Атыраулықтар екі күннен бері түтіннің құрсауында күн кешіп жатыр. Қамыстың өртенгенінен қалада қозғалыс қиындап, тіпті мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқуға ауыстырылды. Түтінге тұншыққан қалалықтар Атырауда төтенше жағдай жариялауды талап ете бастады. Ендігі бір топ «экологиялық ауыр жағдайдан зардап шегіп отырған атыраулықтың әрқайсысына өтемақы төленуі тиіс» деп мәселе көтеріп жатыр. Бірақ олардың үніне жергілікті билік те, жауаптылар да құлақ салар емес.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаевтың айтуынша, 2 сәуірдегі жағдай бойынша, өрт Каспий теңізінің жағалауындағы 89 гектар аумақты шарпыған.
«Қамыстың неден өртенгені әзірге белгісіз. Қазір Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіріп жатыр. 3 сәуір күні таңертеңгісін 82 гектар жердегі өрт сөндірілді. Желдің екпінінің қатты болуына және өрт шыққан аумақтың батпақты болуына байланысты, қамыс өртін сөндіру жұмыстары қиындық тудырып жатыр. Себебі қиын аумақтарға автокөліктер бара алмай отыр», – дейді Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Ақтаев.
«Ақ Жайық» резерватының өкілі Ғани Ағыбаев қамыс өртіне адами фактор себепкер болуы мүмкін екенін айтады. «Жексенбі күні Атырауда жаңбыр жауып, найзағай ойнамағанын ескерсек, өрттің шығуына адам себеп болуы мүмкін. Қорық басшылығы құқық қорғау органдарына кінәлілерді анықтау туралы арыз жазды. Қазір тергеу амалдары басталды», – деді Ғани Ағыбаев.
Жергілікті билік төтенше жағдай жариялауға негіз жоқ дегенімен, атыраулықтардың үрейі ұшып отыр.
Мұнайлы қаланың байырғы тұрғыны Талжібек Қажығалида Атыраудың апатты жағдайына алаңдаулы. «Мен балаларымның, өмірі енді басталып, желкілдеп өсіп келе жатқан немере-жиендерімнің болашағына алаңдаймын. Көк түтіннің салдарынан үй ішімізбен тамағымыз бітеліп, жөтеліп жатырмыз. Есік-терезені жауып отырсақ та, түтіннің исі үйге кіреді. Анау-мынауға шыдас беретіндердің бірі едім. Бірақ мына өрт пен оның алдындағы күкірттің ауаға таралуы алаңдатып қойды. Атыраудың экологиялық ахуалын реттейтін органның болмағаны ма?» – дейді ол.
Атыраулық Ғизатолла Отарұлы қала іргесіндегі резерваттағы қамысты мүлде шауып тастау керек деген пікірде.
«Атыраулықтарға таза ауа қашан бұйырады екен? Өрт резерваттағы қандай да бір олқылықтың ізін жасыру үшін әдейі қойыла ма? Неге сол қамысты шауып, жиһаз жасауға мүмкіндік бермеске?» – дейді Ғизатолла Отарұлы.
Эколог Қарлығаш Ещанова ауаның ластануы ең алдымен адамның өміріне қауіп екенін айтады.
«Оның залал-зияны қазір сезілмегенімен, уақыт өте байқалуы мүмкін. Далаға киіп келген киімдерді иіскеп қарасаңыз, өртенген ағаштың күлімсі иісімен бірге, күкірттің иісі де қоса шығып тұрғанын байқауға болады. Ауаның ластануынан ең алдымен адамның бауыры зардап шегеді. Адамның ағзасында купфер жасушасы бар. Бұл жасуша ағзаны токсиндерден тазарту қызметін атқарады. Бірақ бауырдың ластану деңгейі ұлғайған сайын купфер жасушалары улы заттарды шығарып үлгермейді. Осының салдарынан адамның ағзасы уланады. Бас айналу, құсу, жүрек қысылуы бұл бастапқы белгілері ғана. Әрі қарай адам демікпе дертіне шалдығуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда үйден шықпауға тырысу керек. Және үйдің көбірек жуып тазалаған дұрыс. Мұрынды тұзды сумен шаю қажет», – дейді эколог маман.
Экологтың сөзінің жаны бар. Өткен аптада Атырауда күкірт таралып, оның арты өртке ұласып жатқанын ескерсек, созылмалы ауруға шалдыққан қалалықтардың жағдайы туралы ойлаудың өзі қорқынышты.
Атырау облыстық жедел жәрдем орталығынан білгеніміздей, ауаның ластануы салдарынан 22 адам жедел медициналық көмекке жүгінген. Бас айналып, құсуға шағымданып жатқандардың көпшілігі созылмалы дертке шалдыққандар екен.
Әшейінде «мұнайлы астана» деп кеуде керетін Атыраудың экологиялық ахуалы сын көтермейді. Өткен аптада ғана Атырауда облыс әкімдігі жанынан құрылып жатқан арнайы комиссияның отырысы өтті. Сол жиында аты дардай облыстық Экология департаментінде ауаның ластануын анықтайтын заманауи құрылғылар жоқ екені айтылды. Төтенше жағдайлар департаментіндегі жол талғамайтын көлік те өртеніп кеткен. Соның салдарынан өрт сөндірушілер қамыс өртін сөндіруге дер кезінде жете алмаған.
Қысқасы, бір күні күкірт тараған, түтіннен тұншыққан Атырау халқының жағдайы алаңдатарлық. Әйтсе де, жауаптылар бұған бас қатырмайтындай.
Бет қатталып жатқанда:
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев мәселені шешудің кешенді жоспарын таныстырғандай болды. Өңір басшысының орынбасарының айтуынша, Каспийдің солтүстік жағалауында аң аулауға, балық аулауға тыйым салынып, резерваттың аумағы үлкейтілмек.
«Ақ Жайық» резерватын Экология министрлігі балансынан Атырау облысы әкімдігінің балансына беруді қарастыру туралы ұсыныс берілді. Қорық жергілікті әкімдіктің балансына берілсе, қажетті жабдықтар, құрылғылар алынып, штат қарастырылады. Бұған дейін өрт сөндірумен айналысқан тікұшақ апатқа ұшырады. Сондықтан өрт сөндіруге арналған жаңа тікұшақ алу жоспарланып отыр. Және өртті ерте анықтауға арналған шаралар қабылданады», – дейді Ж.Бисембиев.