Жау жоқ деме, жар астында...
Жау жоқ деме, жар астында...
1,067
оқылды
Елдің шетінде, желдің өтінде тұр­ған Петропавл қаласында ат төбе­лін­дей бір топ адам өздерін Қазақстан Республикасын мемлекет ретінде мо­йындамайтынын, өздерін Қазақ­стан азаматтары деп танымайтынын айтып, «Халықтық кеңес» құратынын жариялағаны бүгінде ел ішінде дүрбелең туғызып, қызу талқы­лану­да. Бір жақсысы, оларды қолдап, соңынан ерушілер байқалмайды. Тиісті органдар дер кезінде қимылдап, іс қозғады. 30 наурыз күні кешкісін әлеуметтік желілерде және You Tube арнасында бір топ петропавлдықтың 19 наурыздағы бейнематериалы кеңінен тарады. Онда олар Қазақстан Республикасын мемлекет деп, өздерін Қазақстан азаматтары деп танымайтынын, «Қалалық кеңес» құру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Бұл топтың мүшелері өздерін Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының азаматтарымыз деп санайды. Олар 19 наурыз күні өздерінің «жиналыс-сымақтарын» өткізіп, онда Петропавл қаласы еңбекшілері халықтық кеңесінің төрағасын, хатшысын тағайындап, декларациясы мен жарғысын қабылдаған. Сондай-ақ осы жиында өздерінің мөрін, рәмізін бекітіп, жеке куәліктерінің жоба­сын да қарастырыпты. Мұның бәрін өзде­рінің сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшасында ашықтан-ашық жария­лаған. Құжаттарының бас жағында «Сол­түс­тік Қазақстан облысы Петропавл қа­ла­сы­ның еңбекшілері халықтық кеңесінің декларациясы не №1хаттамасы. КСРО, Қазақ КСР-і, Петропавл қаласы» деп жазылған. Декларация мәтінінде: «Біз, ерлер мен әйелдер, Еңбекшілер, Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының тұрғындары, Ұлы Отан соғысы-Екінші дүниежүзілік соғыс жеңімпаздарының ұрпақтары мен мұрагерлері, Жер планета­сында тұратын, абыройы, ар-ожданы, қадір-қасиеті мен парасаты бар, барлы­ғының әл-ауқаты мен бейбіт, достық қарым-қатынасын дамыту үшін жағдай жасау қажеттігін біле отырып, ұлттарды нәсіліне, түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де сенімдеріне, сондай-ақ рушылдық, ұлттық немесе әлеуметтік тегіне, мүліктік, таптық немесе өзге де жағдайына қатысты бөлмей, Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясын негізге ала отырып, Қазақ КСР-і халқы­ның ерік-жігерін, бостандығы мен құқық­тарын сақтау шешіміне сүйене отырып, сондай-ақ, өз өмірі үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, 2023 жылғы 19 наурызда туған жеріміз – Солтүстік Қазақстан об­лы­сы­ның Петропавл қаласында жиналып, «Қазақстан Республикасы» корпорация­сының акционерлеріне, агенттеріне осы еркімізді білдіреміз және Солтүстік Қа­зақ­стан облысы Петропавл қаласы еңбек­ші­лерінің халық кеңесін жариялаймыз және осы декларацияны қабылдаймыз», – делінген. Одан әрі мәтінде Кеңес Одағындағы және елдегі қаржы-сауда саласының та­рихы және басқа да мәліметтер келтіріліп, кейін Қазақстандағы жағдайға риза емес екендіктері жазылған. ЖАСАҒАНЫ – ХАЙП, ЖИНАҒАНЫ – ЛАЙК Әңгімені әріден бастар болсақ, дәл осы топ бұған дейін де елдегі әлеуметтік жағдайға байланысты өз наразылығын бірнеше рет білдірген. Ең алдымен, әлемді коронавирус жайлаған кезде халықты жаппай вакцинациялауға қарсы шықты. Антиваксерлер ретінде танылған шоғыр одан соң Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін АҚШ-тың Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға берілуімен келіспей өре түрегелді. Ондағы алға тартқандары – Аризона университеті ЛГБТ қозғалысын насихаттайды-мыс. Олар Парламент Мәжілісінің депутаты Дмитрий Колода­ның «AMANAT» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалындағы қа­был­дауына да жүгініп, мектеп оқушы­ларын тегін тамақтандыру, білім меке­ме­леріне кіре берістегі турникеттерді алып тастау, коронавирусқа қарсы вакцинация­лауды тоқтату, бетперде тағып жүруді тыю туралы сұрақтар қойған. Партия филиалы­ның баспасөз хатшысы Ілияс Сәбдіновтің айтуынша, онда олар мектеп оқушыларын тегін тамақтандыру, білім мекемелеріне кіре берістегі турникеттерді алып тастау, коронавирусқа қарсы вакцинациялауды тоқтату, бетперде тағып жүруді тыю тура­лы сұрақтар қойған. «Осы топтың мүше­лерін қабылдау таң атқаннан кеш батқанға дейін жалғасты. Дмитрий Колода бұл мәселелерді зерделеп, кейін жауап беріле­тінін айтты. Одан соң біз бұл мәселелерді тиісті мекемелерге жолдадық. Жүгінген адамдарды келген жауаптармен таныс­тырдық. Олар қанағаттанды», – дейді Ілияс Сәбдінов. Декларациясының сиқына қарағанда, қанағаттанбаған сыңайлы. Онда олар елде халыққа қарсы диверсия көзге ұрып тұр дейді. Одан әрі өздері бұған дейін көтеріп жүрген мәселелерді тізіп жазған. Олардың ойынша, осының барлығы «адамзатты дамытуға емес, оның деградациясына бағытталған іс-шаралар. Адамгершілік құндылықтар мен отбасын жоюға, сондай-ақ тууды азайтуға бағытталған. «Қазақстан Республикасы» корпорациясының құрылымдары мұның алдын алмай отыр. Кеңестік білім беру жүйесі деструктивті оқулықтар бойынша оқытатын шетелдік суррогат стандарттарға алмастырылды, ал жоғары, техникалық және кәсіптік білім қаржылай пайда табу құралына айналған. Азық-түлік сапасы кеңестік талаптарға сәйкес келмейді, сөрелер халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тауар­ларға толы. Бір кездері тегін медицина да бизнес саласына айналды», – дей келіп, вакцинаға қарсылығын, өзге де мәселе­лерді тізбектеп кете береді. Он шақты адам осындай мәселелерді көтеріп, был­тыр­дан бері ара-тұра хайп қуып жүре-тұғын. Осы жолғы бейнежазбасы пайда бол­ған кезде де мұны кезекті хайп деп ой­лап қалғандар бары рас. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ Кейін бұл бейнежазба алаңдатарлық жайтқа айналды. Осы факті бойынша Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті Қылмыстық кодекстің 180-бабы 2-тармағы бойынша іс қозғады. Яғни, бейнежазба авторлары сепаратистік қызмет үшін айыпталып, сотқа дейінгі тергеу басталды. ҰҚК облыстық департа­ментінің мәліметіне қарағанда, тәуелсіз сарапшы Р. Акбарованың алдын-ала баға­лауы бойынша бейнежазбада Қылмыстық кодекстің 179, 180-баптарында қарас­тырыл­ған «Билікті басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру не ҚР кон­ституциялық құрылысын күштеп өзгерту» және «Сепаратистік қызмет» деген қыл­мыс­тардың белгілері бар. «Қазіргі уақытта топта 30-ға жуық адам бар, олардың жетеуі белсенді. Топ өкілдері өздерін КСРО азаматтары деп санайды, ҚР азаматтығын мойындамайды, осыған байланысты өз айналасына ұқсас көзқарасты ұстанатын адамдарды шоғырландырады (негізінен славян ұлтының өкілдері) және билік өкілдеріне қысым жасайды», – делінген ҰҚК департаментінің хабарламасында. Бас прокуратура таратқан ақпаратқа сәйкес, ҰҚК және облыстық полиция департаменттерінің тергеушілерінен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. «Іс жүргізетін прокурорлар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жедел-тергеу іс-шара­лары, оның ішінде тінту мен тәркілеу жүр­гізілуде, сондай-ақ тиісті сот сарап­тама­лары тағайындалды. Тергеу барысы Бас прокуратураның бақылауында» деген прокуратура өкілдері заң бойынша өзге ақпаратты таратпай отыр. Ұзынқұлақтан белгілі болғанындай, кінәлілер үйлеріне жіберілген. Ешқайда кетпеу туралы қолхат бар-жоғы белгісіз. Сол екі ортада бүйрек­тен сирақ шығарған шоғыр басқа бейне­жазба жариялап, онда «Бәсе» арнасы жала жапқанын айтып, ел Президентінен көмек сұрады. Айта кету керек, бүйректен сирақ шығарып жүргендердің арасында сыбайлас жемқорлық үшін темір тордың арғы жағында жазасын өтеп шыққан экс-шенеунік, есірткі қылмысы үшін сотталған блогер, жеке кәсіпкер және білім сала­сының қызметкерлері бар. ҰЛТ ТҰТАСТЫҒЫНА ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ Үй ішінен үй тікпек болғандардың қы­лы­ғы көпшіліктің наразылығын тудыр­ды. Олар бұл сұрқия саясатқа қарсылығын ашық білдіруде. Айтыскер ақын, өңірге Моңғолиядағы қандастарды көшіріп әкелумен айналысып жүрген Жарқын Жұпархан көші-қон саясатына ерекше назар аударуды қажет санайды. «Бұл жайт ұлт болып ұйысу керектігін көрсетті. Кезінде қазақ даласына тентіріп келгенде құшақ жая қарсы алып, бауырына басып, бір үзім нанын бөліп беріп, ұлтына қара­май, мекендеп қалуына жағдай жасаған қазақ халқы еді. «Қасқырдың күшігін қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды» дегендей, төрімізге шығарғандар төбемізге шыға бастады. Бұл – біздің Тәуелсіз­дігімізге, ұлт тұтастығына жасалып отыр­ған тікелей шабуыл. Мұндай жағдай тағы да қайталанбас үшін бабаларымыз аманат еткен ата қонысымызды көзіміздің қара­шығындай қорғап, жат пиғылдылардан тазарту керек. «Жау жоқ деме, жар астын­да, бөрі жоқ деме, бел астында» екендігін сезініп, әр қазақтың баласы бір атаның баласындай бірігіп, күн санап босап жатқан теріскейдегі шекаралас ауылдарды қаракөз қандастарымызбен толтыру жолында аянбай еңбек етуіміз парыз. Бұл – біздің Тәуелсіздігіміздің алдындағы перзенттік парызымыз, азаматтық міндетіміз. Ел сенімін арқалап, Мәжіліске сайланған жаңа депутаттарымыз бен қайта тағайындалған Үкіметіміз ішкі және сыртқы көші-қон саясатына ерекше назар аударып, нақтылы қадамдарға баруы керек. Бұл – Тәуелсіздігіміздің баянды ету жолындағы азаматтық міндетіміз. Ел іргесі сөгілмесін десек, бүгін атқарылатын істі ертеңге қалдырмағанымыз жөн», – деген пікірін білдіре келе, Жарқын Жұпар­хан ішкі көші-қон саласында көп мәселе сөз жүзінде ғана қалып отыр­ғанына, заңда көрініс таппағанына, қи­ын­­дықтың көптігіне налыды. Айта кету керек, халықтық кеңес құру­шы­ларға қарсы пікір білдірушілер арасын­да қаракөз қазақтар ғана емес, өзге ұлттар­дың өкілдері де бар. Жеке кәсіпкерлер, жергілікті жердегі депутаттар, заңгерлер, журналистер және басқаларының пікірі бір жерден шықты: ұлт бірлігіне нұқсан келтіріп, ел Тәуелсіздігіне балта шаппақ болғандарды аямау керек. Олардың барлығы да елдегі бейбітшілікті сақтап, арандатушылыққа жол берілмейтінін айтуда. Облыстық мәслихаттың депутаты Галина Семенова: «Мен Қазақстанда туып-өстім, ата-бабамның сүйегі осында жерленген. Мен үшін ең қымбатты мен қадірлінің барлығы – осында. Мен өз Отанымды өте жақсы көремін. Өз қара басым Отан да анаң сияқты жалғыз деп санаймын. Сондықтан да аса қымбат. Мен оны күш-жігерім жеткенше қорғаймын. Бүгінде «халыққа қамқорлық жасамақ» болып, қой терісін жамылған қасқырлар елдің егемендігіне нұқсан келтірмекші. Бұған жол беруге әсте болмайды! Бала­ларымыз бен немерелеріміздің болашағы үшін ең басты құндылығымыз – бейбіт өмірді сақтайық!» – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, журналист Юлия Пронина бір топ адамның өз тәуелсіздігін жарияла­уы – шектен шығушылық деп есептейді. Қоғам белсенділері алауыздық тудыр­мақ болғандарды қатаң жазалау керектігін айтып отыр. Облыстық прокуратура істің барысынан хабардар ететінін жеткізді.

Солтүстік Қазақстан облысы