атап немесе сайлауалды бағдарламасын талқылаудан аулақпыз. Мақсатымыз – осы мәселенің біздің қоғамда бар екеніне назар аударту. Мәселен, партиялардың бірі «Самрұқ-Қазынаның» акцияларын және зейнетақы қорын халыққа таратып беру, монополияға ие мемлекеттік банк құру, жергілікті тауарлар мен қызметтерден қосымша құн салығын мүлдем алып тастау деген секілді ұран тастады. Ал енді бір партия ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салық салудан мүлдем босату қажет, кредиттік амнистия жариялануы тиіс, жерді бүкіл халыққа ортақ меншікке беру керек деген сөз айтады. Келтіре берсе, мұндай мысалдар көп-ақ. Әрине, бұл ұсыныстардың барлығы олар бір-ақ мақсатпен – сайлаушылардың көңіл күйіне әсер етіп, дауыс алу үшін айтқаны белгілі. Бірақ ендігі жерде мұндай негізсіз үндеулер мен уәделерден аулақ болған жөн. Өйткені қазір билікке келген партиялар мұны шындап қолға алатын болса, онда даму даңғылының жаңа межесіне бет алған елімізді жаңсақ жолмен алып кетуі мүмкін. Онсыз да біз қазір экономикалық дағдарыстың арындап тұрған сындарлы уақытын бастан кешіп жатырмыз. Онда бұған дейінгі популизмнің де үлесі бар. Ал оны ушықтыра берген қауіпті.
«Мен экономикалық популизмді екі бөлікке бөліп қарастыруды ұсынамын. Оның бірі – «Ұлттық қорды таратып беру керек», «жәрдемақыларды өсіру керек», «мұнайдың ақшасынан әр адамға бәленбей теңгеден беру керек» деген сияқты халық арасында айтылып жүрген пікірлер. Бұл пікірлердің барлығы бірдей дұрыс емес. Ал екіншісі – Үкіметтің, сосын жергілікті әкімдіктердің жол беретін экономикалық популизмі. Кейде олар өте үлкен қаражат құйылатын, бірақ мүлдем ешкімге керек емес жобаларды тықпалап жатады. Онысын «адамдарға көмектесіп жатырмыз» деп бүркемелейді. Ал шындығында, мұнда олардың өздерінің мүддесі жатыр. Шартты түрде айтсам, 100 адам тұратын ауылға үлкен спорт кешені неге керек? Болмаса, мысалы, Астанада осындай жоба бар, Тараздағы мұз сарайын айтуға болады, әлде өзін-өзі ақтамайтын Түркістандағы канал мен әуежайды алайық. 6 млн жолаушыға арналған әуежайдың қазір не керегі бар? Ол мұндай қуатқа жақын жылдарда жете қоймайды. Ал оған мәжбүрлеп Әуе компаниясының субсидияланған рейстерін ашу, міне Үкімет тарапынан экономикалық популизм дегеніміз – осы. Шындығында, мұнда мердігерлердің мүддесі жатыр. Сол сияқты әлеуметтік жағдайына қарап бөлмей, баршаға бірдей жеңілдетілген ипотека беру керек дегеніміз де таза үкіметтік популизм. Сондықтан да мұндағы екі тарапқа да біздің саяси-бұқаралық кеңістіктен орын болмауы тиіс. Оның орнына, біріншіден нақты жұмыс орындарын ашатын, екіншіден қосымша құн салығын алып келетін, үшіншіден мемлекетіміз бен халқымызға таза табыс сыйлайтын өндіріс орындарын ашу қажет», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.Расында да, бүгінде бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қорға қол салып, сыртқы қарызды көбейтіп жатқанымыз белгілі. Оған бұған дейінгі биліктің ас та төк ысырапшылдығы кінәлі. Ендігі жерде ондайға жол бермей, рационалды саясат ұстану қажет-ақ. Өйткені популистік саясатқа бой алдырған үкімет ұзақмерзімді экономикалық өсімге ынта берудің орнына, азаматтардың көңілінен шығар бір сәттік пайдаға көбірек көңіл бөліп, қолындағы ресурсын тиімсіз жұмсауы мүмкін. Тіпті, популистік көзқарас белең алар болса, ол мемлекеттік билікке тежемелі әрі қарсы күш боп келетін сот жүйесі, БАҚ сынды тағы да басқа нституттардың тәуелсіздігін әлсіретіп, белгісіздік атмосферасын тудыруы ықтимал. Бұл өз кезегінде инвестиция тартуға және экономикалық өсімге кедергі келтірмек. Сондай-ақ мұндай саясат мемлекеттің экономикадағы үлесін арттырып, оның бюрократиялығын арттырып, динамикасын бәсеңдете түспек. Сабақ алар елдер көп Әлемде экономикалық популизмнің ең бір көрнекті мысалына айналған елдер көп. Сондықтан да солардан сабақ алып, енді ғана дамудың жаңа белесіне бет алған елімізді одан сайын дағдара түсуден аман алып шығуымыз керек. Ел ауызында жүрген жарқын мысалдардың ең үлкені – Венесуэла. Біз секілді мұнайға бай ел болса да, бүгінде ол санкцияға бөгіп, терең дағдарыстан шыға алмай қалып отыр. Осы елдің тарихын пайымдап көрсек, біздің елмен қандай да бір ұқсастығы барын аңғаруға болады. Мәселен, XX ғасырдың 40-жылдарында елде мұнайдың үлкен қоры анықталғанда, билік социалистік бағытты таңдап алып, экономиканың басты қозғаушы күші ретінде мұнайды бекітіп тастаған екен. Содан мұнайды шетелге экспорттап, қара алтыннан түскен ақшаға дайын тауарды екі-үш есе қымбат бағамен сырттан импорттап отырған. Біздің билік те соңғы оншақты жылда осыны әдет қыла бастағанын білеміз. Өйткені «оңай ақшаға» ел басқару да оңай. Осылайша, Венесуэладағыдай ауыл шаруашылығы да, отандық өндіріс те жайына қалды. Олар мұнайдың 96 пайызын экспорттап, ел бюджетінің 70 пайызын сонымен толтырып отырған. Осылайша, мұнай қымбаттаса, елде ақша бар, экономикалық ахуал жақсы, ал мұнай арзандаса, пұшайман күйге түсетін әткеншек экономика қалыптасыпты. Мұнай бағасы жоғары жылдары байлықты қайта бөлеміз, кедейлікті жоямыз деген ұранмен маңызды өнеркәсіп салаларын ұлттық меншікке өткізіп, негізгі тауарларға бағаны шектеуді қадағалап, кедейлерге бірінші кезекте керек заттар мен азық-түлікті субсидиялай бастаған. Бастапқыда мұның барлығы өз жемісін беріп, ел шалқып өмір сүре бастағанымен, кейіннен мұның бәрі экономикалық популизм екені анықталды. Салдары да өте ауыр болды, тіпті Венесуэланың егемендігі қыл үстінде тұрған кезеңдер болды десек, артық айтқандық емес. Халық арасын масылдық жайлады, ал мұнай бағасы түсіп кетіп, мемлекеттің әлеуметтік шығындарды жабуға ақшасы жетпей қалған кезінде, инфляция асаудай тулап шыға келді. Ал үкімет оны ауыздықтау үшін көп етіп ақша басып шығарғанымен, керісінше, инфляция одан сайын белең алып кетті. Міне, осы жерде де ұқсастық бар. Қазақстан Үкіметі Ұлттық банкпен келісімге келіп, базалық ставканы көтеріп жіберді де, теңгені де көп етіп басып шығарып жатқанымен, біздің экономикадағы инфляцияның тарихи рекордтарды жаңартып жатқанын көріп отырмыз. Ал Оңтүстік Америка мемлекетінде оның соңы венесуэлалық боливар валютасы бағамының түсіп кетіп, негізгі тауарлардың тапшылығына әкелгенін көріп отырмыз. Бұл елде кең ауқымды экономикалық дағдарыс дәл осы кезден басталған болатын. Ендеше біз де тура осындай кезеңге келіп отырған секілдіміз. Жаңа Парламент пен жаңа Үкіметтің құрылып, жаңаша саясатты қолға алу кезеңінің тұс келгені қуантады. Тағы бір қоса кетер жайт, жемқорлық деңгейі бойынша Венесуэла 180 мемлекеттің ішінде соңғы ондықта. Жемқорлықтың етек алуының басты себебі – ірі кәсіпорындардың ұлттық меншікке өтуі. Өйткені кәсіпорын билігі қолына тиген соң мемлекеттік қызметкерлер арасында жемқорлық белең алған, соның салдары ретінде тауарлар сапасыз боп шыға бастаған. Ал тұтынушылар жергілікті тауарларды сатып алудан бас тартса, шетелдік инвесторлар тіпті қашып кеткен екен. Мысалға келтіре берсе, мұндай елдер көп. Бұл жерде тек халықтың әл ауқатын тікелей шаралармен көтеру ғана емес, туындаған экономикалық қиындықтарды шешуден қашқақтау да сондай нәтижеге әкелетінін көруге болады. Мәселен, 2000 жылдары Аргентина үкіметі қарыздары бойынша дефолт жариялап, валютаны девальвацияға жіберіп, негізгі тауарларға бағаны қадағалауға алған болатын. Бұл былайша айтқанда, мемлекеттің «банкрот жариялағанымен» бірдей еді. Бастапқыда біршама экономикалық өсімге әкелгенімен, кейіннен тағы да инфляцияның өсіп кетуіне, шетелдік инвестициялардың төмендеуіне соқтырған мұндай шешімнің экономикалық популизм екені белгілі болды. Өйткені біршама уақыт өткеннен кейін, одан сайын тығырыққа тірелген Аргентина тағы да бірнеше рет дефолт жариялауға мәжбүр болды. Дәл сол сияқты, Грекия да осы жылдары мемлекеттік шығындарын арттырып, мемлекеттік сектордағы еңбекақы көлемін арттырып, әлеуметтік жеңілдіктерді оңды-солды жасаған еді. Бұл кезде де халықтың өмір деңгейі біршама жақсарып қалғаны рас, бірақ оның соңы мемлекеттік қарыздың тез өсіп, егеменділік қарыздың дағдарысына алып келді. Тағы бір мысал, 1980 жылдары Филиппин үкіметі бағаны шектеп, субсидияны көбейтіп, шетелдік инвестицияға шектеу қойған болатын. Мұндай экономикалық популизмге құрылған саясат жоғары инфляцияға, экономикалық өсімнің төмендеуіне және коррупцияның кең тарауына алып келді. Сондықтан да мұндай құбылыстың салдары өте ауыр болатынын бірінші кезекте ескеріп, өзгенің қателігінен үйренгеніміз абзал. Өйткені сол шешімдердің зардабын бұл елдер әлі күнге дейін тартып отырғанын ұмытпағанымыз абзал. «Арзанның» сорпасы татымас Бұл тұста арзан сөзін тырнақшаға алып отырғанымыздың өзіндік мәні бар. Өйткені арзан популизмнің өзі осы «арзан» тауарлардан басталады. Ал мұндағы «арзан» дегеніміз – нарықтағы құнымен сатылмайтын тауарларға қатысты. Егер нарықта сол тауардың арзан түрі де, қымбат түрі де болса, онда ештеңе емес. Ал егер мемлекет әкімшілік ресурсын қолданып, «арзан» тауарлардың пайда болуына ықпал ететін болса, проблема осы жерден басталмақ. Шындығында, мұның бәрі түптеп келгенде жеке адамның, сіз бен біздің есебімізден жасалып отыр, әрі одан бізге келіп-кетер пайда жоқ. Бұл – белгілі экономист Алмас Чукиннің пікірі.
«Мысалға, қарапайым ғана бензинді алайық. Мемлекет оның бағасын 180 теңгеден ұстап отыр. Акциз бір тоннаға – 38 134 теңге, яки бір литрде 38 теңге. Оған 16 теңге ҚҚС-ны қосыңыз. Сонда 180 - (38+16) = 126 теңге. Бұл құнда былайғы салықтарды қосқанда өндіру, тасымалдау, өңдеу, бөлшек саудадағы дистрибуция отыр. Енді осы бағаны салыстыру үшін бағамын келтіріп 180 теңгені 41 цент, ал 126 теңгені – 30 цент деп алайық. Батыс елдерінде ең арзан бензин – Америкада. Мұнай бағасы былтыр жоғары болғанда да олар литрін $1.04-тен ұстап тұрды. Мұнай алпауыты БАӘ-де бұл баға – 80 цент (2.95 дирхам). Біріккен Араб Әмірліктерінде – 62 цент. Ал бізде бензин неліктен олардан 1,5-3 есе «арзан». Ал одан да қызығы – біз дайындауына 60 цент жұмсайтын бензиннің қалайша 30 цент болып тұрғаны. Неге бұлай?» – дейді ол.Мұның жауабы мынада, «ҚазМұнайГаздан» бастап басқа мұнай компанияларын қоса алғанда, мемлекет оларды «өздеріне шығын» келтіре отырып Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын мұнаймен қамтуға мәжбүр етеді. Осы реттен алғанда, біздің МӨЗ-дерге тапсырылатын мұнайдың бағасы әлемдік бағадан 80 пайызға төмен боп шығады. Соның өзінде де ішкі нарықты жаба алмай отымыз. Мәселен, жылына 5 млн тонна бензин, 5,3 тонна дизель отынын өндірсек те жетпейді. Сондықтан да үстіндегі артығын Ресей мен Беларусьтан импорттап алдырып отырмыз. Ал олардағы жанар-жағармай бағасы бізден қымбат екені айдан айқын. Сонда да оны арзанға сатып, осы жерде тағы да шығынға барып отырмыз. Өзімізге жетпегендіктен Қазақстан бензинді экспорттамайтыны екібастан белгілі. Десе де, мұндай арзан өнімнің «көлеңкелі» жолмен тасылып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені Өзбекстанда бензин 81, Қырғызда 60, ал Ресейде 62 цент тұрады. Қанша тасылып жатқаны тағы белгісіз. Енді осы «арзан» бензиннен сіз бен бізге не пайда, не зиян?
«Сонымен, мұнай өнімдерінің 20 пайызы көлеңкелі экспортпен кетті делік. Бұл – шартты түрде алғанда 1 млн тонна бензин мен 1 млн тонна дизельдік отын. Мұнайға шаққанда оған 2 млн тонна жұмсалады. Ал мұнай бағасы барреліне 100 доллар десек, оның шамамен 50 пайыздайы салық ретінде мемлекетке түседі. 2 млн тонна – шамамен 14.5 млн баррель. Сонда бұл ел бюджеті шамамен 725 млн доллар немесе 315 млрд теңгеден қағылып отыр деген сөз. Бұл дегеніміз – бір қаланың, яки елордамыздың бюджеті. Болмаса, осы ақшаға 150 мектеп әлде 300 км жаңа жол салуға болар еді. Ал зейнеткерлерге таратып берер болсақ, 2,2 млн адамға 140 мың теңгеден тиер еді», – дейді экономист Алмас Чукин.Сарапшының айтуынша, егер бензин бағасын көршілерімізбен теңестірер болсақ, онда оны өзіміз-ақ экспорттай алар едік. Өйткені ешқандай пайда көрмейтіндіктен, коррупция жайлаған контрабанда машинасы өзімен өзі-ақ жоқ болып кетер еді. Мол қаржы да шетке кетпейді, әрі елімізде бензин мен дизельдік отынның тапшылығы да болмас еді. «Арзан» бензинді жанар-жағармай құю компанияларына бөлудегі түсініксіз схема да жойылар еді. Ал мұнайшылар, кен орындарын барлауға стимул алып, мұнай өнідіру де артары сөзсіз. Бәрінен бұрын, осындай саясат ұстанған елдердің қандай дағдарысқа ұшырағанын естен шығармаған абзал. Нигерия, Иран, Венесуэла сияқты елдер осыған дәлел. Өйткені «шығынмен сату» экономикалық популизмнің бір түрі.