Қазіргі таңда Түркістан облысында мал ұрлығы бойынша ұрлық-қарлық өршіп тұр. Мәселен, өткен жылы ұрланған мал саны 2 357 болса, оның 763-і иесіне қайтарылды. Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков 50-ден астам тұрғынды қабылдап, аяқсыз қалған арыздары мен өтініш-тілектерін тез арада шешу бойынша департаментке қарасты тергеу, кадр, әкімшілік полиция басқармалары және тағы басқа тиісті басшылар атқаратынын жеткізді. Қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі мал ұрлығы аясында арыздарын жеткізді. «Мал ашуы – жан ашуы» демекші, малын ұрлатып, ашуға мініп келген Кентау қаласына қарасты Нұртас ауылының Төрехан Арысбеков, Қалбай Бейсенбайұлы бастаған бір топ тұрғындары арыз-шағымдарын жеткізді. Малының қолды болғанына көп уақыт өткенімен, әлі дұрыс нәтиже болмай жатқанына қынжылып тұр. «Қазір жұрт жоғалған малының табылатынына сенбейді. Тіпті, малы жоғалғандар арыз жазғылары да келмейтін болды. Өйткені мал ұрлығы бойынша қозғалған істің барлығы дерлік ашылып жатқан жоқ», – деді ақсақалдар. Тұрғындардың айтуынша, мал ұрлығы негізінде ірі қара мен аяқты мал – жылқы ұрлығы асқынып тұр. Ұрылардың дандайсығаны сонша, тіптен үйірлі жылқыға ауыз салатын болған. Қайрат Дәлбеков мал ұрлығы бойынша қылмыскер ұсталғанымен, мал иелері мен ауыл тұрғындары ара түсіп, өздері кешірім беріп, ымыраға келулеріне байланысты қылмыскер бостандыққа тез шығып кететінін жеткізді. Осы мәселеге байланысты облысқа қарасты барлық қала, аудандарға барып, кездесу өткізетінін жеткізді. Мал ұрлығына қатысты жағдайды толығырақ білмек болып, облыстық полиция департаментіне хабарластық. «Қазіргі таңда ұрлық-қарлық біртіндеп дендеп барады. Ұрлық түбі – қорлық екенін көпшілік білсе де, пендешілікке салынып, тура жолдан адасады. Кейбіреуді ұрлыққа баруға кедейшілік мәжбүрлесе, енді бірі бұл қылмысты кәсіп көзіне айналдырған. Әсіресе, қазіргі кезде ауылдағы ағайынның жалғыз күнкөріс көзі болып отырған төрт түлік – ұрылар үшін оңай олжа табудың жолы болып отыр. Жекелеген елді мекендер мен аудандарда жергілікті жедел-профилактикалық тексерістер ұдайы өткізіледі. Нәтижесінде, 2019 жылдың 12 айы ішінде 641 мал ұрлығы тіркеліп, мал ұрлығымен айналысқан 23 қылмыстық топ құрықталды», – дейді баспасөз қызметі. Мал ұрлығын жедел ашу мақсатындағы атқарып жатқан жұмыстардың қатарында, жалпы чат деген әдісті де пайдалануда. Яғни, заңсыз тасымалданған мал полицейлер тарапынан анықталып, бейнетіркегіштерге, суретке түсіріліп, арнайы чатқа жіберіледі. Мал ұрлығы туралы арызданып келген азаматтарға чаттағы бейнежазбалар мен суреттер көрсетіледі. Бүгінгі таңда мұндай әдіс өз нәтижесін беруде. Өткен жылы тексерілген мал саны – 4 966 бас жылқы, 12 048 сиыр, 9 312 уақ мал, 31 бас түйе. Созақ ауданында жоғалған бір топ түйе мен Келес ауданында жоғалған 18 бас жылқы иесіне қайтарылды. Мал ұрыларын ұстауда облыс полицейлері «Мал ұрлаушы», «Мал ұрлығына тосқауыл», «Арқан» және т.б. шараларды жүзеге асырып келеді. Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы