Медициналық колледждердің білім беру сапасы төмен. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында Сенат депутаты Серік Бектұрғанов айтты.
«2019 жылы еліміздегі 80 колледждің 21 мыңға жуық түлегінің біліміне бағалау жүргізілді. Жалпы, елімізде медицина мамандарын даярлайтын 85 колледж бар. Орташа көрсеткіш – 75 балл. Білімін дәлелдей алмағандардың үлесі 3 пайыз болды. Ең төмен нәтижені бір мемлекеттік және 27 жекеменшік колледж көрсетті», – деді сенатор.
Оның айтуынша, Алматы қаласындағы Мәриям медицина колледжі түлектерінің шамамен 80 пайызы шекті балды жинай алмаған. Оңтүстік Қазақстан медицина колледжі түлектерінің – 41 пайызы, Шымкенттегі Орталықазиялық медицина колледжі түлектерінің 38 пайызы білімдерін дәлелдей алмады. Бұған қоса, білімін растай алмаған студенттерге диплом беру фактілері де кездеседі. «Тіпті, емтиханға мүлдем келмегендерге де диплом берілген. Ал бұл – өрескел заңбұзушылық. Мұндай жайттар орта кәсіби медициналық білім беру жүйесіндегі түсініксіз жағдайға байланысты болып отыр. Олар білім беру жүйесінен білім беру қызметіне лицензия алады. Ал қалғанының бәріне облыстық денсаулық сақтау басқармалары жауап беруі тиіс. Жекеменшік медициналық колледждер өкілетті органдар тарапынан да, білім беру саласынан да, денсаулық сақтау саласынан да бақыланбайды. Бұл жағдайды тез арада реттеу қажет», – деді Серік Бектұрғанов.