Жуырда Қостанай облысының сот алқасы «Тұлпар-Тальго» пойызындағы зорлау ісіне қатысты апелляциялық шағымды қайта қарады. Бұрынғы жолсеріктер Қолқанат Құрманияз бен Жетес Үмбетәлиевке шығарылған үкім өзгеріссіз қалды. Сонымен, әділдік салтанат құрып, кінәлілерге жаза тағайындалды. Алайда зорланған әйелдің қорланған ар-намысын қайда қоямыз?
Отарбадағы оғаш оқиғадан кейін қоғамның бір бөлігі, тіпті жәбірленушінің өзі де жолаушылар пойызында әйелдерге арналған вагон немесе купе жасау керек деген пікір білдірді. Бірақ бұл ұзақ талқылауды, зерттеп-зерделеуді, орасан қаражатты қажет ететін ұсыныс. Қазір қазақстандықтар кассадан тек орын таңдай алады. Ал купені кіммен бөлісетіні, үзеңгі жолдасы кім болатыны әйнектің арғы бетіндегілерге ғана белгілі. Заң бойынша жолаушыларға ондай ақпарат берілмейді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өкілдерінің хабарлауынша, әзірге әйелдер вагоны мен купесін енгізу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Өйткені ол экономикалық жағынан тиімсіз екен. 1 вагонның бағасы 1 млн долларға пара-пар.
– Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен келіп түсетін талаптар, тасымалдау ережелері бар. Егер министрлік тасымалдаушыда әйелдер купесі болу керек десе, онда орындаймыз. Қазір мұндай бастама қаралып жатқан жоқ. Осындай шара компанияға көп шығын әкеледі. Мысалы, екі қыз жолға шықты делік, басқа ешкім шықпады, купе жартылай бос қалады, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Сервис және клиенттермен жұмыс департаментінің директоры Әлібек Сұлтанов.
Сөйте тұра, ҚТЖ төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов ұлттық компания басшылығы жолаушылардың қауіпсіздігіне 100 пайыз кепілдік бере алмайтынын мойындайды.
– Республика пойыздарында бес мыңнан астам жолсерік жұмыс істейді, олар жұмысын қаншалықты адал атқаратынын болжауға ғана болады, – дейді Қ.Әлмағамбетов.
Әрине, теміржолға жаңадан шығарылып, пойыз құрамына қосылып жатқан вагондар бейнебақылау камераларымен жабдықталып жатыр. Дегенмен оны да аса бір жұбатарлық шара деу қиын. «Тальгодағы» оқиғада өзгенің купесін қызметтік кілтімен ашқан жолсеріктерге камераны сөндіре салу ештеңе емес деп ойлаймыз. Сонда қайтпек керек?
Негізі, қоғамдық ерлер мен әйелдерге бөлек билет сату тәжірибесі әлемде баяғыдан бар. Үндістан, Жапония, Таиланд, Бразилия, Мысыр, БАӘ, Ресей елдерінде вагондар не купелер адамның жынысына қарай жіктеледі. Мәселен, Таиланд билігі ерлердің сұқ көзінен қорқатын қыз-келіншектерге жеке вагон түрлерін шығаруды 2014 жылы қолға алды. Сол жылы теміржол қызметкерлері 13 жастағы қызды зорлап өлтірген соң тай қоғамында үлкен дау-дамай көтерілген. Халық үніне құлақ асқан үкімет әйелдер қауымының қауіпсіздігіне байланысты қатаң шешім қабылдады. Бұл шешімді жүзеге асыру оп-оңай: кәдімгі пойыз тізбегіне әйелдерге арналған екінші класты вагон жалғанады; вагонға кіретін ұл балалардың жасы 10-нан, бойы 150 см-ден аспауы тиіс.
Әйтсе де, кей сарапшылардың ойынша, мұндай шаралар гендерлік кемсітуге жол ашатын көрінеді. Азаматтарды қандай да бір ерекшелігіне (жыныстық, нәсілдік, ұлттық, діни, т.с.с.) қарап бөлуге болмайды. Ең бастысы, нәзік жандыларды сыйлап үйренген дұрыс. «Қоғам мүшелері көп жағдайда әйелді тең құқықты серіктес емес, қырындаудың, жақындасудың нысаны деп санайды. Бұл – қате көзқарас», – дейді феминистер.
Бауырлас Түркияда ер мен әйелді автобуста да, пойызда да бірге отырғызбайды. Бірге отыру үшін билет сатып аларда жақын адам екеніңді, тым құрыса, таныс екеніңді дәлелдеуің керек. Қоғамдық көлікте қысылып тұрса да, әйелдің жанына еркек, еркектің жанына әйел барып отырмайды. Алайда одан түрік қоғамында азғындық азайды деп айта алмаймыз. Түркия қыз-келіншектерді зорлау мен балалар порносын көру жөнінен дүниежүзінде алдыңғы ондыққа кіреді. Интернетте қатты тыйым салынғанына қарамастан, күніне жүздеген сайт ашылып-жабылады.
Жалпы, тыйым мен шектеу көп жерлерде күнә көп жасалады деседі. Айталық, католик шіркеуінің орталығы Ватиканда бала зорлау (жынысына қарамастан) көрсеткіші өте жоғары. Араб елдерінде әйел зорлау деректері жиі тіркеледі. Әйтпесе, кейбір мұсылман мемлекеттерінде жанында туысқаны болмаса, көпшілік орындарда әйелдерді жүргізбейтін заңдар да бар. Ал нәтижесі жаңағыдай. Сондықтан қоғамда жақ-жаққа бөлетін заңның керегі жоқ деп есептейміз. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында отырып, ондай қадамға барғанымыз – санасыз қоғам екенімізді мойындаумен тең.
Ерсайын БАҒДАТ