Азаматтардың банкроттыққа өтініші қабылданбай жатыр. Неге?

Азаматтардың банкроттыққа өтініші қабылданбай жатыр. Неге?

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қазақстандықтардың соттан тыс банкроттық рәсімінен бас тартуының негізгі себептерін атады. 3 наурыздан азаматтардың банкроттыққа арыздарын қабылдау басталды. 2023 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша, қазақстандықтардан 34 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бүгінде 10 мыңнан астам өтінішті тексеру аяқталды. Тексеру қорытындысы бойынша, 7 мыңнан астам өтініш беруші 1414 сервисі арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартты. Ержан Біржанов азаматтардың банкроттығынан бас тартуына негіз болған 6 себепті атап өтті: Кредиттік бюроның мәліметі бойынша, 6 713 тұлғада 12 ай ішінде берешекті ішінара өтеуі бар немесе берешек сомасы 1 600 АЕК-тан асады; Еңбек және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету министрлігі 1 846 тұлға бойынша 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алушы екенін растаған жоқ; 1 463 тұлға жұбайының болу фактісін көрсетпеді, сәйкесінше олардан рәсімді қолдануға келісім алған жоқ; Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, 1 349 тұлғада меншік құқығында жылжымайтын мүлік бар; Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 941 азаматта жер учаскелері бар; 789 азаматтарға автокөлік тіркелген (Ішкі істер министрлігі мәліметі).

“Осындай рәсімді қолданудан бас тарту туралы хабарламаны алған жағдайда соттан тыс банкроттықтың негіздеріне сәйкес келгенде арызды қайтадан 3 айдан кейін беруге болады”, – деді вице-министр.
Сонымен қатар  ол бас тарту себептерін жою үшін қазақстандықтарға тиісті уәкілетті органдарға жүгінуді ұсынды: кредиттің сомасы, оны өтеу мерзімдері бойынша – тиісті банкке, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттікке; мүліктің бар болуы, заңды тұлғаларда қатысу бойынша – Әділет органдарына (ХҚКО, электронды үкімет порталы); автокөлік бойынша – ішкі істер бөлімдерінің аумақтық бөлімшелеріне немесе мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына (бар болған жағдайда); жер учаскелері, ауылшаруашылық жануарлары және арнайы техника бойынша – жергілікті әкімшілікке; жеке кәсіпкерліктің болуы бойынша – мемлекеттік кірістер органдарының аудандық бөлімшелеріне.
“Егер де борышкерге мүліктің болуы себебінен соттан тыс рәсімінен бас тартылған жағдайда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану бойынша арызбен тұрғылықты жері бойынша аудандық сотқа жүгінуге болады”, – деп қосты Ержан Біржанов.