Дертке дауа, қалтаға салмақ
Дертке дауа, қалтаға салмақ
734
оқылды
Соңғы онжылдықта дәрі-дәрмек бағасы тоқтаусыз өсті десек, жаңсақ айтқанымыз емес. Бұл жолы тағы да жыл басы қымбатшылықпен басталды. Айналдырған бір жылдың ішінде баға 13,6 пайызға өскен. Дегенмен бұл әлі басы секілді, өйткені алдағы уақытта кей препараттар 5 есеге дейін қымбаттауы мүмкін. Бұған Денсаулық сақтау министрлігінің бекіткелі отырған жаңа өзгерісі себеп. Сонымен, мәселенің жай-күйіне үңілсек. Тіркеудің түбі тоқырау ма? Таяуда елдегі ақпа­рат құ­ралдары «Қазақстанда дәрі-дәрмек бес есе қым­баттауы мүм­кін» дегенді жазды. Әйтсе де, бұлай байбалам са­лудың негізі жоқ емес. Бұндай пі­кірді басқа емес, отандық фар­мацевтика компаниялары таратып отыр. Себебі Денсаулық сақтау ми­нистрлігі дәрі бағасына әсер ете­тін өзгерістерді бекіт­пекке қам­данды. Мұның ақыры қым­батшылық пен саладағы биз­нестің жабылуына әкелуі мүмкін екені сан мәрте айтылды. Ол қандай өзгеріс? Жалпы, елімізде 126 фарма­цевтика кәсіпорны бар. Мәселе дәрі-дәрмектерде, әсіресе май­лар мен ерітінділерге қатысты. Салаға жауапты министрлік импорттық фармацевтикалық суб­станцияларды тіркеу мен сер­тификаттаудың жаңа талаптарын енгізбек. Оны нормативтік-құ­қықтық актілерді тексеру бары­сында тіркеу ұсынылған. Отан­дық фармацевтика өндірісі атал­ғанымен, компаниялар дәрі-дәр­мекке қажетті шикізаттың 99,9 пайызын шетелдерден ал­дыртады. Барлық шикізат Еуро­падан, Қытайдан, Ресейден өн­діруші зауыттардың халықаралық сертификаттары бойынша әке­лінеді. Енді қараңыз, онсыз да халықаралық сертификатпен келген шикізатты елімізде тағы тіркеуден өткізу енгізілмек. Алай­да жергілікті тіркеу ұзақ уа­қытқа созылып қана қоймай, қымбат процедура саналады. Әсіресе, аз мөлшерде өндірілетін сирек препараттар үшін шикізат қажет болса, мәселе тіпті қиын­дамақ. Ал жаңағы айтқан уақыт пен ақшаға шығындалатын отан­дық компаниялар болмақ. Онсыз да отандық өндірістің алға басуы қиындап жатқанда, «жығылғанға жұдырықтың» кебі. Бұдан соң қосымша шығынға батқан компаниялар бағаны бір­неше еселеп өсіруі мүмкін не­месе жабылып тынады. Қазір фарм компаниялардың басшылары дәрі-дәрмектерге қосылатын субстанцияларды тіркеуден өткізу қымбатшылыққа алып келетінін қайталап әлек. Мәселен, Қарағанды облысының жергілікті дәріханалары мен ауруханаларына фармацевти­калық өнімдерді шетелден жет­кізетін жалғыз ғана бизнес өкілі бар. Кәсіпкер Ольга Цейцтің ай­туынша, халықаралық тір­кеуден өткен дәрілік қоспалар­ды елімізге әкеліп, оны қайта тіркеу түбі бизнестің жабылуы­на әкеледі.
«Тіркеуді енгізсе, бизнесіміз тоқтайды. Өйткені дәрілік қос­палардың бағасы екі, тіпті бес есеге дейін шарықтап кетуі ық­тимал. Ал қымбат дәріні кім ала­ды? Сондықтан бұл өзгеріс бізге мүлде тиімсіз», – дейді ол.
Ескерусіз қалған екінші жайт Бір қызығы, елімізде дәрілік субстанция жасайтын бір де бір зауыт жоқ. Сондықтан бәрі шет­елдерден алынады. Сөйте тұра, Денсаулық сақтау министрлігінің тіркеу жайында сөз қозғауы ра­сымен қисынсыз көрінеді. Қа­зақстандық кәсіпкерлер қауым­дастығының президенті Ермек Әбілдиннің де сөзі осыған саяды. Оның айтуынша, онсыз да ха­лықаралық талаптарға сай, тір­кеуден өткен қоспаны елімізде қайта тізімге енгізу әрекеті қа­рапайым жұрттың да қалтасын қағады.
«Халықаралық стандарттарға сай келіп тұрса, неге ол Қазақ­станда тағы да тіркеуден өтуі керек. Бұл әрине бірінші кезекте кәсіпкерлердің қалтасын қаға­ды, көптеген шығындар кетеді. Онымен қоймай, сол шығын­дардың бәрі қарапайым ха­лық­тың, тұтынушылардың да шы­ғындануына әкеліп соғады», – дейді.
[caption id="attachment_247569" align="aligncenter" width="1327"]дауа © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Кәсіпкерлер айтып жатқан талап-тілек Денсаулық сақтау министрлігіне де жетіп үлгерген. Әйткенмен, олардың айтып отыр­ған дүниесі басқа. Сайып келгенде, еліміздегі дәрі-дәр­мек өндірісімен айна­лысатын 126 ұйым­ның алаңда­уы­на негіз жоқ еке­нін ­мә­лімдеген. Атал­ған ведом­ствоға қа­расты Фармацевтикалық қызметті ба­қылау басқармасының басшысы Ерік Құлшанов тіркеудің жайын кәсіпкерлер жөнді түсінбегенін жеткізіпті.
«Субстанцияны растайтын тиісті құжаттары болса, пре­параттарды қайта тіркеуден өт­кізудің қажеті жоқ. Ал ешқандай жерде тіркеуден өтпеген дәрілік препараттар елімізде міндетті түрде тіркелуі керек», – дейді.
Әйткенмен, бұл мәселеде біржақты көзқарас ұстануға да болмайды. Пандемия өршіген тұста мамандар халықаралық тіркеуден өтпеген, дәріханаларда емін-еркін сатылып жатқан препараттар болуы мүмкін еке­нін хабарлаған. Сол кезде елі­мізде де дәрі-дәрмекті тіркеудің қажеттілігі жөнінде әңгіме қоз­ғалған еді. Шамасы, ми­нистрлік қауіпсіздік жайын, ал кәсіп­керлер қаржылық жағдайды ойлап отырған көрінеді. Осы­лайша, бір қайшылықтың шеті шығуда. Қорыта айтқанда, фарма­цевтика компаниялары ха­лықаралық дәрежеде тіркеуден өткен субстанцияларды елімізде қайта тіркейтін болса, дәрі-дәрмек бағасы 5 есеге дейін қым­баттайтынын пайымдап отыр. Бұның ақыры халықтың да қалтасын қағатыны даусыз. Де­генмен халықаралық серти­фат­тары бар препараттарды еліміз­де тіркеудің қажеті жоқ болса, әңгіме басқа, онда кәсіпкерлер айтқандай баға еселеп арта қоймас. Айналып келгенде, қос тараптың мүддесі орынды. Тек екі ортада дертіне дауа іздегендер сабылмаса болғаны.