GGG: күнгей мен көлеңке
GGG: күнгей мен көлеңке
756
оқылды
Түріктерде «өнер адамы үшін маңыздысы – камера жарығы қосылғанда жанып, өшкенде сөніп қалудан қорқу» деген тәмсіл бар. Сірә, өмірін спортқа арнағандарға да осы сөздің қатысы бар. Мәселен, кәсіби бокста жарқын із қалдырып келе жатқан Геннадий Головкин жақында мансабын уақытша тоқтатты. Жасы – қырықта. Ендігі сауал – Геннадий үзілістен кейін шаршы алаңға орала ма? Есей Жеңісұлы Есей ЖЕҢІСҰЛЫ,  сарапшы: Головкин – бір қайнауы ішінде кеткен талант – Негізі, Голов­кин­нің мансабын аяқ­тайтын уақыты әлдеқашан келген-ді. Канеломен өткен үшінші жекпе-жек Головкиннің әбден «қартайғанын», енді жоғары деңгейді ұстап тұруы қиын екенін көрсеткендей болды. Жанкүйерлік көңілмен «мына раундта серпілер, жоқ осы раундта серпілер, чемпиондық раундта барын салар» деумен күттік. Шынында, бары сол болды ма, әлде басқа фактор әсер етті ме, баяғы Головкинді танымай қалдық. Сондықтан оның IBF, WBА чемпиондығынан бас тартып жатқанын және DAZN-мен келісімшарт мерзімінің аяқталып жатқанын ескерсек, енді қайтып алаңға шығуы екіталай деуге негіз бар. Қазір Головкиннен аса бір ерлік күту қиындау. Әттеген-айы, шарықтап тұрған төрт жылын болмайтын адамдарға сеніп өткізіп алды. Әйтпесе, артына қарағанда өкінетін ештеңе жоқ деп ойлаймын. Меніңше, қазір ешбір боксшы Мұхаммед Әлидің деңгейіне жете алмайды. Өйткені сол шақта ақша бірінші орынға шықпаған еді. Ал қазір атағы шыққан, әлем чемпионы титулына жеткен, бір сөзбен айтқанда, жарнама әкеле алатын кәсіпқой боксшының барлығы боксқа бизнес ретінде қарайды. Иә, Головкиннің феноменге айналғаны рас. Белгілі бір тұрғыда отандық боксшыларға қатысты әлем пікірін өзгерткені де рас. Бірақ еліміздегі былғары қолғап шеберлеріне сара жол көрсете алмады. Әли Ахмедовты біраз жетектеді. Былайша айтқанда, өз қамын күйттеген, бизнесін алға жылжытқан тұлға ретінде жүр. Одан ерекше қамқорлық, басқа да нәрсе күту қиын. Сондықтан отбасымен бірге Америкадағы тіршілігін жалғастырады деп ойлаймын. Иә, Сауль Альвареспен өткен трилогияға қазір баға бере алмаймыз. Біршама уақыт өткен соң біраз шикілік шығуы мүмкін. Головкин шау тартып, «жоғалтар ештеңем жоқ» дейтін шақта шындық ашылар. Өйткені жұмбақ көп. Айталық, трилогия осы дәуірдің ең ұлы боксшыларының кездесуі болғаны рас. Алғашқы екі кездесуге жұрттың дауы көп. Кейінгі үшінші жекпе-жек екеуінің рингке құры қол сілтеуге шыққанын көрсетті. Шынында да, екеуі де атағының құрбанына айналып, қазыққа байланып қалды. Канелоның біресе жартылай ауыр салмаққа, біресе басқа салмаққа ауысып жүруі – таза бизнес. Головкин болса, Саульден жеңілген соң орта салмақтағы барлық белбеуді жинаймын дейтін ойынан арылып, бизнес жағына ойысқандай. Сондықтан бұл екеуі боксқа пайдасын да, зиянын да тигізді. Жалпы, Геннадийді әуесқой бокста барын көрсете алған боксшы деп есептемеймін. 2004 жылы ол Олимпиада чемпионы еді. Бірақ түрлі жағдай әсер етіп, дегеніне жете алмады. Әйтпесе, Гайдарбек Гайдарбеков дегенді бір қолмен ұрып, құлатып жүрген боксшы. Бұл кездесудің тарихы да қазір жұмбақ. Уақыты келгенде өздері ақтарылар. Менің ойымша, Головкин – кәсіпқой бокс дейтін әлемді елімізге ғана емес, ТМД-ға ашқан жігіт. Бұл тұрғыдан келгенде оны жоғары бағалаймын. Әнұранымыз қаншама мәрте асқақтағанын ұмытуға болмайды. Дегенмен «бір қайнауы ішінде кеткен талант» деп есептеймін. Мұндай талантпен әлемді ашса, алақанында, жұмса, жұдырығында ұстап отыра алатындай азамат еді. Рашид Тұрғанбаев Рашид ТҰРҒАНБАЕВ,  сарапшы: Ішкі мәдениеті жоғары боксшы – Генаның мансабын аяқтағаны дұрыс деп ойлаймын. Кәсіпқой бокс үлкен бизнес екені даусыз. Дегенмен Геннадий Головкиннің бүгінге дейін жиғаны жетерлік және еліміз үшін де, әлем үшінде кәсіпқой боксқа қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сондықтан да бокста ұзақ уақыт қалу өте қиын. Генаның бұдан ары шаршы алаңда емес, мансабын бокс менеджері ретінде жалғастырса өте орынды болар еді. Әрине, Геннадий Головкинді кәсіпқой бокста айтарлықтай із қалдырды деуге негіз бар. Қазір қазақ даласындағы кез келген жас балаға бокс жайлы сөз айта қалсаң, Генаның есімін атайды. Бұл Головкиннің Қазақстан үшін кәсіпқой боксқа және әлемге жол салған былғары қолғап шебері екенін айқындайды. Әрине, аты аңызға айналған Мұхаммед Әлидің деңгейіне жеткен жоқ. Ол – өшпейтін жұлдыз. Гена біз үшін шоқ жұлдыз болғаны­мен, әлем үшін сан жылдар өткесін көмескілене беретіні хақ. Иә, Саульмен үшінші рет кездесуі бокс кешін ұйым­дастырушылар үшін өте тиімді болды. Мәселе үлкен қаражатқа келіп тіреледі. Алты салмақта әлем чемпионы атағын иеленген Оскар Де Ла Хойяның қазынасын толтыратын жекпе жектің бірі болды. Сол үшін кездесуді өткізді және жанкүйерлер үшін қызықты болды деп ойлаймын. Өз басым Головикинге үлкен құрметпен қараймын. Спортшы болу оңай емес. Чемпиондыққа жету жолында түрлі қиындықтан өтті. Осындай ауыртпалыққа төзе білген адам ғана чемпион бола алады. Ал Геннадий Головкин дәл сондай адам. Оның ішкі мәдениеті өте жоғары, қазақтың ұлы қасиеттерімен біте қайнасқан спортшы деп атар едім. Аслан Қаженов Аслан ҚАЖЕНОВ,  сарапшы: Боксқа қайта оралу физикалық, психологиялық түрде ауыр – Меніңше, Гена­дий Головкиннің осы жерден мансабын аяқ­тағаны жөн. Өйт­кені жасы келді, оның үстіне атақ-абы­рой жинады. Кейінгі екі жекпе-жегін сараласақ, бұрынғы­дай ауыр соққылар жоқ, ерекшелігін жоғалта бастаған. Әрине, уақыт өз дегенін алады. Голов­кинге шаршы алаңға қайта оралу физ­икалық, психологиялық тұрғыдан ауыр болмақ. Бірақ бокстың айналасындағы мамандар, промоутерлер мен жанкүйерлер оның қайта оралғанын қалайды-ақ. Мұны түсінуге болады, жанкүйерлерге қызық, мамандарға ақша керек. Сарапшы ретінде айтарым, ендігіде топ қарсыласпен алаңға шықпай-ақ, ортаңқол қарсыласпен кездесу өткізіп, мансабын аяқтауға шешім қабылдаса игі. Әрі осы бокс кеші елімізде өте керемет болар еді. Бұл – көпшіліктің қалауы. Ол Қазақстанда кездесу өткізсе, ел салған ақшаның ақталғанын көрер ек. Жалпы, оның кәсіби бокста айтарлықтай ізі қалды. Мұны ешкім сызып тастай алмайды. Головкиннің жетістігі жетерлік. Жыл боксшысы атанып, «Алтын қолғап» алғаны тағы бар. Ең үздік джебтің авторы. Бірнеше белбеуді біріктірді. Отандық бокс үшін рекордтық, тарихи нәтижені тіркеп кетті. Шапанды брендке айналдырды. Одан кейін Шавкат октагонға тымақ, Мадияр Әшкеев тақия, Айдос Ербосынұлы бүркіт алып шығатын болды. Қозғалыс әкелді, ұлтты рухтандырды. Айта кетерлігі, мансабының шыңы – Сауль Альвареспен өткен үш жекпе-жек. Бірақ көпшіліктің реніші жоқ дей алмаймыз. Ол өзінің жекпе-жек кешінде қазақстандық және қазақ боксшыларын көп шығармады. Әли Ахмедов бірнеше рет шықты. Данияр Елеусінов сияқты боксшылар бірнеше рет өнер көрсетуге сұранды. Кейіннен ренішін білдірді. Қысқасы, көбін жанына тартпады. Әрі ізін қалдырар ешкімді тәрбиелемеді. Әрине, бұл өзінің жеке таңдауы. Альвареске келсек, Атыраудың Сүлеймен промоушн командасымен бірнеше жыл бойы жұмыс істеп жатыр. Айдос Ербосынұлы сол жерде жаттықты. Кейіннен Бек Нұрма­ғамбетов, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Евгений Павлов сияқты жігіттер Альварес жанында жаттығады. Ол шапан киіп, наурыз мерекесімен құттықтады. Жақында әлеу­меттік желіде «бізге жақыны кім, Альварес пе, Головкин бе?» дегендей сауалнама жүрді. Мұның жауабын халық өзі бере жатар.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ