Елорда төрінде отандық сериал контентіне арналған Nauryz ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды. Елге белгілі актерлер қызыл кілеммен жүріп, жүрекжарды лебізін білдірді. Бағамдасақ, олар да ұзақ жылдан бері мұндай байқаудың болғанын қалаған. Мәселен, киноиндустрия саласында әлемде «Оскар», әр елде түрлі байқау бар. Актерлер сондай байқаудың елімізде өтетініне, министрліктің елегеніне дән риза.Асыға күткен байқау
Иә, Nauryz ұлттық бәйгесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет өтіп жатыр. Бәйгеде 2021 жылғы 1 қаңтар – 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығында телеарна эфиріне, YouTube арнасына шыққан сериалдар мен шығармашылық топ өкілдері 13 номинация бойынша бақ сынады. Байқауға өтінім 15 наурызға дейін қабылданды. Бұл іс-шара Ұлттық телехикаялар премиясы сериал контентін дамытуды қолдау, отандық және халықаралық онлайн-платформаларда, телеарналарда отандық телехикаяларды көрермен арасында танымал ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Конкурста «Үздік тарихи сериал», «Үздік драмалық сериал», «Үздік комедиялық сериал», «Үздік веб-сериал», «Үздік актер», «Үздік актриса», «Екінші пландағы үздік актер», «Екінші пландағы үздік актриса», «Үздік режиссер», «Үздік сценарист», «Үздік қоюшы-оператор», «Үздік монтаж», «Үздік саундтрек» номинациясы иегерлері белгілі болды.
«Өздеріңізге белгілі, Наурыз – жаңару мен гүлденудің, өсу мен өркендеудің символы. Сондықтан бұл ұлттық бәйге отандық сериалдардың да өсіп-өркендеуіне септеседі деп үміттенеміз. Жалпы, елімізде кейінгі жылдары креативті индустрия, телесериалдар қарқынды дамып келеді. Қазір бізде сан да, сапа да арта бастады, қаражат жағын да көбейтуді қарастырып отырмыз. Қазір отандық сериалдар ішкі және сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие. Бұрын үндінің «Келініне» телміретін көрермен қазір өзіміздің «Келінжан» мен «Аппақ келінді» көреді», – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрінің міндетін атқарушы Дархан Қыдырәлі.
Байқауға келсек, алдымен «Үздік тарихи сериал» аталымының жеңімпаздары анықталды. Әділқазы алқасының шешімімен бұл марапатты Qazaqstan ұлттық арнасы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы жеңіп алды. Сонымен бірге жүлдеге «Қаныш. Қазына», «Қызыл жебе», «Мәншүк» сериалы таласқа түскен еді. Ал «Үздік драмалық сериал» номинациясында да Qazaqstan ұлттық арнасының «Ақжауын» туындысы үздіктер қатарынан көрінді. Мұнда «Бірге бол», «Рауза. Сакураның гүлдеуі», «Шанхай» телехикаясы шорт-тізімге енген-ді.
Сондай-ақ көрермен көзайымына айналған «Келінжан» «Үздік комедиялық сериал» атанды. Шорт-тізімге «Бажа», «Күйеу бала», «Патруль» туындылары да енді. «Үздік веб-сериал» номинациясына келсек, «Аппақ келін», «Ойна», Serjan Bratan, «5:32» сериалдары бақ сынады. Нәтижесінде, Salem Social Media түсірген Serjan Bratan жеңіске жетті.
Берері көп жүлде
Ары қарай «Үздік актер» жүлдесі Serjan Bratan сериалында басты рөлді сомдаған Дулыға Ақмолдаға бұйырды. Бұдан бөлек, қысқа тізімде Аян Өтепберген («Ақжауын»), Әбунасыр Серіков («103»), Берік Айтжанов («Ангел-хранитель») бар еді. Ал «Үздік актриса» жүлдесін «Няня» сериалының бас кейіпкерін сомдаған Жанель Серғазина жеңіп алды. Үміткерлер қатарында Ақбота-Нұр Сейтмағамбет («Бақыттың кілті»), Анна Оразбаева («Қаныш. Қазына»), Дариға Бадықова («Келінжан») болған еді.
«Екінші пландағы үздік актер» марапатына келсек, «Келінжан» сериалындағы рөлі үшін Рүстем Жаныаманов үздіктер көшін бастады. Бұл аталымда Әділжан Шомбалов («Патруль»), Ғани Құлжанов («Ақжауын»), Нартай Сауданбекұлы («Ахмет. Ұлт ұстазы») бақ сынаған-ды. «Екінші пландағы үздік актриса» жүлдесін «Ақ пен қара» сериалына түскен Камалия Байтелеуова жеңіп алды. Ол Әйгерім Жаңылбаева («Медеуде кездесейік»), Зарина Кармен («Міржақып. Оян, Қазақ!»), Райхан Айтқожанова («Қимылдаған қыр асар») арасынан қара үзіп шықты.
«Өте жақсы бастама. О бастан осындай премия ұйымдастырылуы керек еді. Мұндай бәйге шабыттандырады, күш береді, жігерлендіреді. Өзіңді елеулі сезінесің. Қазақ өнері жасай берсін. Nauryz бәйгесі – біздің «Оскар». Шыны керек, осында келгеніме қуаныштымын. Негізі, «Келінжан» әлдеқашан халық жүрегінен орын алған сериал. Бесінші маусымда кейіпкерімнің образы өзгереді», – деді Рүстем Жаныаманов.
Сондай-ақ «Үздік режиссер» номинациясында Ернар Нұрғалиев («Келінжан»), Ерлан Нұрмұхамбетов («Қаныш. Қазына»), Қанағат Мұстафин («Тағдыр тасы»), Мұрат Есжан («Міржақып. Оян, қазақ!», «Ахмет.Ұлт ұстазы») бәсекеге түсті. Нәтижесінде, «Қаныш. Қазына» сериалын таспалаған Ерлан Нұрмұхамбетов жеңімпаз атанды. «Үздік сценарист» жүлдесі Mystan сериалының сценарийін жазған Бекзат Мырзахметова еншісіне бұйырды. Шорт-тізімге Әмір Әменов («Қаныш. Қазына»), Гүлнұр Мамасарипова («Келінжан»), Майя Искакова («Няня») бар еді.
«Үздік қоюшы-оператор» аталымында Асқар Серікқазин («Әке мен әке»), Ернұр Рысбаев («Ақ пен қара»), Қазбек Әміржанов («Жусан иісі») арасынан Бағдат Арғынов жеңімпаз атанды. Ол танымал Sheker, Serjan Bratan, «5:32» сериалының басы-қасында жүрген. «Үздік монтаж» сыйлығы «Хабар» телеарнасындағы «Ақ пен қара» сериалындағы жұмысы үшін Рақымжан Яхьяровқа табысталды. Жүлдеге таласқандардың арасында Ақан Мұсақұлов («Женатики»), Бауыржан Нұркеев («Қаныш. Қазына»), Төребек Бейсебаев («Ақжауын») бар еді. Ал «Үздік саундтрек» марапаты Sheker веб-сериалына жазылған Sheker әні үшін Дархан Жүнісбековке (Darkhan Juzz) берілді. Айта кетерлігі, Дархан Жүнісбеков осыдан бірер ай бұрын Тайландта жол апатынан қаза тапқан еді. Белгілі композитор Ринат Гайсин жүлдені Жүнісбековтың балаларына табыстады.
Кеш соңында «Патруль» сериалына «Шетелге көп сатылған үздік коммерциялық сериал» марапаты қосымша табысталды. Жүлдені BasProduction ұйымының продюсері Ақылбек Досжан алды. Оған қоса, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы сериалдарының бірі «Тоғысқан тағдырлар» (Перекресток) туындысына Nauryz арнайы жүлдесі берілді. Марапатты сериал кейіпкерлерін сомдаған Бақытжан Әлпейісов пен Венера Нығматуллина алды. Жеңімпаздарға NAURYZ арнайы мүсіншесімен бірге 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.