Бренд бәріне маңызды

Бренд бәріне маңызды

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде жеке брендін қалыптастыру тақырыбы трендке айналды. Осы мақсатта бірталай қаржы жұмсап жатқандар бар. Сол сияқты университет брендін көтеруде маңызды. Бұл оқу орнының ар­тық­­шылығын көрсетіп, бірегей атануына көмектеседі. Мәселен, Оксфорд, Кем­­бридж атауының өзі брендке айналып отыр. Сайып келгенде, аталған уни­верситеттер осы жолда қыруар қаржы мен уақыт жұмсағаны белгілі. Түрлі тәжірибе бар Университет брендін қалыптастыру, кө­теру жайын зерттеп жүрген менеджер­лер­дің пікірінше, талапкер алдымен оқу орны брендіне мән береді. Одан кейін білім беру бағдарламасын қарайды. Расы­мен, елімізде де университет атауына бола қа­ламаған мамандығына тапсыратын та­лапкерлер бар. Себебін сұрай қалсаң, сол оқу орны атмосферасын сезініп, көш­ке ілескісі келетінін алға тартады. Бұл қа­лай десеңіз, осы турасында шетелдік оқы­тушы Анна Веклич сәтті талдау жаса­ған. Мәселен, оның айтуынша, универ­си­тет студентіне үш нәрсе «сатады». Бі­рін­шісі ата-ана мен талапкер мән беретін оқу орнының жеке ерекшелігі, құнды­лы­ғы, атауы. Мұның өзі шешім қабылдауға ора­сан зор әсер етеді. Екіншісі – орта. Қа­зір жастар арасында жиі айтылып жүр­ген дамушы ортаны меңзеп тұрмыз. Яғни, уни­верситет «тұтынушыға» оның белгілі бір мерзімнен кейін де араласатын, ресурс алмасатын ортасы болатынына кепілдік бе­реді. Үшіншіден, эмоция «сатады». Дә­лі­­рек айтсақ, бұрын сол оқу орнын бі­тірген тұлғаның естелігі немесе танысы­ның жылы әңгімесі талапкерді елітеді. Оның ой көкжиегінде «мен де сол күйді кеш­­сем» деген аңсау сезімі оянады. Бай­қа­саңыз, қазір көптеген университет та­ныстыру бейнеролигін белгілі бір оқиғаға, естелікке негіздеп түсіреді. Қазір альма-матер тіркесін жиі естіп жүр­міз. Рухани ортасын, ішкі тірегін тап­қан студент білім алған ордасын осылай атайды. Бұл сөз университетте өткен жыл­дарына, қалыптастырған ортасы мен құндылыққа құрметі іспетті. Бірақ заман ағымына байланысты бренд ұғымының мәні де, атқаратын қызметі де тереңдей береді. Мысалы, бұрын журналистика фа­культеті десе, ҚазҰУ-ды айтып, меди­цинаны ҚазҰМУ-мен байланыстыратын. Яғни, оқу бағдарламасы, одан түлеп ұш­қан шәкірттердің жетістігі жарнама еді. Ал қазір еліміздегі біраз университет реб­рендинг жасап, атауын ауыстырып, PR-ға көңіл бөліп жатыр. Айталық, M.S. Narıkbaev atyndaģy KAZGUU Unıversıteti 1994 жылдан бас­тап 2015 жылға дейін тіркелу нысанын жә­не тиісінше атауын бірнеше рет өзгерт­кен. Ерекшелігі университет атауын қыс­қар­тып жазғанда қазақ тілінде де, орыс тілінде де айырма болмайды. Бұл марке­тинг жағынан да, басқасы үшін де тиімді. Сол сияқты біраз оқу орны бренд дамыту бө­лі­мін ашып, альма-матерде өт­кен әр бас­таманы жарнамалауға тыры­сады. Брендбуктың сыры көп Жоғарыда ребрендинг жасау жайына тоқ­талдық. Соның жарқын үлгісі – Алма­ты Менеджмент Университеті. Аталған оқу орны 2014 жылы университет стату­сын алып, атауына ребрендинг жасады. AlmaU өкілінің айтуынша, атаудың аста­рында жаһандық университет болуды мақ­сат етіп, Алматы қаласын, Қазақстан­ды насихаттауды көздеген. Мәселен Окс­форд, Кембридж, Стэнфорд және тағы бас­қасы орналасқан қала атауымен ата­лып, бүкіл әлем осы қалаларды оқу орны ар­қылы танып жатқаны бар.

«Жоғары білім саласы – елге инвес­ти­ция тартуға мүмкіндік беретін салалардың бірі. Біз де әлемге әсем қаламыз Алматыны насихаттау мақсатында осы атауды таң­да­дық. Яғни, университет брендін шетел­дерде жаһандық тұрғыда тарата отырып, Алматы қаласының, жалпы Қазақстанның жоғары оқу жүйесі жайлы жағымды пікір қа­лыптасыруға болады. Шетелдік тәжіри­бені қарастыратын болсақ, АҚШ-тың Иллинойс штатының Университетінде (University of Illinois at Urbana-Champaign) тәжірибеден өттім. Университеттің лого­типінде I – әрпі орналастырылған. Ол бір жағынан Illinois-штатының бас әріпін біл­дірсе, екінші жағынан «Мен» деген ұғымды білдіреді, осылайша университет The power of I атты науқан ұйымдастырған еді. Яғни, мұнда әр студент өзінің жеке артық­шылығын осы университетте ашып, жетілдіреді деген месседж бар. Бұл науқан уни­верситет брендіне жағымды әсер бере­ді», – дейді AlmaU-дың академиялық да­му жөніндегі проректоры Әсел Арын.
Бұл жерден байқағанымыз, бренд тұр­ғысынан келгенде ерекшелену маңызды. Мұнда оқу орнының логотипі, символы, гимні, рейтингтегі орны мен қоғамдағы бе­делі рөл ойнайды. Бір жағынан мұны биз­неспен байланыстыруға болады. Өйт­кені оқу орнын кампус ретінде бейімдеп, қалашық жасап, ішінде студенттің бар қа­жетін өтейтін университеттер бар. Яғни, поликлиника, спорт кешені, кино­театр, сауда орны, шаштараз, бәрін-бәрін қам­тиды. Астарында инвестор тарту, бизн­ес­мен назарын аударту жатыр. Одан бөлек, университет логотипі бар киім-кешек, кәдесый да бренд қалыптастыру үшін айтарлықтай рөл ойнайды. Осындайда брендбук терминіне мән бе­реміз. Бұл белгілі бір мекеменің жеке куә­лі­гі сияқты. Брендбук – компанияның мақ­са­ты, концепциясы, бағыты жазыла­тын құжат. Брендті қалыптастырған соң, осы жайлы брендбукке жазылады. Қазір біраз университеттің өзіндік брендбугі бар. Ол бренд, фирма стилі, ереже мен ди­зайн­нан тұрады. Жоғарыда жазылған­ның дені фирма стиліне кіреді. Яғни, әр­кім­нің өзіне тән ережесі болмаса іс құр­дымға кететіні бар. Сондықтан дизай­нер мен маркетолог оқу орнының бұрын­нан келе жатқан құндылығын жоғалтпай, жаңа заманға бейімдесе игі. Сайып келгенде, PR бөліміне артылар жүк көбейді. Медиа, ақпарат беру тәсілі түр­ленген соң, аудитория сұранысы кү­шейді. Мысалы, бір ғана әлеуметтік желі­де­гі иірімге ілесіп, алғышартты орын­дау­дың өзі орасан зор пайда. Өйткені – бұл заманауи брендбук. Сондықтан білім беру саласындағы бренд қалыптастыруды ба­ла­бақшадан бастап, жоғары оқу орын­дарына дейін қолға алып жатыр. Байқа­саңыз, елорданың өзінде бәсекеге қабі­лет­ті, брендбугы толымды білім беру ме­ке­мелері көбейіп келеді. Сәйкесінше, са­пасына қарай бағасы да біршама.

Айбике ЖАНАСЫЛ