«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді?

«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді?

Өткен аптада, 30 наурыз күні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінде отандық өндірушілер «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының тиімділігі аздығы бойынша кездесу өтті. Кездесуге қатысушылар – азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша қауымдастықтар мен салалық одақтардың басшылары бағдарлама отандық өндірушілердің мүдделерін қалай қорғауы тиіс екенін айта отырып, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының жоспарлы түрде қолға алынбағанынан  өнеркәсіптің зардап  шегіп отырғанына   алаңдаушылығын білдірді. «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын жоспарлы түрде жүргізуге байланысты кәсіпкерлер тікелей жұмыс тобын құрып, министрліктердің басын қосып, талқыға салуды ұсынамыз. Сөйтіп бағдарламаға қатысты бизнестің барлық түріне қатысты түзетулер мен ескертулер енгізіп, Үкіметке өз ұсынысымыз бен толықтыруларды жазбаша түрде ұсына аламыз. Сонда ғана ісіміз алға басады, елдің экономикасы көтеріліп, ішкі айналым жүре бастайды», – дейді «Қазақстан Сүт одағының» директоры Владимир Кожевников. «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының негізгі мақсаты – сапалы отандық өнімді жан-жақты қолдау, қазақстандық өндірушілерге өз өнімдерін сауда желілерінде ілгерілетуге көмектесу. Тоқ етері, қазақстандық өнім ең жақсы сауда алаңдары мен неғұрлым тиімді сату шарттары ұсынылуы тиіс. Алайда жыл басынан жаңадан әзірленген бағдарламада кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын нақты тармақтар көрсетілмеген. Кәсіпкерлердің айтуынша, отандық өнімдер бөлшек сауда сөрелерінің 70%-на дейін қамтылу керек. Бірақ қазірдің өзінде отандық азық-түлік өнімдеріне арналған сауда сөрелерінің 50% және өнеркәсіптік тауарларына 10% бөлу туралы ұсыныс талқыланып жатыр. Ал іс жүзінде отандық өнімге бөлінген сауда сөрелері тым аз. Тіпті, кез келген дүкеннен отандық өнім табыла бермейді. Себебі, көп сауда желілері үстемді көздерінде, сондықтан олар шетелдік өнімге көбірек орын береді. – Мұның салдары үкіметке, елдің экономикасына әсер етеді. Әрине, сауда экономиканың қажетті элементі. Импорт болмай сауда нарығы да жүрмейтіні белгілі. Біздің бір ғана талабымыз – отандық өндірушілердің жағдайын қарастыру. Жай ғана аты бар бірақ заты жоқ бағдарламаны көз қылудың қажеті жоқ. Бағдарламаның кәсіпкерлерге берер нақты артықшылығы болуы тиіс. Ал біз "баяғы жартас, сол жартас" күйінде әлі отырмыз. Әлі күнге дейін азық-түлік нарығында сауда желілері үстемдік етіп, талаптарды өздерінің ыңғайына қарай қояды. Мұнысы  отандық өндірушіге мүлдем пайдасы жоқ. Екіншіден, елдегі ішкі өндірісте тұрақтылық жоқ. Салдарынан жұмыс орындары қысқартылып, мемлекеттік бюджет зардап шегеді. Сондықтан кез келген табысты ел секілді өзіміздің ішкі өндірісті дамытуға, оны қолдауға ұмтылайық. Себебі, елдегі өндіріс экономика үшін өте маңызды фактор, – деді Сауда кәсіпорындар қауымдастығының төрайымы Жібек Әжібаева. Азық-түлік өндіру индустриясы отандық өндірушілердің мүдделеріне назар аудара отырып, мемлекеттік реттеуді қажет ететінін көрсетіп отыр. Ол үшін алдымен сауда ережелеріне қатысты заңнаманы қайта қарап, импортты бақылауды күшейту қажет. Бағдарламаны әзірлеушілер кәсіпкерлер белгілеген осал тұстарына назар аудармастан оның жауапкершілігін өндірушілердің өздеріне жүктегісі келеді. Салалық одақтар өкілдерінің пікірінше, «Қазақстанда жасалған»  белгісімен тауарды ерікті сертификаттау жүйесінің негізгі идеясы жауапкершілікті өндірушілерге арту және солардың қаражатына жасау болып көрінеді. – Бүгінде бағдарламамен еліміздің кәсіпорындары өндірген тауарлар таңбаланып, «Қазақстанда жасалған» белгісінің жаңа дизайнын талқылаумен ғана шектеліп қалған. Әдемі логотиптің артында елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізін құрайтын отандық тамақ өндірісін қолдау жөніндегі нақты іс-шаралар кешені болуы керек екенін ұмытып кеткен. Бағдарламаның аясы кеңейіп, енді кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауы тиіс. Мысалы, жоқ қызметтерді, әртүрлі ретро-бонустарды, сатылған тауар үшін алты айға дейін пост-төлемдерге тосқауыл қояды деп үміттенемін.  Сондай-ақ, импорттық өнімдердің сапасын тексерудің қатаң талаптары жоқ. Жасыратыны жоқ, импорттаушылар көбінесе жергілікті заңдардың талаптарын орындамайды, ал олар жеткізетін көп өнім – ең төмен сапада. Егер нарықты осындай күмәнді тауардан тазартса, отандық өнім де дұрысталар еді, – дейді Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріпов. Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық сауда желілері тарапынан отандық өндірушілер үшін үстем жағдайлар жасау маңызды. «Өндірушілердің көзқарасын тыңдадық. Сөзсіз жергілікті өндірушілерде басымдық болуы тиіс. Соңғы геосаяси оқиғаларға байланысты біздің осал тұстарымыз байқалдық. Сондықтан мұндай бастама қолдау табуы керек. Жауапты ведомстволар отандық өндірушілердің ескертулері мен тілектерін ескеріп, құлақ асады деп ойлаймын. Сөйтіп, «Қазақстанда жасалған» бағдарламасының ел ішіндегі өндірісті дамуына  жұмыс істейтін құрал болады деп үміттенеміз», – деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары, агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Ербол Есенеев. Дөңгелек үстел қатысушылары мемлекет пен «Қазақстанда жасалған» бағдарламасын әзірлеушілерімен жүздесіп, кәсіпке байланысты көптеген мәселелерді пысықтауға дайын екенін жеткізді.