Ғылым жанкештілікті сүйеді – Фарух Машуров
Ғылым жанкештілікті сүйеді – Фарух Машуров
1,661
оқылды
Елімізде алгебрамен айналысатын ғалымдар саусақпен санарлық. Абстрактілі ғылым саласы болғандықтан, олардың жетістіктері де ел аузында көп айтыла бермейді. Математиктер мотивацияны неден алады, ғылымға адалдықты қалай түсінеді, неліктен оларды көп адам түсіне бермейді. Бұл туралы математик, Сулейман Демирель атындағы университеттің PhD үміткері Фарух Машуровпен әңгімемізде сұрадық. – Математиканың соңына түсіп, осы саланы зерттеп жүргеніңізге біраз жыл бо­лыпты. Оған қызығушылығыңыз қалай бас­­талды? Бұл жолда сіздің ықы­ла­сыңыз­ды оятып, ынтаңызды арттырған кімдер еді? – Жалпы, математикаға деген қызы­ғу­шылығым бала кезімде басталды, оған әкем үлкен ықпал еткен шығар. Әкем – құрылысшы-инженер, бала кү­нім­де мені жанына ертіп алып, мате­ма­ти­каның күнделікті өмірдегі қол­да­ны­сын түсіндіретін. Мысалы, үй салып, ір­гетасын құйып жатқанда, диагональ есеп­теуді және екі диагональ өзара тең бол­са, үй де түп-түзу болып шығатынын үй­рететін. Сосын мектеп қабырғасында жүр­генімде түрлі олимпиадаларға қаты­сып, шыңдала бастадым. Мектеп бітір­ген соң Сулейман Демирель универ­си­­тіне оқуға түстім. Сонда әуелі ұстаз­да­рым Бекзат Жахаевпен, Нұрлан Исмаи­лов­пен таныстым, ол кісілер – академик Ас­қар Жұмаділдаевтың шәкірттері. Олар­дан алгебраны, абстрактілі ой­лану­ды меңгердім. Бірінші курста жүр­генімде ғой деймін, бір күні Бекзат ағай­­­­ға барып: «Ағай, мен профессор бол­­ғым келеді. Ол үшін не оқуым ке­рек?» деп сұрағаным есімде. Кейін ол кі­сі мені Асқар Жұмаділдаевпен та­ныс­тыр­ды. Асқар ағайдың семинары әр жек­­сенбі күні таңертең ҚазҰУ-да өте­тін. Сонда біріміз Алматының ана бұ­ры­шынан, біріміз Қаскелеңнен ерінбей, уақытында жетіп баратынбыз. Онда небір ғылыми есептерді талдаймыз. Мені Асқар ағаймен таныстырған – Бекзат Жахаев, ғылыми сұрақты қою­ға үйреткен – Асқар Жұмаділдаев, ал оны шешуге үйреткен Нұрлан Исмаилов деп білемін. Осы үш ұстаз менің ғы­лым­да қалуыма үлкен ықпал етті. – Былтыр Президент қолынан «Ғы­лым» бағыты бойынша 3 млн теңгенің гран­тын алдыңыз. Сондай-ақ математика са­ласында қол жеткізген жетістіктеріңіз үшін «Дарын» жастар сыйлығын иелен­діңіз. Осы орайда өзіңіздің зерттеулеріңіз бен жобаларыңыз туралы айта кетсеңіз... – Менің ғылыми еңбектерім алгебра саласында, атап айтқанда, ассоциативті емес алгебралардағы құрылымдық есеп­­­­­терді зерттеуге негізделген. Же­тек­шім – академик Асқар Жұмаділдаев та осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Дис­сер­тациялық жұмысымның бір бөлігі ре­тінде мен интегралдармен тығыз бай­­­ланысты Төртқара алгебрасын зерт­тедім. Бұл ұғымды ғылымға Асқар Жұ­ма­ділдаев енгізген болатын. Алгебрада төрт ауыспалыдан тұратын бір функция бар. Солардың қандай да бір комби­на­циясы бір уақытта 0 болса, онда сондай алгебралардың жиынтығын Төртқара алгебрасы дейміз. Бүгінде ол әлемдегі бе­делді университеттерде де танымал бо­лып жатыр. Олар енді, әрине, Төрт­қара деп атамайды, Area of areas, қазақ­ша­лағанда, аудандардың ауданы деп атай­ды. Қазір Асқар Жұмаділдаев, Нұр­лан Исмаилов үшеуіміз Төртқара алгеб­ра­сын бірлесе зерттеп, мақала етіп шы­ғар­ғанбыз, сол мақалаға шетелдік ға­лымдар көп сілтеме береді. Кейбіреуі өзі­мізге де хабарласып жатады. Бұған, әри­не, қуанамыз. математиктер Қазір жетекшілеріміз ұсынған жо­ба­лармен жұмыс істеуді жалғастырып жа­тырмын және ассоциативті емес ал­ге­бралар мен олардың математиканың әртүрлі салаларында қолданылуы тура­лы көбірек білуге ынталымын. Барлық жас мамандар сияқты мен де әлі де үй­ренерім көп екенін түсінемін, сон­дық­тан математика саласындағы өз бі­лік­ті­лігімді үнемі жетілдіруге тыры­са­мын. – Елімізге ғана емес, әлемге әйгілі ака­демик Асқар Жұмаділдаевтың шәкірті болудың өзі үлкен сәттілік секілді. Ұста­зыңыздан үйренген тағылымыңыз қан­дай? – Асқар Жұмаділдаевтың ұстазым әрі жетекшім болғанына қуаныштымын. Ол кісіден алған тағылымым – еңбек­қор­лық пен ғылымға деген сүйіспенші­лік. Ол бізге ғылымның тек қана жұмыс емес, өмір салты екенін көрсетті. Бұл біз­­ді әріптестерге және жалпы ғылымға құр­метпен қарауға үйретеді. Сондай-ақ ол математиканы үйрену көп уақыт пен күш-жігерді қажет ететіндіктен, шы­дам­дылық пен табандылықтың маңы­зын атап көрсетеді. Математиканың адам­затқа қызмет етіп, өмірдегі көкей­кес­ті мәселелерді шешуі керек екенін ай­тып отырады. Жалпы, ұстазымнан ал­ған ең маңызды сабақ – ғылымға де­ген құштарлық пен адалдық деп білемін. Асқар ағайдың өз шәкірттеріне күр­делі есептер ұсынып, соны шығар­ған­дарға ақшалай сыйлық тағайындай­ты­нын еститінбіз. Қателеспесем, әлі сон­дай шешімі табылмаған үш есебі бар сияқ­ты. Ол кісінің айтуынша, матема­ти­каны түсінбейтін адам жоқ: тек бі­реуі­не тез, біреуіне кеш жетеді. Өзіңнің осы екі типтің қайсысына жататыныңды білсең болғаны. Бірде мынадай қызық болды. Әдет­те­гідей әріптестерімізбен, ұстазд­ары­мыз­бен жауабы қиын сондай есептердің бірін талқыладық. Үйге келіп, түнгі са­ғат 3-ке дейін тағы шығардым. Жауа­бын тапқанымда, қуанышым қойныма сый­май, Нұрлан Исмаиловқа жазып кө­ріп едім, ояу екен. Есепті шығар­ғаным­ды естіп, дереу «қане, ЗУМ-ға сіл­теме жібер» деді. Әрі қарай екеуміз он­лайн кездесіп, мен оған есептің шы­ғарылу жолын түсіндіргенмін. Түнгі 3-те. Былай сырттай қараған адамдарға біз­дің әрекет жындылық болып көрінуі мүм­кін, бірақ Асқар ағайдың өзі «мате­матик болу үшін жынды болуы керек» дей­тін. Ғылымда бірдеңеге жеткің кел­се, әуелі өзің осындай құрбандықтарға бара алуың тиіс. – Елімізде жастардың жаратылыстану бағытына қызығушылығы басқа салалар­мен салыстырғанда төмендеу екені бұ­рын­нан белгілі. Сіздің ойыңызша, бұған не себеп? Аталмыш проблеманы шешу үшін қандай амалдар жасауға болар еді? – Жастардың жаратылыстану ғы­лым­д­арына деген қызығушылығының тө­мен болуының себебі осы саладағы са­палы білімге қолжетімділіктің және оқы­тудың интерактивті түрлерінің жоқ­тығынан шығар. Сонымен қатар мұға­лімдер мен ғылыми қызметкерлер са­ны­ның жеткіліксіздігі де бұл саланың жас­тар үшін тартымдылығын төмен­детуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін мектептер мен жоғары оқу орындарында ғы­лымды насихаттауды белсендірек жүр­гізуге, оқытудың заманауи интерак­тивті әдістерін қолдануға және жастар­дың ғылыми жобалар мен байқауларға қатысуына мүмкіндік туғызған жөн деп ойлаймын. – Қазақстанда іргелі ғылымның даму деңгейіне көңіліңіз тола ма? Қандай әт­теген-ай тұстарды атап өтер едіңіз? – Қағазбастылықтан, есептіліктен арыл­сақ екен. Мәселен, бізде кейде зерт­теудің нәтижесінен гөрі оның есебі маңыздырақ болып кетеді. Сосын бізде жастарды ғылыммен таныстыратын, әліппесін үйрететін, қызықтыратын ма­ман­дар аз. Мысалы, алгебраның өзін алсақ, елімізде онымен санаулы ғана ға­лым айналысады. Менің осыған қар­ным ашады. Сондықтан бүгінде апта­сы­на екі рет өзімнен кіші студенттерге, ма­гистранттарға, докторанттарға семи­нар сабақтарын өткізуді дәстүрге айнал­дыр­дым. Онда алгебраға қатысты әр­түр­лі мақалаларды талқылаймыз, кітап оқимыз, есептер шығарамыз. – Ал қолданбалы ғылымның өркен жаюы үшін не керек? Бізде оған қандай фак­торлар кедергі? – Қолданбалы ғылымды дамыту үшін іргелі ғылыми білімдердің жақсы ба­засы болуы, сонымен қатар оларды прак­тикалық мәселелерде тиімді пай­далануды қамтамасыз ету қажет. Сон­дай-ақ соңғы технологиялар мен жаб­дық­тарға қол жеткізу, осы білімді тә­жірибеде қолдана алатын білікті ма­ман­дардың болуы маңызды. Фарух Машуров Қолданбалы ғылымның дамуын те­жей­тін факторлардың бірі – қаржы тап­­­шылығы. Ғылым саласын жет­кі­лік­сіз қаржыландыру қажетті зерттеулердің болмауына және жаңа технологияларды игеру мүмкіндіктерінің шектелуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар іргелі зерттеулер мен оны тәжірибеде қолдану арасында ті­келей байланысты орнату кейде қиын­ға соғады. Алған білімін практи­ка­лық тапсырмаларда қолдана алатын білік­ті кадрлардың болуы да маңызды фак­тор болып табылады. Осыған байла­ныс­ты жақсы білім беріп, біліктілігін арт­тыруға мүмкіндік беру қажет. Бұл мәселелерді шешу үшін ғылым­ды қаржыландыруды ұлғайтып, ғалым­дар мен өндірістің өзара тығыз бай­ла­ны­сын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен өнімдерді да­мытуға жұмыс істейтін зерттеушілерді ын­таландыру маңызды. – Бізде ғылыми орта қалыптасқан ба? – Өз салам бойынша айтсам, иә, қа­лыптасқан. Мысалы, Алматыдағы Ғы­лым академиясының Математика институты бар. Дәлізімен жүрсең, мүл­гіген тыныштық. Ал кабинеттерінің есі­гін ашып қалсаң, бәрі бас алмай есеп шы­ғарып отырады немесе әлдебір та­қырыпты қызу талқылап отырады. Қа­рап тұрып қызығасың. Бастысы, сол ор­таға кіре алу керек. – Шетелдік ғалымдармен немесе ғы­лыми институттармен, ұйымдармен кол­л­аборация дұрыс жолға қойылған ба? Мысалы, отандық ЖОО-лар өзге елдегі пәлен университетпен әріптестік орнат­тық деп жарыса айтқанымен, іс жүзінде оның игілігін көріп жатқандар көп емес. Халықаралық ынтымақтастық дұрыс жұмыс істеу үшін не керек деп ойлайсыз? – Қазақстанда шетелдік ғалым­дармен және ғылыми мекемелермен ын­тымақтастық тәжірибесі бар бірқатар ғы­лыми институттар мен университет­тер бар. Дегенмен, менің ойымша, ха­лы­қ­аралық ынтымақтастық дұрыс жұ­мыс істеуі үшін бірнеше шарт орын­далуы керек. Біріншіден, әртүрлі елдер­дің ғылыми мекемелері мен универ­си­тет­тері арасындағы өзара іс-қимылдың нақ­ты және ашық механизмдерін құру, сон­дай-ақ ынтымақтастықтың мақ­сат­тары мен міндеттерін анықтау маңызды. Екін­шіден, ғылыми саладағы халық­ара­лық ынтымақтастыққа қатысты жо­баларды қаржылық және ұйымдастыру­шылық жағынан қамтамасыз ету қажет. Үшіншіден, әртүрлі елдердің ғалымдары арасында тәжірибе және білім алмасу үшін жағдай жасау, мысалы, кон­фе­рен­циялар, семинарлар, тағылымда­ма­лар және өзара әрекеттестіктің басқа да нысандарын ұйымдастыру қажет. Ақы­рында, ғылым мен ғылыми зерттеулерге көбірек адамдарды тартуға көмектесетін ғылыми мәдениетті және оның қо­ғам­дағы маңыздылығын түсінуді дамыту маңызды. Жалпы, ғылыми саладағы ха­лықаралық ынтымақтастықты жақ­сарту мемлекет тарапынан да, ғы­лыми қауымдастық тарапынан да күш-жігерді қажет етеді. – Математика сізге не берді? – Математика маған интеллектуалды ой­лауды үйретті. Бір әзіл әңгіме бар ғой. Өрт болып жатқан бір бөлмеге физик, хи­мик, математик үшеуін кіргізіп жі­беріп­ті. Тапсырма – проблеманы жою. Физик ойланып тұрып, бір шелек су құйып, өртті өшіріпті. Химик те солай іс­тепті. Математик келіп алып, дәп­те­ріне әлдебір формулаларды шимайлап-шимай­лап, парақтың ең соңына: «Иә, бұл өртті өшіруге болады» деп жазып, қо­лын қойып кеткен екен. Сол секілді біз­дер берілген проблеманың шешімі бар не жоғын ойланамыз. Ақырғы жауап­ты іздеу жолының өзі тамаша ра­қат сыйлайды. Бәлкім, оны түсіну үшін, шынында да, Асқар ағай айтпақшы, «жын­ды» болу керек шығар... – Әңгімеңізге рақмет!